
Жолдаудағы міндеттер – уақыт талабы
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз үшін тарихи әрі стратегиялық маңызы зор бастамалар көтерілді. Соның ішінде су ресурстарын басқару мәселесіне ерекше тоқталуы – уақыт талабынан туған шешім.
Президент Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеуді тапсырды. Бұл – еліміздің болашағы үшін ауадай қажет міндет. Өйткені адамзатқа ауа қалай қажет болса, су да сондай өмірлік маңызға ие. Суды есепке алу жүйесі бүгінде әбден ескірген, ал су бөлетін нүктелерде заманауи құрал-жабдықтар орнатылмағаны да жасырын емес.
Жолдауда кәсіби кадрларды даярлау, су дипломатиясын дамытатын мамандарды қалыптастыру қажеттігі де атап өтілді. Бұл – халықаралық деңгейдегі келіссөздерде еліміздің мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Шын мәнінде, су – стратегиялық ресурс. Ол ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Қазақ халқы «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сондықтан Президент белгілеген бағыт – ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Мен саясаттанушы ретінде, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының қызметкері ретінде Жолдауда айтылған бастамаларды толық қолдаймын. Бұл – уақыт күттірмейтін, халықтың мүддесіне сай нақты шешімдер.
Жаңа буын өкілдері ретінде біздер осы міндеттерді орындау жолында аянбай қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз деп сеніммен айта аламын.
Арайлым ЛҰҚПАНОВА,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің маманы