Жарнама
Шаһар шырайы

Батпақтан қалай арыламыз?

«Атырауға жерасты суын соратын құрылғы керек». Бұл – облыс орталығының болашағына алаңдаған белгілі гидрогеолог Едіге Сабуровтың жанайқайы. Газеттің өткен нөмірлерінің бірінде «Батпақтан құтқарудың баламасыз жолы, бұл – дренаж жүйесін іске қосу» деген тақырыпта онымен сұхбат жарияланған еді. Осыған орай аталған проблемаға үн қосып, пікір білдіріп жатқандар да бар. Солардың бірқатарын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ізімберген САНАБАЕВ, ардагер сәулетші:

Тиімді шешім осы

Мәселені толықтай болмағанмен, біршама тиімді шешудің жолы – шаһарға түгелдей жерасты дренажды жүйесін жүргізу. Сол мақсатта Атыраудағы алғашқы жұмыстар 1975 жылдары қолға алынып, Авангард ықшамауданынан Сәтбаев даңғылына дейін дренажды құбыр жүргізілді. Аймақ басшылары Мәскеуге дейін барып, зерттеп қайтқан сорғы стансасының құрылысы ақыры жүзеге асқан жоқ. Құбырлар сол қалпы жер астында қала берді.

Ал, 1999 жылы Бүкіләлемдік банктің пилоттық жобасы аясында облыс орталығындағы Вокзал маңы ықшамауданында және жекелеген көшелерде дренаждық жүйелер жүргізіле   бастады. Бұл жұмыспен «Дренаж» КМК айналысып, ол жабылғаннан кейін «Атырау су арнасы» КМК құзырына көшті. Аталған мекеме 2006 жылдан бастап жалпы ұзындығы 11,842 шақырым дренаж жүйесін пайдаланып отыр. Осылайша, азды-көпті шаралар жүзеге асқанымен, жыл санап тұрғындар саны өсіп келе жатқан қаланы балшықтан арылту әзірге мүмкін болмай тұр.

Ендігі уақытта жаңа нысандар салынатын кезде олардың жобалық сметасына жауын суын ағызып жіберуге арналған жүйенің   болуын да міндеттеп, енгізген жөн. Сондай-ақ, «қаланың бас жоспарына нөсер, ерітінді және дренаждық суларды елді мекеннен алыстату үшін инженерлік жүйені қарастырып, бүге-шігесіне дейін шегелеп, енгізсе және бұл жұмыс толық іске асса» деген ұсыныс бар.

Талғат ҚҰРМАШЕВ, «Ынтымақ» АҚ Бас директоры:

Дренаж жүйесі іске асса игі!..

Атырау қаласының батпаққа айналуы осы қаланың тұрғыны ретінде жанымызға батады. Әсіресе, соңғы екі-үш жылдағы нөсерлі жаңбырдың жерге сіңбеуі үлкен әбігерге түсіруде. «Атырау» газеті көтерген бұл мәселеге орай мен де өз ойымды қосқым келді.

1987-1990 жылдары Гурьев құрылыс комбинатының директоры болған кезімде осы мәселемен белсене айналыстым. Себебі, комбинаттың негізгі жұмысы бұрынғы ескі әуежай жанындағы карьерден гипс тасын өндіру болатын. Өндірілген өнім бұрынғы одақ көлеміндегі әртүрлі қалалардың цемент, гипс шығаратын зауыттарына жөнелтілді. Сапасы да жоғары болды. Жылына 33 млн. тоннаға дейін өндірілетін. Кейін сапалы өнім алу жерасты суы деңгейінің жоғарылығынан өте қиынға соқты. Көршілес Ақтөбеден арнайы мамандарды шақырып, белгіленген әдістерді қолданып көрдік. Бірақ, еш нәтиже болмады. Жерасты суы қайта көтеріле берді. Мамандармен бірлесіп, жерасты суы деңгейін төмендету мәселесімен терең айналысуға тура келді.

Бүкіл одақ бойынша жерасты суын төмендету жобасымен айналысатын Белгород қаласында «ВНИИводопонижение» деп аталатын жобалау институты бар екен. Оның мамандарын шақырып, зерттеу жүргіздік. Мұндағы зерттеу нәтижесі «Атырау» газетіндегі гидрогеолог Едіге Сабуровтың ұсыныстарымен ұқсас. Яғни, тік дренажды бірнеше ұңғы қазу, жерасты қыртысынан қуыс тауып, суды айдау, карьердің айналасынан дренаж жүйесін салу ұсыныстары айтылып, «Атыраугидрогеология» және «Ембімұнай геофизика» мекемелерінің мамандары арқылы бұл жүйенің дұрыстығы дәлелденді. Дренаж жүйесін іске асыруда аталған институтпен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге келісім-шартқа отырдық. Алайда, 1989 жылы ҚазССР Құрылыс материалдары өндірісі министрлігінің таратылуына байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды.

Мамандығым гидрогеолог болмаса да, аз да болса тәжірибем болғандықтан, Атырауды батпақтан арылту жұмыстарында Едіге Сабуровтың пікірлерімен келісемін. Оның ұсынған жобасын іске асыруда облыс, қала басшыларынан қолдау болса деймін. Атыраудың болашағына алаңдасақ, бұл жүйені қазірден бастап қолға алу аса маңызды.

Жаңа нысандар салынар кезде олардың жобалық сметасына жауын суын ағызып жіберуге арналған жүйенің болуын да міндеттеп, енгізген жөн.

 Атыраудың болашағына алаңдасақ, дренаж жүйесін қазірден бастап қолға алу аса маңызды.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button