Жарнама
СаясатШаһар шырайы

Елбасы жолдауы – дамудың жаңа бағыты

Ақорда

Табиғи қорды тиімді пайдалансақ…

Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Атырау мұнай және газ университетінің бас ғылыми қызметкері: Елбасының 2002-2012 жылдардағы Жолдауларын Парламентте тыңдап, оны жүзеге асыруға, елге таныстыруға қатысқан болатынмын. Әр кезеңде алдымызда заманға сай, нақты міндеттер болды. Оны кезең-кезеңмен жүзеге асырып отырдық. Енді міне, биылғы Жолдау да жаңа бағыт, нақты межені белгіленді.

Бұл стратегиялық құжаттың ерекшелігі 10 негізгі міндеттер нақтыланған және ғылыми тұрғыда баға берілген. Еліміздің ғылым саласы мен жоғары оқу орындарының алдында жаңа міндеттер мен білімнің сапасын арттыру мүмкіндіктері туындап отыр. Бұл бағытта Атырау мұнай және газ университеті ұжымының алдында да зор міндеттер тұр. Соңғы жылдарда университетте дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатылды. Көптеген ғылыми жұмыстар республикалық конкурстарға қатысып, Индер тұзын зерттеуде, мұнай-газ саласында, жер асты байлықтарын анықтауда қомақты табыстарға қол жеткізілді.

Елбасы Жолдауында қолдан келетін мүмкіндіктер туралы айтқан. Әсіресе, қызметтегі технологиялық жүйелік пен инфрақұрылымдық басқарудағы интеллектуалды жүйелер мәселелеріне баса назар аударылған. Бұл — экономика үшін өте тиімді.

Сонымен қатар, Елбасы экономиканы дамыту үшін табиғи ресурстарды басқару жолдарын қайта қарау маңызды екенін атап өтті. Табиғи ресурстардың бірі – жер асты суларын екенін ескерсек, елімізде жер асты суларының мол қоры бар, оны игеріп, халқымыздың игілігіне пайдалануды жүзеге асыру міндеті тұр. Осы тұста бұл байлықты игеру, оның қоры мен сапасын ғылыми тұрғыда анықтау және нақтылау бағытында экономика ғылымдарының докторы, профессор Т.Қарамурзиевтің басшылығымен зерттеу жұмыстары басталды. Әсіресе, Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының территориясында тұщы судың мол қоры бар екенін ғалымдар дәлелдеген, ендігі міндет сол байлығымызды игеру. Үкімет және жергілікті басқарушы органдар бұл маңызды проблемаға көңіл бөліп, ғылыми тұрғыда негіздеп, ғалымдардың ұсынысын қолдап, тиісті қаражат бөлсе, игілікті істерді тындыруға болады. Жер асты суларын тиімді пайдаланатын болсақ, біріншіден, тұрғылықты халықтың ауыз су проблемасын шешеміз, екіншіден, жайылыстар мен жайылымдарға су шығару арқылы мал шаруашылығы мен егіншілікті өркендетеміз.

Енжарлық танытпауымыз керек

Мәндірғали ОРАЗҒАЛИҰЛЫ, Махамбет аудандық келісім кеңесінің төрағасы: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Төртінші индустриалды революция әлеміне сәтті бейімдеу үшін ел дамуының он басым бағытын белгілеп берді. Ендігі жерде Елбасы белгілеген межеге жету жолында бірлесе жұмыс жасауымыз қажет.

Халқымыз қашан да жаңа жылдан жақсылық күтеді, әр айдан амандық тілейді. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде жарық көрген Жолдау да сол нышанның, яғни, болашақ жарқын күндердің белгісіндей. Өйткені, Мемлекет басшысы атап көрсеткен нақты он міндетті еңсерер болсақ, біз жастары білімді, адами капиталы заманға сай, ғылымы дамыған, қоғамы жемқорлықсыз, барлық сала бойынша көпке үлгі боларлық озық елдер қатарынан ойып орнын алар ел боларымыз сөзсіз.

Жалпы алғанда, бұл Жолдау – бұған дейін де Мемлекет басшысы жариялаған бірнеше маңызды құжаттың заңды жалғасындай. «Мәңгілік ел» идеясымен жалғасып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен қабысып жатқан стратегиялық құжаттың орындалысына қай-қайсысымыз да бейжай қарамауымыз тиіс.

Біз, яғни, аға ұрпақ ел тарихындағы замана толқындарын көзбен көріп, жүрекпен сезе отырып, үлкеніміз бар, кішіміз бар, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясының мүшелері Елбасымыздың Жолдауын қолдап, халық арасында насихаттап, атқаратын жұмыстардың орындалуына өз үлесімізді қосуымыз керек.

Су – өмірдің нәрі

Жанғабыл   ШАМҰРАТОВ, «Ганюшкин» МКК басшысы: Елбасының биылғы Жолдауындағы он міндеттің бәрінің маңызы зор. Нақты айтқанда, бұл — боламын деген елдің, өрлеймін деген халықтың бұлжымас міндеттері.

Тәуелсіздік жылдарында аудан орталығы – Ганюшкинге бірнеше қайтара таза су желісі тартылды, жаңартылды. Сол кезде «осымен жұмыс істейтін біздің ұжым ғой, қалай болып жатыр екен» деп барсақ немесе кейбір тұстарға пікірімізді қосқымыз келсе, көрінбейтін кедергілерге кезігеміз. Соның кесірінен тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуда қиындықтар азаймауда. Әрбір жаңа жұмысты жүргізушілер кеткен соң, ақау табыла қалады да біздегілер «кел қара, бірдеңе істеші» деп жөнсіз қолқалайды. Осылай жылдар артынан жыл жалғасып келді. Біз шығынын өзімізге алып, кезінде сапасыз атқарылған істердің артын жабумен машақатқа қаламыз.

Халқымызда «ауру – астан» деген бар. Күнделікті астың бәрі сумен дайындалатыны белгілі. Су лас, түрлі химиялық қоспаларға, қалдықтарға толы болса, одан дайындалатын аста қандай сапа болуы мүмкін? Содан шығар, халқым таза ауыз су ішуі керек деген ықыластан айнымаған Елбасымыз Жолдаудағы бесінші міндетте «Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет» деді. Шынайы қамқорлық деген осы емес пе?

Сол себептен әрқайсымыз Жолдаудың жүзеге асуына себепші болайық. Сапалы жұмыс жасап, тиімділікке қол жеткізейік. Үлкендер үлгі көрсетуден жалықпауы қажет. Өйткені, біздің Отанымыз біреу, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Оны гүлдендіру  – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Әлеуметтік саладағы жаңғырулар

Нұрлы ӘЙТИЕВА, Бизнес және құқық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты: Елбасының Жолдауы ел арасында тың серпін тудыруда. Бұл Жолдау – бүкіл қазақстандықтардың қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басқанының дәлелі.

Дамыған озық отыз елдің қатарына кіру мақсатын алдына қойған еліміз «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жүзеге асыруда. Президент Жолдауының жетінші бөлімі «Адами капитал — жаңғыру негізі» деп аталады. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету керек» деген жолдар көкейіміздегі сұрақты дөп басты. «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл — мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар» — деп, мамандарды даярлау ісін, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру жолдарын нақтылап берген.

Сонымен қатар, цифрлық білім беру ресурстарын дамытуға көңіл бөлу де бүгінгі күн талабынан туындағаны даусыз. Денсаулық сақтау ісіне де баса мән беріліп,  әсіресе, жас ұрпақ денсаулығын басты назарда ұстауды міндеттеген Елбасының әкелік қамқорлығын сезінудің өзі бақыт емес пе?! Қазіргі таңда науқасты ерте диагностикадан өткізіп, қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілгені көңілге қонады.  Осылайша, білім беру, денсаулық сақтау жүйесін дамыта отырып, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары белгіленген. Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындап, елдің дамуына үлес қосу — әр қазақстандықтың қасиетті борышы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button