Қазақтың көзмоншағы

2b2dc286a656c6b6f82d27ea2582132e Шаһар шырайы

Мынау сары даланың басынан не өтпеді? Не көрмеді ол?! «Елім-ай» деп зарлаған, қалың қазақты аңыратқан «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»  аталған кезеңді де өткерді. Көшкен селдей, ескен желдей жылдар мен айлар тоқтаусыз ағып жатыр. Тарих керуені бағытын қалай өзгертетінін тірі пенде болжаған ба?!

2b2dc286a656c6b6f82d27ea2582132e

«Ай, Жәнібек, ойласаң,

қилы заман болмай ма,

суда жүзген ақ шортан

қарағай басын шалмай ма?» деп күңіренген екен Асан  Қайғы. Қайран, біздің бабалар, баһадүрлер, айтуындай-ақ айтқан ғой…

Уақыт деген мықтының қазақ еліне бет бұруының айғағы – Тәуелсіздік. Исі қазақ осыған іштей тәубе етіп, қуануымыз керек. Жер бетінде қаншама халық елдікті, еркіндікті аңсап күн кешіп жатыр?! Оны біз білмейміз… Олардың көкірегіндегі мұң мен зар бізге беймәлім.

«Мың өліп, мың тірілген қазақ» үшін Астана – Тәуелсіздік берген баға жетпес сый, өлшеусіз несібе.

Астана – Алаштың, барша қазақтың тәу етер асқақ ордасы. Ол – әлемдік  деңгейдегі қалалармен иық тірестіруге бет бұрған қала. Бұл  – қазақтың ғасырлар бойғы арманына шам жаққан шаһар. Бүгінде елдегілер «Астанада не жаңалық?» деп елеңдеп отыратыны да содан. Сарыарқаның төрінде, маңдайымен көк тіреп, табанымен жер тіреген зәулім Бәйтерек, жанындағы ерекше сәулеттік үлгідегі ғажайып кешендер оның ажарын асырып, айбынын айдынды етіп көрсететіні анық. Дүние жүзіндегі ең жас, ең әдемі, ертегідегідей сән-салтанаты асқан, халқы қонақжайлық ғұрпымен таң қалдырған сәулетті шаһар қазаққа ғана тиесілі екенін жан дүниеңмен түйсінгенде көзден жас шығатыны да кәміл. Бұл – қуаныштың көз жасы.

Астана қазір дүние жүзіне есігін айқара ашатын аса ірі қаржы, экономика, мәдениет орталығына айналды. Демек, Астана ендігі жерде әлем назарында. Оның келешегін Нью-Йорк, Париж секілді қалалармен салыстыра қараған жөн. Биыл  әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің Астанада өтіп жатқаны – сөзіміздің дәлелі.

Қазаққа қатысты жақсылықтың бәрі Астанаға да қатысты. Сондықтан, біз оны бойтұмарымыздай сақтап, көзмоншақтай қастерлеуге тиістіміз.

Қайбір жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің бірі Астананы көріп, көркіне тамсанып: «Санаулы ғана уақыт ішінде мынадай қала салған қазақ, шынында да, рухты халық екен» депті. Шет  елден кім келсе де, қалай келсе де сынап келетіні айқын. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, Сарыарқа төрінде аспанға қол соза өсіп келе жатқан шаһардағы ескерткіштер мен атаулар да Алатау мен Арқаны, Атырау мен Алтайды мекен еткен барша қазаққа ортақ, бәріне ыстық болуы қажет-ақ. Біз сонда ғана береке-бірлігіміз артқан біртұтас ел боларымыз ақиқат. Астананың күннен күнге көркеюі қазақтың Қазақстандағы халықтардың басын біріктіруші негізгі ұлт екенін таныта алары сөзсіз. Сондықтан, бар арманымыз Астанада тоғысып, үкілеген үмітіміз Астанаға асыққай!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз