Атырауда қазан айының 15-де жылу беру маусымы басталады
Облыстағы 412 білім беру және 148 денсаулық сақтау нысаны жылыту маусымына толықтай дайын.
Бұл туралы Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Облыс әкімдігінің 2021 жылғы 31 мамырдағы №127 «Атырау облысының аумағында 2021-2022 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде нысандардың жұмысқа дайындығы туралы» қаулысына сәйкес, 15,6 жылу желілеріне, 1,4 шақырым су және су бұру желілеріне және 696,7 шақырым электр желілеріне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Енді, температуралық режимге сәйкес әлеуметтік нысандарға қазан айының 1-нен, ал көпқабатты тұрғын үйлерге 15 қазаннан бастап жылу беріледі.
Бүгінге дейін облыстағы 1776 көпқатарлы тұрғын үйдің 99 пайызы гидравликалық сынақтан өткен. 15 қазанға дейін, тұрғын үйлердің жылу құбырларына жүргізіліп жатқан сынақ жұмыстары толығымен аяқталады.
Айта кетейік, қала бойынша жеке жылыту қазандарынан жылу алатын 62 көп қабатты тұрғын үй бар, оларға ПИК қаражаты есебінен қыс мерзіміне толық дайындық жұмыстары жүргізілген.
Ал, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК қазандығынан 16 үй және «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің жеке қазанынан 37 үй жылумен қамтылса, қалған 1018 тұрғын үй Жылу Электр орталығына қосылған.