ЖЫРАҚТАҒЫ АУЫЛДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП
Селодағы жұмыссыздық деңгейін азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағыты жүйелі жүруде. Қазіргі күні жұмыссыздар есебінде 31 тұрғын тұрса, жыл басынан бері 28 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 1 жас жастар тәжірибесіне және әлеуметтік жұмыс орны бойынша 1 адам жұмысқа тартылды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолдарын қарастыру, нақты жобаларды іске асыру бағытында жұмыстар атқарылуда. «АКСМұнайгрупп» шаруа қожалығы нан пісіру үшін наубайхана құрылысын аяқтап, пайдалануға бермек.
Барлық тұрғындар тазартылған суды тұтынуда. Селоны бұралқы ит-мысықтардан арылту, оларды ату жұмыстары жүйелі жүргізілді. Округ бойынша малды бірдейлендіру жұмыстары аяқталды. Округтің жайылымдық жерлері нақтыланып, жер түгендеу есебі шығарылды. Жер алып пайдаланбай отырған шаруашылықтардың иелеріне ескерту берілді. Құмшығанақ каналы биыл кідіріссіз жүріп жатыр. Соның арқасында жайылымдық жерлерге су шықты.
Село тұрғындары қажетті жемшөппен қамтылып, қыс науқанын ұйымшылдықпен ойдағыдай өткеруде.
Көптен бері шешімін таба алмай жүрген мәселенің бірі – селоға тұрақты жұмыс жасайтын учаскелік полиция инспекторын тағайындау мәселесі оң шешімін тапты.
2012 жылы округтегі орта мектепке «КаспийҚұбырКонсорциумы» компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп беріп, балаларды қуанышқа кенелтті. Мектеп асханасына қажетті құралдар алынды. Мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, талапқа сай кабинеттер жасақталды. 2013 жылы осы мекеме тағы да демеушілік жасап, 7 306 000 теңгеге үстел, парта, тақта, компьютер сияқты жиһаздар мен техникалар, музыкалық аппаратура жиынтығын, спортзалға қажетті құралдарды алып берді. Жаңа оқу жылында мектепте 178 оқушы оқиды, 17 сынып кабинеті жасақталған. Оларға 38 мұғалім дәріс береді.
«Арай» балабақшасына «СК Көш-Керуен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 16 494 957 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, осы серіктестік балалар игілігі үшін өз тараптарынан кәріз жүйесін жаңартып берді. Балабақшада барлығы 90 бала тәрбиеленуде, 12 тәрбиеші (6-уы жоғары, 6-уы арнаулы орта білімді), барлығы 32 адам еңбек етеді. Биыл екі маман жұмысқа орналасты. Балабақшаға сұраныс жоғары, күні-бүгін 40 бала кезекте тұр.
Тазалық табалдырықтан басталады десек, халықтың әл-ауқатының жақсарып, тұрмысының түзелуіне санитарлық-гигиеналық жұмыстардың маңызы ерекше. Қоқыс төгетін орын мен айналасы ретке келтіріліп, ауылдан шыққан қоқыстың өз орнына төгілуі үнемі бақылауда ұсталады. Бірақ, халықтың әлі де болса тазалыққа салғырттық танытатыны байқалады. Газдендіру жұмыстарына байланысты қазір елді мекен айналасындағы тоғайларымыздың тазалығына көп мән берілмей қалуда. Құлаған ағаштар мен сынған бұталардан аяқ алып жүре алмайсың. Алға қарай орман шаруашылығы мамандарымен бірлесіп, тоғай тазалығын ретке келтіру мәселесі көкейде тұр.
Биыл атқарылар міндеттерге тоқталар болсам, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Ұлы Отан соғысынан оралмағандар ескерткішін ретке келтіру, село орталығын көріктендіру мақсатында саябақ, көше жарықтарын көбейту жоспары тұр.
Бұдан әрі баяндама бойынша жарыссөз басталды. Махамбет аудандық мәслихатының депутаты, «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі А.Ерманов былай деді:
— Ауыл шаруашылығы бизнесіне қадам басып кіріскенімізге аз ғана уақыт өтсе де, шаруашылық өзінің бағытымен дұрыс даму үстінде деп ойлаймын. Өйткені, жылма-жыл мал басы да, егін көлемі артып келеді, соған орай өнімділік пен сапаға да мән берудеміз. Жерден алынған өнімдерімізді аудан, облыс көлеміндегі базарлар мен сауда орындарына, сонымен қатар апта сайын болып тұратын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне қатынасып, тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынудамыз. Осылай шаруашылықтың өркендеуіне Үкіметтің беріп жатқан әртүрлі қайтарымсыз субсидияларының көмегі тиюде. Мал басын асылдандыруға бағыт ұсталуда.
Келесі кезекте сөз алған ауыл тұрғыны Б.Тәжібаев «созылмалы ауру түрімен ауыратындар көп, сондықтан ауылдан қолжетімді бағаға фармацевтика өнімдерімен қамтамасыз ететін дәріхана ашу қажет» деген ұсынысын айтты. Бұған байланысты жауап берген аудандық аурухананың бас дәрігері Е.Сабыров күні ертең ашылғалы тұрған күндізгі стационарда жатып емделетіндерге дәрі тегін, ал, дәріхана ұстауға қаржы қаралмаған деді. Бұл сауал бойынша қосымша ой айтқан аудан әкімі Е.Жаңабаев кез келген жұмыссыз ауыл жастары «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несие алып, ауылдан дәріханасын ашып, өз бизнестерін бастауға болады деп бағыт сілтеді. Ауылда жалға алуға ыңғайлы бос ғимараттар да жеткілікті. Сондықтан, басқа да кәсіп түрлерімен айналысуға мүмкіндік мол, — деді ол.
— Жасым 75-те, зейнеткермін. Осы жиынға ауылда атқарылып жатқан игілікті істердің басы-қасында жүрген ел азаматтарына, басшыларына аналық ақ жүрегімнен алғысымды айтқалы арнайы келдім, — деді ауыл тұрғыны К.Есенғалиева. Түсімізге кірмеген істер жүзеге асырылғанына куә болып, Тәңірге тәубе деп отырған жағдайымыз бар. Газымыз, суымыз келіп тұр. Атырау-Индер бағытындағы тас жол күрделі жөндеуден өтіп, Ақжайық ауылының ішкі көшелері де асфальтталды. Мәдениет үйі, ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып келеді. Бұдан артық не керек? Біздің ұрпақтарымыз осы игілікті істердің қайырын көргей.
Жиында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Тәжіғалиев ауылдың аз уақыт ішінде адам танымастай өзгеруіне облыс басшысы Б.Ізмұхамбетовтің сіңірген еңбегі зор деді. Ол басталған істің орта жолда тұрып қалмауын өзі қадағалап, демалыс күндері де жаңа құрылыс нысандарын аралап жүргенін көзіміз көрді. Сондықтан, ауылдастар атынан алғысымызды айтамын деді. Ол сонымен бірге ауылдағы 130 боздақтың есімі жазылған Ұлы Отан соғысынан оралмаған жерлестерімізге арналған ескерткіш монументті күрделі жөндеуден өткізу жөнінде ұсынысын білдірді.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.
Махамбет ауданы.