«ДУМАНДЫ ГОЛДЫҢ» ДУМАНЫ
Спорттық шаралар легі Атырау қалалық әкімдігі және қазақ эстрадасының жұлдыздары арасында өткен «Думанды гол» футбол додасынан басталды. Өнер жұлдыздарының ішінде «Меломен», «Заман», «Сұңқар», «Өнер қырандары» ұжымдары мен Бейбіт Көшқалиев, Әлихан Байсұлтанов, Райым Уайыс, Серік Ибрагимов сынды әншілер жасыл алаңда спорттық шеберліктерін паш етті.
Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев биылғы жылы мұнайлы астананың 375 жылдығы Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын үлкен мақтаныш сезімімен жеткізді.
— Үш жүз мыңға жуық тұрғыны бар қаланың экономикасы мен мәдениеті өрге басып, жастар жаңа қонысқа ие болып, жаңа білім беру ұйымдары көптеп ашылуда. Елбасы тапсырмасына орай спорт саласы да қарқынды дамып келеді. Еліміз көркейіп, дами берсін. Қала күні құтты болсын! — деп шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы допты ойынға қосты.
Алғашқы таймда қала әкімдігі командасы шабуылдарын сәтті ұйымдастыруының нәтижесінде қалалық жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы Азамат Сәриев алғашқы голдың авторы атанды. Алайда, көп ұзамай, «Меломен» тобының әншісі Ғабит Әбілдаев есепті теңестіре білді. Ал, алғашқы тайм соңына қарай қалалық спорт бөлімінің бас маманы Жолай Шуақбаев та ерекшеленіп, әдемі гол салды.
Ойынның екінші таймы да қызыққа толы болды. Алаңға жігерленіп шыққан «Достар» командасы қарымта шабуылдары кезінде мақсатқа жетіп, Райым Уайыс есепті тағы теңестірді. Кейін алаң иелері — қала әкімдігінің командасы гол соғып, алға шыққанда жерлесіміз, «Заман» тобының әншісі Әсет Қарабалин қақпамыздың саңылауын тағы таба білді. Есеп — 3:3.
Намысқа берілген қала әкімдігі командасы жеңісті қолдан жібермеуге тырысып, қатарынан екі гол салды. Сөйтіп, кездесу жерлестеріміздің пайдасына 5:3 есебімен аяқталды.
Ойын соңында қала әкімі Н.Ожаев жерлесіміз, әнші Бейбіт Көшқалиевті «Ең үздік ойыншы», «Айгөлек» телебағдарламасының жүргізушісі Әлихан Байсұлтановты «Ең жас ойыншы», Райым Уайысты «Ең үздік шабуылшы», Серік Ибрагимовты «Ең үздік қорғаушы» аталымдарымен марапаттап, басқа да өнер жұлдыздарына Алғыс хат тапсырды.
Кейін эстрада жұлдыздары «Мұнайшы» стадионында өнер көрсетті.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.