Атырауда «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды (+ФОТО)
Атырау облысы аумағымен өтетін ауыр жүк көліктері арасында заңбұзушылықтар азайып келеді. Оған жауапты мекемелердің жоспарға сай акциялар өткізіп, ескерту жұмыстарын жүргізуі себеп. Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған «Жолда қабылдау» акциясы кезінде айтылды. Республикалық маңызға ие автомобиль жолдарындағы ауыр жүк көліктеріне бақылау жүргізуді көздеген бірлескен шараға Атырау облыстық көлік прокуратурасы, Көлік бақылау инспекциясы, облыстық полиция департаментінің және «ҚазАвтоЖол»ҰҚ АОФ, «Қазақавтожол» ЖШС өкілдері қатысты.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ инженері Нұрлан Жантуриннің айтуынша, облыс аумағындағы республикалық маңызды жолдың ұзындығы 1120 шақырым. Осы жолдардың сапасын сақтау мақсатында көктемгі маусым басталысымен ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. «Біз кезекті «Жолда қабылдау» акциясын «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы /Астрахань бағыты/» республикалық жолының 573-ші шақырымы, Қарабатан елді мекені маңындағы демалыс алаңында өткіздік. Көлік бақылау инспекциясының мамандары ауыр жүк көліктерін, әсіресе «Шахман» көліктерін тоқтатып, жүргізушілердің жол жүру құжаттарын және көліктің салмағын тексерді. Ескерту жұмыстарының уақытылы жүргізілгенінің нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ», — деді Н.Жантурин.
Ал, Атырау облысы Көлік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Әнуар Бисалиевтің сөзінше, көктем мезгілінде ауыр жүк көліктерінің салмағына шектеулер қойылады. Мәселен, Атырау облысы 5-ші климаттық аймаққа жататындықтан, яғни су тасқыны ерте басталатын болғандықтан 1-наурыз бен 1-сәуір аралығында жүк көліктерінің салмағын 1 оське (белдікке) 8 тоннадан асырмау көзделген. Енді сәуір-маусым айларында бұл көрсеткіш 10 тоннадан аспау қажет. Маусымда күн күрт ысып, ауа температурасы көтеріліп, асфальт қатты қызған кезде белдікке түсетін салмағы 8 тоннадан асатын көліктердің күндіз уақытта жүруіне тыйым салынады. Бұл тарап орындалмаған немесе заң талабына қарсы келген жағдайда, яғни рұқсат етілгеніндей, 10 тоннадан асып кетсе, онда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл шектеу тамызға дейін жалғасады.
Жалпы, биылғы жыл басынан бері ірі көлемді жүктердің тасымалдануы мен ауыр салмақты автокөліктердің қозғалысын реттейтін заңнама талаптарын бұзу фактілеріне қатысты 37 әкімшілік хаттама толтырылып, 6 млн. 279 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Көлік бақылау инспекциясы өкілдерінің мәлімдеуінше, акция кезінде тексерілген ауыр жүк көліктері арасында шетелден келе жатқандары да кездеседі. Айта кетер жайт, олар көбінесе салмақты шекті мөлшерден асырмайды, өйткені шекарадағы тексерудің талабы қатал, сұрауы қатаң екені белгілі.
Дәулетқали АРУЕВ