Өміріңізді қатерге тікпеңіз!

Жаз мезгілінің келуі жолаушылар санын бірнеше есе арттыра түседі, соған сай станция басында адам нөпірі көп болады. Алайда, жолаушылар да, станция маңында тұратын елді мекен тұрғындары да темір жолдан өтуге болмайтынын, оның қауіпсіз аймақ екенін естен шығарып ала беретіндей. Олай дейтініміз, пойыз жолынан өту тыйылмай тұр, оның үстіне мектеп оқушыларының жазғы демалысқа шығып, вокзал басын кезіп жүруі теміржолшылар жұмысын еселетіп жіберді.

Биылғы жылдың өткен айларында теміржолда адам басып кету оқиғасы өткен жылға қарағанда төрт жағдайға өсіп отыр. Сол себепті, үлкендерден балаларыңызды қараусыз қалдырмай, олардың теміржол бойында ойнауына жол бермеуін қадағалауын сұраймыз. Олар вагондарға шығып, тас лақтырып, жолға бөтен заттарды қойып кетеді. Ойынның арты орны толмас өкінішке қалдыруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Мәселен, Қостанайда бір бала пойыз төбесіне шығам деп жоғары вольтты электр желісіне денесі тиіп кеткен, ақырында сол жерде жан тапсырған. Қарағанды облысында бір ер адам түнде келе жатқан пойыздың алдынан өтем деп, пойызға басылып, денесі екіге бөлініпті. Мұндай жағдайларды айта берсе, көптеп келтіруге болады. 
Жуырда «Тальго» жүрдек пойызы шыққандығы туралы хабарланды. Алматы-Атырау арасына қатынайтын ол пойыз күнара жүреді және оның жылдамдығы бұрынғы пойыздардан екі есе артық, сағатына — 140 шақырым. Мұндай жылдамдықпен келе жатқан пойызды кілт тоқтату мүмкін емес, тоқтатқанның өзінде ол мың метрдей сырғанап барып тоқтайды. Аталған пойыз Атырау станциясына, яғни вокзалға келіп тоқтайды. Сондықтан, енді жолаушылардың да, жаяу жүргіншілердің де өте сақ болып, арнайы көпірмен өтуі сұралады. Өз өміріңізді қатерге тікпеңіз, қадірлі жүргіншілер!

Мақсот ЛАКИБАЕВ,
Атырау станциясының
бас инженері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз