ГҮЛДЕНІП, КӨРКЕЙЕ БЕР, АТЫРАУЫМ!
АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫНДА БІР ҚАЛА БАР…
Қазанның 4-і, Құрбан айтымыздың алғашқы күні облыс әкімдігі ғимараты алдында Атырау қаласының күні мерекесі басталып кетті. Мерекеге жиналғандарды Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев құттықтады. Ол өз сөзінде Атырау қаласына көрік беріп, қаланы Еуропа мен Азияға бөліп жатқан Жайық өзені, қаланың өткені мен бүгіні, ондағы әлеуметтік нысандар, архитектуралық жаңа ғимараттар турасында сөз қозғады. Шаһар басшысы, сондай-ақ, қала халқы ежелгі Атырау өңірінің ата-баба дәстүрі мен тарихына қылау түсірмей келе жатқаны туралы, мұнай қорының молдығынан «Мұнайлы астана» атануының тегін еместігі жайлы да айтты. Күні кеше Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы ХІ ынтымақтастық форумы өткенін, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық маңызы зор келісімдер жасалғанын да әңгімеледі. Өзінің құттықтауының соңында Нұрлыбек Жұмахметұлы қала тұрғындарына жемісті еңбек пен баянды бақыт тілеп, қаламыздың гүлденуі жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Қала әкімінің құттықтауын ілтипатпен қабылдаған көрермен қауым сахнаға ентелеп, «енді не боладымен» тұрды. Біздің көзіміз ұлттық нақыштағы ою-өрнекті ұзын шапан мен қызыл камзол киген ерлі-зайыпты адамдарға түсті. Жандарына жақындап барып, мән-жайды сұрадық.
— Біз Маңғыстаудан келдік, — деп бастады олар бізбен арадағы әңгімесін, — Есімім — Қобылан, жетпіс жастамын, мынау — Құдай қосқан жарым — Ақмаңдайлым, менен екі жас кіші. Біз он балалы, үлкен әулетпіз. Атыраумен құдамыз, осы қалаға екі бірдей қызымызды ұзаттық. Бүгін Құрбан айт мерекесіне орай құдаларымызға қонаққа келгенбіз. Ол, өзіңіз көргендей, қала күнімен тұспа-тұс келіп қалды. Қалаларыңыз тамаша. Келген сайын көңіліміз тоғайып, марқайып қайтамыз. Әсіресе, тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Бюджет қызметкері ретінде екі қыз-күйеуім де жалдамалы пәтерлі болыпты. Олардың қуанышына біз де ортақтасып жатырмыз. Кезінде елді аузына қаратқан шешен аталарымыз:
«Атың жаман болса,
Ішіңде арманың кетеді.
Балаң жаман болса,
Дәрменің кетеді.
Қатының жаман болса,
Үйіңнен мейманың кетеді.
Мейманыңмен бірге
Иманың кетеді» деген екен. Сол айтқандай, үйлеріңнен меймандарың, сонымен бірге имандарың кетпесін! Атырауларың жылдан-жылға құлпыра берсін!
АУЛАСЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ
«Қала көркі — өз көркің» демекші, туған қаламыздың әрі таза, әрі әдемі болғаны — баршамызға сын. Сәулетіне дәулеті сай, тұрғындары тәрбиелі де мәдениетті болса, бұдан артық жақсылық болар ма?! Осындай ізгі ниет пен ақ тілектен туған қаншама іс-шара қаламызда қолға алынып жатыр. Солардың бірі әрі бірегейі — тазалық айлықтарының тұрақты өтуі. Ал, туған Атырауымыздың 374 жылдығына орай қала әкімдігі бірнеше мәдени шараны қолға алды, соған сай түрлі байқау мен сайыс ұйымдастырды.
Қалада тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қала халқының бойында ұлтжандылық, рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, туған қалаға деген мақтаныш сезімін ояту, қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына, санитарлық тазалықты сақтауға үлес қосатын аулаларды анықтау, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіп ережелерін кеңінен насихаттау мақсатында Атырау қалалық әкімдігі мен қалалық ішкі істер, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармалары «Ең жақсы аула», «Ең жақсы кіреберіс», «Таза аула» байқауларын өткізген еді. Аталған байқауға пәтер иелері кооперативтері мен жеке тұрғын үй иелері қатысты. Үміткерлер фотоматериалдар мен жыл бойына атқарған жұмыстары туралы қысқаша эссе жұмыстарын ұсынды. Сондай-ақ, жеңімпаздарды анықтау барысында аталған аумақтардағы тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстары да ескерілген. Байқау жеңімпаздарын қала әкімдігі жанынан қалалық ішкі істер басқармасы, қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі, қалалық ішкі саясат бөлімі мамандары және тәуелсіз сарапшылардан құрылған арнайы комиссия анықтады.
Сонымен, «Ең жақсы аула» байқауының жеңімпазы — «КС-Бытсервис» пәтер иелері кооперативі, «Ең жақсы кіреберіс» байқауының жеңімпазы «Айдын» пәтер иелері кооперативі болып танылып, олар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, жеке тұрғын үй иелері арасында өткізілген «Таза аула» байқауының жеңімпазы болып қала тұрғыны Жақия Гумаров танылса, ынталандыру сыйлығымен Айбар Хамиев марапатталды. Бұларға қоса Айгүл Амангелдіқызының «Менің аулам» деген тақырыпта жазған эссесі үздік деп бағаланып, қала әкімінің арнайы дипломымен және бағалы сыйлығымен аталды.
Сайыс қорытындысымен жеңімпаз болғандардың бәрі де Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың өздеріне жолдаған ыстық тілегі мен зор марапатына ие болды.
«СПОРТ – НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ!»
Атырау қаласы күніне орай «Мұнайшы» спорт кешенінде қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Спорт — нашақорлыққа қарсы!» ұранымен балалар мен жасөспірімдер арасында годзю-рю, каратэ-додан қалалық ашық турнир өтті. Турнирге 26 салмақ бойынша 96 спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысында жүзден жүйрік болып Дамир Нұрбергенов (8-9 жас аралығы, 35 кг салмаққа дейін), Ибрагим Закарьяев (8-9 жас, 30 кг), Санжар Мұқан (10-11 жас, 40 кг) чемпион атанса, турнирдің ең үздік спортшысы болып Александр Калмыков танылды. Барлық жеңімпаз медальдармен, дипломдармен марапатталды.
Қала күніне арналған спорт сайыстары мен жарыстары мұнан әрі жалғасты. Айталық, қала әкімі кубогі үшін өткен шайбалы хоккей. Оған қаладағы әуесқой бес команда қатысып, өз бақтарын сынады. Турнир қорытындысында, бірінші орынды «Фанфары», екінші орынды «Прикаспий», үшінші орынды «Мұнайшы» командалары жеңіп алды.
Су добынан өткен қалалық ашық турнир де осы мерекеге орайластырылды. Орталық жүзу бассейнінде өткен бұл жарысқа Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының командалары қатысты. Жарыс қорытындысында бірінші орын Орал қаласы командасына, екінші және үшінші орындар атыраулық командаларға бұйырды. Сөйтіп, «Турнирдің ең үздік командасы» номинациясы бойынша дайындалған сыйлық Орал қаласы командасына табысталды.
Әдемі де, әсем қаламыз Атырауды екіге бөле ағып жатқан ерке Жайықта байдарка мен каноэда ескек есуден өткен жарыс өтті. Қала күніне арнап ұйымдастырылған бұл шараға да спортшылар құлшына қатысты. Жалпы саны елуге тарта спортшы қатысқан шара нәтижесінде «Турнирдің ең үздік байдаркада жарысушы» номинациясын Андрей Бакиров, «Ең үздік каноэда жарысушы» номинациясын Данийл Суханов иемденді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде шахматтан қалалық турнир өтіп, оған алпыстан астам шахматшы қатысты. Облыстық әкімшілік ғимараты алдында бір уақытта ойналатын шахмат сеансы ойынына келген шахматшылар Азия чемпионатының жүлдегері Ж.Амановпен кездесті. Ол мерекеге орай ұйымдастырылған шараның «Ең үздік шахматшысы» сыйлығын қарт майдангер Өтәлі Балғымбаевқа салтанатты жағдайда табыс етті.
Жастар арасында өткен күзгі атлетикалық кросс та туған қаламыздың күніне орайластырылды. Жарысқа қаланың колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Ұлдар арасында бірінші орынға — Амантұр Табылдиев (Атырау мемлекеттік университеті), екінші орынға Аманжан Манапов (Атырау мұнай-газ институты) және Айбол Бисембаев (Атырау мұнай-газ институты) ие болды. Ал, қыздар арасында бірінші орын — Альбина Ғасырбекқызы (Атырау мемлекеттік университеті), екінші орын — Айкөркем Алтыбай (гум.колледж), үшінші орын Ақмарал Шамшиденоваға (Атырау мемлекеттік университеті) бұйырды. «Ең үздік желаяқ» номинациясы Амантұр Табылдиевтың қанжығасына байланды. Осылайша барша жеңімпаз арнайы дипломдармен, медальдармен марапатталды.
АҚ КӨҢІЛ, КЕҢ ПЕЙІЛМЕН
Облыстық әкімдік алдында өткен мерекелік шараға келгендер арасында қаламыз бен облысымыздан, одан қалса көршілес жатқан қалалар мен алыс-жақын шетелден түрлі жұмыстарымен келген қонақтар аз емес болып шықты. Мәселен, өздерінің жеке шаруаларымен Атырауға ат басын бұрған құлсарылық Нұрыш, ақтөбелік Самал, астрахандық Мария, жамбылдық Дариға — бәрі өздерінің қала күні мерекесіне тап болғандарына қатты қуануда. Сондай-ақ, өңіріміздегі бірлескен кәсіпорын мен шетелдік компанияларда қызмет істеп жатқан қытай, кәріс, америкалық, африкалық, араб, түрік, неміс, тағы басқа ұлт өкілдері де жиі ұшырасады. Жергілікті өнер иелері мен республикалық «Кеш you» тобы ән шырқағанда, олар да сүйсіне тамашалады. Үш әнші қыздан тұратын топ пен жас әнші Әли Оқаповтың келгеніне қалалықтар дән риза болды.
Мерекелік шара соңы ұзақ атқылаған отшашуға ұласты. Туған күніңмен, ару қалам Атырау! Біз өзіңмен біргеміз!
Лиза СЕЙТІМОВА.