Елбасы жолдауы: меже және міндет

ZHoldau e1517308842286 Саясат

Цифрлы Қазақстан – уақыт талабы

Ерболат Даулетказиев

Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ, Қазақстан Коммунистік Халық  партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы: Президент Жолдауы Қазақстан халқының және билігінің алдындағы шешілуге тиісті мақсат-міндеттер, жоспарлар мен шаралардан тұрады. Ал, ондағы ең негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту.

Жаһанданған әлемде ешбір мемлекет экономикалық дағдарыстардан тыс қала алмайтыны белгілі. Жолдауда дағдарыс туралы айтып өткен Мемлекет басшысы соған қарамастан, әлемнің санаулы мемлекеттері қатарындағы Қазақстан әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын арттыра алғандығын мәлімдеді. «Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты» делінген Елбасы Жолдауында.

Қазір қол қусырып қарап отыратын кез емес, керісінше қарқынды даму кезеңі. Сондықтан, Қазақстанды цифрландыру жүйесі өзекті мәселенің бірі саналады. Президенттің Жолдауы арқылы ұсынылған ел дамуының негізгі бағыты – цифрландыру болып отыр. Қай салада болмасын, сандық жүйемен жұмыс жасау әлдеқайда тиімді. Біріншіден, уақытты үнемдесе, екіншіден заман көшімен жүреміз. Сондай-ақ, бұл үдеріс ғылым мен технологияның  дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Ашықтық – жүйелі істер бастауы

Токтамыс Жұмағұлов

Тоқтамыс  ЖҰМАҒҰЛОВ,  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы: Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауы – жаhандану дәуіріндегі қазақстандықтар үшін маңызды құжаттың бірі. Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміз әлемде орын алған дағдарыс пен саяси тұрақсыздыққа қарамастан отыз дамыған елдің қатарына кіру мақсатында нақты қадамдар жасады.

Маңызды құжатта «Тиімді мемлекеттік басқарудың» деңгейін көтеруге ерекше назар аударылған. Айталық, мемлекеттік қызметкерлер үшін факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізудің маңызы зор. Бұл жүйеге байланысты пилоттық жобалар қазір орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда іске қосылатын болады. Бұл жоба өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттырады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытындағы тиімді шаралар әрі қарай да жалғаса бермек. Ал, мемлекеттік органдардағы цифрландырылу процесі, яғни, қызмет түрлерінің электронды форматта көрсетілуі бойынша елімізде белсенді түрде жұмыстар жасалуда. Мәселен, өткен жылы мұнайлы өңірде екі миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілді.

Бұдан бөлек, Елбасы мемлекеттік органдардың ашықтығына және арыз-шағымдарды қарауда сапалы жауаптардың берілу керектігін де ескертті. Осы орайда департамент алдында тұрған стратегиялық міндеттерді нәтижелі орындап, қоғам санасын өзгертуге құштар жандармен байланыс орнату үшін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жеке парақша ашты. Сол арқылы біз Атырау тұрғындарымен кері байланыс орнатылды деп есептейміз. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыра түседі.

Сенім мен серпіліс

Сағынтай Тұрғарин

Сағынбай ТҰРҒАРИН, облыстық Әділет департаментінің басшысы: Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында маңызды мәселелер қамтылды. Жолдаудың әр бөлімінде нақты бағыттар мен айқын мақсаттар көрініп тұр.

Маңызды құжат – қоғамның жаңа сатыға көтерілуінің басты негізі, үкілі үміттердің берік тірегі. Бүгінгі жетістіктерімізді осыған дейінгі Жолдауларда көрсетілген міндеттердің тиянақты орындалуынан, оның жүзеге асырылуындағы рухани және қаржылық негізділігінің жемісі дей аламыз.

Құжаттың сегізінші және тоғызыншы бағыттарында мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс екендігі айтылады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналатындығы көрсетілген. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуы тиіс.

Сонымен қатар, сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін ережелер енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары жалғастырыла береді.

Сондықтан, Жолдау қағидаттарын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Өйткені, ашықтық пен сенім бар жерде серпіліс болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз