ІЗГІЛІККЕ БАСТАҒАН ИГІ ІС
— Елімізде бүгінгі күнде ата дініміз – Исламның дамып, өркендеуі үшін көп жағдай жасалған. Бұл мемлекеттің осы салада жүргізіп отырған байсалды саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан, құдіреті күшті Алла тағаладан мемлекетіміздің тұрақтылығы мәңгі, халқымыз тыныш, жұртымыз аман болсын деп сұраймыз. Рамазан айы мүбәрак, ораза қабыл болсын, ағайын! Еліміздің тәуелсіздігі мен асыл дініміздің жасампаз рухы өркендей берсін,-деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы. — Осындай ізгілікті шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып, үлесін қосып жатқан барша азаматтарға, оған қолдау білдіріп, қоштаған ауыл ақсақалдарына ризашылығымды білдіремін.
Жалпы Рамазан айы мен ораза төңірегінде, осы айда келетін Қадір түніне, басқа да ізгі амалдар мен ғибадат-құлшылықтарға қатысты тағылымды да ғибратты әңгімелердің тіні тарқатылды. Ауызашар дастарқанына қатысқан шейх Мухаммед Жамалуддин Хашимнің айтқандарына да негізінен осы жайлар арқау болды. Әсерлі әңгімені одан әрі облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Еркінбек Шоқаев, ҚМДБ филиалы облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансуров, «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов, т.б. жалғастырды. Жамағатты имандылыққа, татулық пен ауызбірлікке шақырып, жақсылыққа үндеді, жылы лебіздерін жолдады. Өз кезегінде көпшіліктің атынан сөз алған ауыл үлкендері аталы сөздерін арнап, баталарын берді.
Жұмыскер селолық округінің әкімі Қайрат Хабиевтің айтуынша, бұл күнгі ауызашар дастарқанына жалпы саны 100-дің үстінде адам шақырылған. Осындай шара бұған дейін де бірнеше мәрте ұйымдастырылып, оған ауыл кәсіпкерлері, ауқатты азаматтар атсалысып, үлестерін қосқан. Сондай-ақ, ауыл мешітінің ұйытқы болуымен, ауылдастардың қолдауымен ғибадат үйінің ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі, теолог мамандар мен өзге де дін қызметшілері түрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің қатыстырылуымен имандылық сабақтарын өткізіп, діни дәрістер берген. Күнелтіс деңгейі төмен, жағдайы қиын отбасыларына азық-түлікпен көмектесілген. Мұндай игілікті істер ілгеріде де жалғасын тауып, өрісін кеңейте бермек.