Өміріңізді қатерге тікпеңіз!
Биылғы жылдың өткен айларында теміржолда адам басып кету оқиғасы өткен жылға қарағанда төрт жағдайға өсіп отыр. Сол себепті, үлкендерден балаларыңызды қараусыз қалдырмай, олардың теміржол бойында ойнауына жол бермеуін қадағалауын сұраймыз. Олар вагондарға шығып, тас лақтырып, жолға бөтен заттарды қойып кетеді. Ойынның арты орны толмас өкінішке қалдыруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Мәселен, Қостанайда бір бала пойыз төбесіне шығам деп жоғары вольтты электр желісіне денесі тиіп кеткен, ақырында сол жерде жан тапсырған. Қарағанды облысында бір ер адам түнде келе жатқан пойыздың алдынан өтем деп, пойызға басылып, денесі екіге бөлініпті. Мұндай жағдайларды айта берсе, көптеп келтіруге болады.
Жуырда «Тальго» жүрдек пойызы шыққандығы туралы хабарланды. Алматы-Атырау арасына қатынайтын ол пойыз күнара жүреді және оның жылдамдығы бұрынғы пойыздардан екі есе артық, сағатына — 140 шақырым. Мұндай жылдамдықпен келе жатқан пойызды кілт тоқтату мүмкін емес, тоқтатқанның өзінде ол мың метрдей сырғанап барып тоқтайды. Аталған пойыз Атырау станциясына, яғни вокзалға келіп тоқтайды. Сондықтан, енді жолаушылардың да, жаяу жүргіншілердің де өте сақ болып, арнайы көпірмен өтуі сұралады. Өз өміріңізді қатерге тікпеңіз, қадірлі жүргіншілер!
Мақсот ЛАКИБАЕВ,
Атырау станциясының
бас инженері.