Жұдырықтай жұмылу елді жігерлендіреді
«Amanat» партиясының тарихи съезінде еліміздің түкпір-түкпірінен 1 200 делегат бас қосып, алдағы президент сайлауына өз үміткеріміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсындық. Аманаттықтар бұл бастаманы бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар съезде партиямыздың жаңа саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнама – ұзақмерзімді әрі стратегиялық құжат. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады. Басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Тұғырнамада қазақстандықтардың мұң-мұқтажы көрініс тапқан. Ұлт мүддесі басты назарда тұр. Біз нақты істерге, нақты жобаларға басымдық береміз.
Баршаңызға мәлім, біздің партиядан басқа да бірқатар саяси ұйымдар мен бірлестіктер президенттікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Осы орайда біз сол саяси ұйымдармен бірлесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құру туралы келістік. Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының қатысуымен өткен форумда бас қостық.
Біз Президенттің стратегиялық бағдарын қолдаймыз және оның реформаларын әрі қарай ілгерілетуге күш саламыз. Халықтық коалиция 20-дан астам республикалық қоғамдық бірлестік пен саяси ұйымның, мыңнан астам қайраткер тұлға мен белсенді азаматтың басын біріктіріп отыр.
Бұл таңдау – еліміздің шынайы патриоттарының, Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын миллиондаған азаматтардың таңдауы. Ең бастысы, сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендіреді. Халқымыздың ынтымағын еселеп арттыра түседі.
Біз осы қадам арқылы дала демократиясының дәстүріне беріктігімізді көрсетіп, өткен ғасырларда ордалы Ордабасыда, қасиетті Қарақұмда, ұлт бесігі – Ұлытауда шақырылған тарихи құрылтайлардың табиғи сабақтастығын жалғап отырмыз.
Қазақта «Туың жығылмасын!» деген аталы сөз бар. Көк Туымыз – елдіктің, мемлекеттіліктің басты нышаны. Мемлекет басшысы қандай қиын-қыстау кезеңде де елдің байрағын, мемлекеттің туын жыққызбай өз тұғырында желбіретіп келеді.
Баршамыз сол Тудың астына жиналайық!
Ерлан ҚОШАНОВ,
«Amanat» партиясының Төрағасы