Үкімет басшысы атыраулық студенттермен кездесті
Бүгін Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжін аралағаннан кейін жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерімен, студенттер ұйымдарының үздіктерімен, өңірдің жоғары және орта арнайы білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Atr.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында әлеуметтік және жастар саясатының өзекті мәселелері талқыланды. Бақытжан Сағынтаев болашақ мамандықтар бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыру жаңалықтарын ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жол картасын қабылдағанын атап өтті. Жол картасы студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету, бүгінгі таңда сұранысқа ие техникалық бағыттағы мамандарды дайындау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жол картасын орындау 2018 жылдың екінші жартысында алғашқы нәтижелерін бере бастайды.
Бақытжан Сағынтаев Төртінші өнеркәсіптік революция мәселелерін шешу үшін мамандарды даярлаудың маңыздылығын айтып өтті.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, осыған байланысты Қазақстанда 20 колледж іріктеліп алынады, олардың екеуі бүгінде жұмысқа кірісіп те кетті. Сонымен қатар инженерлік кадрларды, оның ішінде ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға ерекше басымдық беріледі.
Бұған қоса, оқу мезгілінде студенттерді үй-жаймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін Мемлекет басшысы 2022 жылға дейін кем дегенде 75 мың орынға арнап жатақханалар салуды тапсырды. Кездесу алдында Премьер-Министр жатақханалардың бірінің құрылыс барысымен танысты.
Талқылау барысында білім және ғылым министрі Е.Сағадиев білім алудың қолжетімділігін арттыру және жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту және техникалық мамандықтарға мамандарды даярлау туралы айтып берді. Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев Мемлекет басшысының бес бастамасын орындау мақсатында өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Кездесуде Аграрлық университет студенті Б.Жұмабай, Атырау мұнай және газ университетінің үшінші курс студенті С.Базарбек, Атырау политехникалық колледжінің студенті Б.Серікқалиев жаңа технологиялық өндіріс орындарында жұмыс істеуге әзірлік туралы айтып, «Серпін» жобасы аясында түрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, жаңа экономикаға арналған мамандарды дайындау бойынша Worldskills International қозғалысы мәселелерін қозғады. Ал колледжде әлеуметтік бастамаларды іске асыру туралы Атырау политехникалық колледжінің директоры Б. Шеркешбаева баяндады.
Бақытжан Сағынтаев мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша жауапты министрліктер мен өңір әкімдігіне нақты тапсырмалар берді», — делінген хабарламада.
Хорлан СМАДИЯР