АТЫРАУ ЗАМАНАУИ ҚАЛАҒА ҚАЛАЙ АЙНАЛАДЫ?

Мұнайлы астана атанған Атырау қаласының заманауи шаһарға айналуы үшін оның алдымен инженерлік инфрақұрылымын, коммуникацияларын озық жүйеге келтіру керек. Осы ретте еліміздің өзге өңірлеріндегідей біздің облысымызда да мемлекеттік қала құрылысы кадастрының облыстық және базалық деңгейдегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру  қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Осынау ауқымды шаралардың аясында бірінші кезекте облыс орталығы - Атырау қаласы бойынша инженерлік инфрақұрылымдарды түгендеу қажеттілігі туындап отырғандығы да белгілі. Бейсенбіде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының ұйымдастыруымен, тиісті салалық құрылымдар өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өткізілді. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан басқарма басшысы Төлеп Орынбасаров күн тәртібіне шығарылып отырған мәселенің маңыздылығы мен мән-жайына тоқталды.

Төлеп Қиялбайұлы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының республикалық, облыстық және базалық болып үш түрге бөлінетіндігінен хабардар қылды. Бүгінгі таңда бұл жүйені қалыптастыруға бағытталған шаралардың Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Орал және Атырау қалаларында жүзеге асырыла бастағандығын алға тартты. Айтылғанындай, кадастрды түзуге керекті деректер қоры негізінен алғанда топографиялық-геодезиялық, инженерлік-геологиялық және өзге де іздестіру материалдарынан жинақталады.

Білгеніміздей, өткен 2013 жылы «Атырау аймағының облыстық және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру» жобасы қабылданып, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар тиянақталып, экономикалық және салалық сараптама-қорытындылар жасалып, ҚР Өңірлік даму министрлігінен келісім алуға қол жеткізілген. Межеленген іс-шараларды көрсетілген мерзімінде, толығымен атқару үшін қажетті қаражат көлемі нақтыланып, жұмыстарды 2014-2016 жылдар аралығында, кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.

Осылайша, ағымдағы жылдың еншісіндегі бірінші кезеңде облыс орталығы мен қала маңындағы селолық елді мекендердің 2000-дық масштабтағы топографиялық түсірілімі мен электронды картасын жасау, Атырау қаласының инженерлік коммуникацияларын түгендеу жұмыстарын атқару көзделген. Жобаның тапсырысшысы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы, ал оны жүзеге асырушы мердігер мекеме «Геослужба» ЖШС (Астана қаласы) болып табылады.

Жиналыста сөз алған елордалық мердігер компанияның өкілі Иван Мухин де әріптесінің айтқандарын толықтырып, мұнайлы астана атанған өңірдің инженерлік коммуникацияларын түгендеу жобасы бойынша орындалуы тиісті жұмыстардың ретімен таныстырды. Бірінші кезеңде шаһардың 400 гектардай аумағы қамтылады. Маманның түсіндіруінше, инженерлік коммуникациялар жүйесіне мыналар кіреді: электр қуатымен, газбен, жылу энергиясымен, дербес жылумен, сумен жабдықтау нысандары. Сонымен қатар, бұл тізімді жол қозғалысы, көше жарығы, ағынды және шаруашылық-фекальды канализация, телефон байланысы желілері, темір жол құрылыстары мен имараттары толықтырады. Ол үшін мердігер мекемемен байланыста болатын жауапты қызметтерді белгілеу, пайдаланылатын инженерлік жүйелердің сызба-жоспарын жасауға қажетті материалдарды дайындау, нысандардың жай-күйі мен орналасқан орны туралы ақпараттарды алуға ықпал ету, геоақпараттық базаны пайдалануға мүмкіндік беретін дайындық шараларын жүргізу көзделіп отырғандығы мәлімделді.

Соңында бұл шаруаның жоба-жоспарға сәйкес атқарылып, ойдағыдай оңғарылуына барлық деңгейдегі мүдделі мемлекеттік және атқарушы органдар, салалық құрылымдар мен кәсіпорын-мекемелер атсалысып, өзіндік үлесін қосу, сөйтіп мемлекеттік маңызды істен тысқары қалмау керектігі қаперленді. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылып, туындаған мәселелерге орай қосымша түсініктер берілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз