ДӘУЛЕТКЕ САЙ СӘУЛЕТ

заманауи  бас  жоспардан  көрініс  табады

Облыс әкімдігі жанындағы сәулет және қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда «Атырау қаласының бас  жоспарын қайта жасақтау» жобасы аясында шаһардың бас     жоспарының нобайы (эскиздік нұсқасы) талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселеге орай алдымен аталмыш жобаны жасаумен айналысып жатқан «Казгипроград»  жобалау институты» ЖШС-нің бас   сәулетшісі Әсия Әбдірашитова хабарлама жасады.

 Бас жоспар жобасын әзірлеу жұмыстары негізінен алғанда екі кезеңнен тұрады. Оның біріншісі «2045-2050 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын қала дамуының ұзақ мерзімдік болжам-тұжырымдамасы (концепция)» деп аталады. Бұл бағытта жобалаушылар тарапынан төрт түрлі нұсқа ұсынылып, 2013  жылғы желтоқсан айының 4-інде өткен кеңес отырысында соның екінші нұсқасы таңдалынған. Кеңес мүшелерінің мақұлдауын иеленген нұсқаның сипаты «желілік» болып табылады. Және де ол қаланың солтүстік бағытқа қарай, магистральды темір жолдан асып өтіп, Жайық өзенінің жағалауын бойлай өсіп-өркендеуін көздейді.

Екіншісінде, 2020 жылды жеке қарастырып, 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бас жоспардың өзін жасақтау межеленген. Қазіргі уақытта осы тұрғыда қамтылуға тиісті іс-шаралар кестеге сәйкес атқарылуда. Білгеніміздей, жобаға есепті мерзімдегі қала дамуының әлеуметтік-экономикалық аспектілерінің толығымен қамтылуына, қордаланған проблемалардың оңды шешілуіне мүмкіндік беретіндей нұсқалар кірістірілген. Мұнда шаһар тұрғындарының жобалық саны 350 мың адамға жетеді деп есептелінсе, жүргізілетін құрылыстардың алғашқы сатысында, яғни 2020 жылға дейін-ақ бұл көрсеткіш 300 мыңды құрайды, деп болжамдалған.

Осыларды алға тартқан жобалаушы мекеме бас сәулетшісінің айтуынша, ұсынылып отырған «Атырау қаласының бас жоспарының нобайы» атты жұмысын әзірлеу шеңберінде облыс орталығының және оған іргелес орналасқан аумақтардың кешенді сараптамасы жүргізілген. Жоба авторларының қатысымен шаһардың таяу болашақтағы даму перспективасы айқындалған. Сөйтіп, келешекте қалаға қарайтын елді мекендердің саны 17 бірлікті (оның ішінде 15-і бұған дейін де қаланың құрамында болып келген, қалған екеуі қазіргі Махамбет ауданының аумағынан қосылады) құрайды.

Бас жоспар жобасын әзірлеу барысында бұдан бөлек, әрбір салаға қатысты нысандар мен ғимараттардың орналастырылып, жайғастырылатын орындарының қай жерде болатындығы, қалай реттелетіндігі де ескерілген. Осы орайда, өзіміз де назар аударып, байқағанымыздай, олардың тізілімі төмендегіше түзілген. Бірінші-қаржы басқармалары, сақтандыру қорлары мен қоғамдық ұйымдар. Екінші-мәдениет пен өнер мекемелері, дене шынықтыру нысандары, мәдени-тарихи сәулет ескерткіштері, сәулеттік және думан-сауық орталықтары. Үшінші-білім беру мекемелері. Төртінші- денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және сауықтыру мақсатында құрылған мекемелер. Бесінші-сауда, қоғамдық тамақтандыру және коммуналдық-тұрмыстық қамту кәсіпорындары. Алтыншы-өнеркәсіптік өндіріс, коммуналдық қойма орындары және құрылыс кәсіпорындары аумағы. Жетінші-көлік, инженерлік коммуникациялар және байланыс кәсіпорындары, сондай-ақ сегізінші-ҚР Ішкі істер, Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бағынысындағы мекемелердің аумағы қамтылған.

Осы жолғы отырысқа әкелінген жоба нұсқа  бір қарағанда  құптарлықтай көрінгенмен, әлі де болса қайта қарап, пысықтайтын, кеңес мүшелерімен, жергілікті мамандармен, коммуналдық қызмет көрсетуші, бақылаушы құрылымдардың қызметкерлерімен бірлесе, кеңесе отырып, шешімін табуға тиісті мәселелердің де жетіп артылатындығы ашық айтылды. Сондықтан да бұл шаруаны шалағайлыққа салынбай, жеті рет пішіп, бір-ақ рет кесу керектігі қаперленді.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген 
Ерлан АЛТЫБАЕВ.   
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз