ҚҰРЫШТАН ҚҰЙЫЛҒАН ҚЫЛЫШЫМ
Шойыннан құйылған
Құрыш інімсің,
Ғұмыры қынға түспестен
Сілтеніп өтетін
Қылыш інімсің.
Кей- кей кезде
Кей кезде
Атыраудың толқынындай
Көтеріліп ісініп
Өсіп бара жатасың,
Дүниені жындай
жұлқылап!—
Бірде тарқатып,
Бірде есіп бара жатасың.
Дауылды күнгі
құмдай бұрқырап
Алай- дүлей боп
Көшіп бара жатасың.
Сырдың суы сирағыңнан,
Жайықтың суы
жұлығыңнан келмей
Кешіп бара жатасың.
Ондай кезіңде,
Рахымжан айналайын,
Сенімен жүру
Кім- кімге де қиын болады.
Айналаң түгел
Үйіріліп, иірілген
Алау- далау
Құйын болады.
Сонан соң
Сабаңа түскен кезіңде
Сызылып тұратының- ай.
Майға піскен нан құсап
Жұп-жұмсақ боп
Үзіліп тұратының- ай.
Рахымжан, қарағым- ай!
Бірде тынығар тынысым,
Бірде асынып алатын
Қару- жарағым-ай!
Рахымжан,
Атырауда тұрып
Алатауға
Ат шалып қарай алатын
Айбатты азаматым,
Еліңнің қандай жүгін де
Көтеріп кетуге
Жарай алатын
Қайратты азаматым
Бар бол, айналайын,
Нар бол, айналайын!