Атыраудағы алғашқы емхана
XX ғасырдан бастап Атырауда (бұрынғы Гурьев) ауруханалар ашыла бастады. Сол кезде аурухананың негізгі жұмысы хирургиялық бағытта болды. Яғни, соғыстан жараланғандар мен шұғыл ота жасалуы қажет жергілікті тұрғындар ғана ауруханада жатты.
1913 жылы облыс бойынша төрт аурухана жұмыс жасап тұрды. Онда 6 амбулаториялық 53 орын болды. 9 дәрігер ғана қызмет етті. Бір дәрігерге бір жылда 60-80 мың адам қаралатын. Сол себепті, алыс ауылдардың тұрғындары медициналық көмекті мүлдем көрмеген. Сол кездегі жоқшылыққа байланысты медициналық көмек кез-келген адамға қолжетімсіз еді. Оған қоса, дәрі-дәрмектің көзі де жеткіліксіз. Сондықтан да, көшпелі халықтың арасында ауру мен өлім-жітім көп болған. Сол кезде Гурьев уезі Орал облысының құрамында болатын. Мәліметтер бойынша 1913 жылы мұнда дүниеге келген қазақтар саны 7654 болса, өлім-жітім саны – 7702 адам. 1915 жылы 10 мың адамның 596,4-і сырқатты болған.
Жұқпалы ауру мен дендеген індеттен арылу үшін 1920 жылдан бастап әрбір уезд, қала, ауылдардарда медициналық-санитарлық бөлімдер ашылады. Ал, Гурьев облысында 1920 жылдың 5 қаңтарында Гурьев уездік ревкомы құрылып, әр сала бойынша бөлімдер жұмыс істей бастады. Денсаулық сақтау бөліміне 1921 жылы 32 медицина қызметкері жұмысқа алынды. Бұлар жергілікті тұрғындар үшін ашылған аурухана мен емханаларда жұмыс жасады. Сол кездегі денсаулық сақтау бөлімі қазіргі 1917 жылы салынған Б.Жарбосынов көшесіндегі 16 үйде болған. Негізінен нысанның іргетасы бірінші Кеңес депутаттарына арналған емхана ретінде тұрғызылыпты.
XIX ғасырда салынған көне нысанның алғашқы жобасы – тікбұрышты, бір қабатты. Кейіннен емделушілер санының көптігінен екінші қабаты қосымша тұрғызылған (қазір бір қабат. — ред.). Ұзындығы – 12, ені – 8,4 метр. Солтүстік бөлігінде 5 терезе және есік орнатылған. Батыс бөлігінде 6 терезе, оңтүстік қабырғада 5 терезе және шығысында бір есік бар. Бірінші қабатының биіктігі – 4,2 метр. 1977 жылы қабырғаға «В этом здании с 9 мая 1917 года по 23 марта 1918 года помещался Гурьевский Совет рабочих солдатских депутатов. Первый председатель Союза всех профессий» делінген тақта орнатылған.
Нысанның аумағы – 600 текше метр. Қабырғасы кірпіш, төбе жабындысы ағаш, шатыры темір. Ғимарат қазіргі таңда иесіз, техникалық жағдайы нашар, қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Атырау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 23 қарашадағы №299 қаулысында жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Бұл ғимаратта бір кездері шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен Анна Анечкина «кезінде тұрғындар көп келетін алғашқы емхана болды» деп еске алады.
— Қаладағы ең сәулетті ғимарат саналатын. Мұнда жиырмасыншы ғасырда Гурьевке келе бастаған радиоузи, рентген де болды. Төрт-бес кабинетте медициналық тексеріс өтетін. Сол кездегі дәрігерлер де өте білімді болатын. Адамдармен жақсы сөйлесетін. Өте мейірімді еді. Жұбайым автобус жүргізушісі болды. Алты ұл-қызымыз бар. Қазір екі ұлымның қолында тұрамын, — дейді сексен бес жастағы Анна Анечкина.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.