«Жол азабын» жеңілдеткен жобалар…
немесе Тәуелсіз Қазақстанның жол салу тарихы
Ұшы-қиырына көз жеткісіз ұлан-ғайыр қазақ жері… О шетімен бұ шетіне сапар шексең ат тұяғын талдырып, апта салдырып әзер жетер кең байтақ дала. Аумағына Еуропаның жеті жұрты (Франция, Германия, Англия, Голландия, Дания, Испания, Австрия) сыйып кетер қасиетті жеріміздің төсінде ел мен елді, ағайын-туысты жалғап, қалалар арасын жақындатар, адам бойындағы тарам-тарам қантамырдай жолдар бар бүгінде. Тегіс жолмен заулап жүріп, 15 мың шақырымдық шекарамызды шыр айналып өтуге мүмкіндік мол.
Кейде жолдың әр тұстан тесілген жеріне шағым айтып, кедір-бұдырына көңіл толмайтын күпірлігіміз де жоқ емес. Ондайда ойымызға әлемде жол сапасынан көш бастап тұрған Франция, Германия, Голландия сынды елдер оралады. Алайда, бір нәрсе ескерілмейді: осыншама ұланғайыр далаға жол салу – зор ерлік, теңдессіз еңбек.
«Жол азабын жүрген білер» дейді дана қазақ. Оны бастан өткізбеген пенде кемде-кем шығар, бәлкім. Ежелгі заманда гректер пәуескелі арбаға арнап құмды илеп тас қып төсепті. Сөйтіп, жол азабын жеңілдетті. Сол заматтан бері жол салуды меңгеріп, сан жылдық тәжірибе ұласты.
Ұлы жолдың бойында…
Жасыратыны жоқ, тәуелсіз еліміз әлемде жол сапасы бойынша 115 орында тұр. 137 елдің жолдарын салыстырып қарағанда, нәтижесі осындай болыпты. Әрине, әлемнің азуын айға білеген алып елдерімен салыстыру дұрыс болмас та, бәлкім. Өйткені, ел болып ірге бекіткенімізге бар-жоғы – 30 жыл. Кез-келген елдің даму жолында экономика бір арнаға түспейінше, жол төселмейтіні анық. Бұл – бір.
Екіншіден, кең байтақ жерге асфальт төсеу жарты ғасырда да біте қояр шаруа емес. Дегенмен, бүгінгі жол – бұрынғыдан өзгерек. Бәрін жаңадан бастаған ел үшін бұл да үлкен жетістік.
Өркениет ғасырында елдің экономикалық жағдайын алдымен жолдарына қарап байқауға болады. Тақтайдай теп-тегіс жолы бар Еуропа елдері мұны баяғыда-ақ реттеп қойған. Қазақстан да көштен қалып жатқан жоқ. Мысалы, «Нұр-Сұлтан-Көкшетау», «Нұр-Сұлтан-Қарағанды» автобаны көз қуантады. Әсіресе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік тасжолының бәсі бөлек. 2008 жылы 6 ақпанда республика Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауы аясында бекітіліп, кейін Ресей, Қытай, Қазақстан мемлекеттерінің бірлесуімен жүзеге асқан үлкен жоба. Ұлы Жібек жолының жалғасы іспеттес – Ұлы жол. Бір шеті Санкт-Петербургтан басталып, Мәскеу айналып, Қытайдың Чженчжоу аралығын қамтитын ұлы жолдың еліміздегі ұзындығы – 2787 шақырым. Бұл әуелі жергілікті халықтың сауда-саттығына пайда әкеліп, ішкі экономикаға зор үлесін берері анық. Ол бүгінде Алматы облысынан – Ақтөбеге дейінгі аралықта елімізге, транзиттік көліктерге қызмет етіп отырған маңызды магистраль.
2000 шақырымды еңсерген Атырау
Ұлан байтақ даланың қиыр шетінде, шекарасы Ресеймен түйісетін Атырау облысының да бүгінгі келбет-дидарын тасжолы айқындап бергендей. Даланың базарын, қаланың ажарын келтірер тақтайдай тегіс жолдарға табан тигізіп, игілігін көрсек деген халықтың тілегі орындалған сыңайлы. Облыста 1120 шақырым республикалық маңыздағы көлік жолы бар. Мұнайлы аймақта алғашқы ірі жол құрылысы 2002 жылы ғана басталды. 2003-2005 жылдар аралығында «Атырау-Орал» жолының 5-189 шақырымына жаңғырту жасалды. Бұрын Атыраудан таңертең шыққан жолаушы 16 сағат жүріп, Оралға арып-ашып жететін. Сондағы арақашықтық – небәрі 500 шақырым. «Жол азабы» деген осы шығар!..
Дегенмен, үш жылда жаңадан салынған бұл жолмен жүру әлдеқайда қысқарды. Алайда, содан бері де біраз уақыт өтті, бұл жолды қайтадан жаңғырту қажеттілігі туындады. Өйткені, тас та езіліп, темір де тозатыны бар. Ең көп жол апаты болып, халық арасында «Өлім жолы» аталып кеткен тасжолдың жиегі тарылып, сапасы күннен күнге нашарлап бара жатқаны шындық.
Бір қуантарлығы, үкімет тарапынан, бұл жолды қайта салуға шешім шыққандығы. Алдағы уақытта мұның қайтадан өміршеңдігі арта түсеріне сенім мол.
Облыста тағы бір халықтың мұңына айналған жол бар. Кеңес кезінен қалған жұрнақ десе де болады. Ол – «Атырау-Астрахан» халықаралық жолы. Бұған дейін тек уақытша жөндеумен ғана шыдас берген күретамырдың бүгінде тек сорабы ғана қалды. Қазір мұның бойында ескі сүрлеуді қырып тастап, асфальтты жаңалап жатқан құрылысшылар мен ауыр техникалар жүр. Елдің бағы шығар, Ақтөбеден Астраханға тіке баратын жолдың құрылысы 2022 жылы толық аяқталмақ.
Осы жолдың «Атырау-Астрахан» бөлігі шекаралық, транзиттік маңызға ие болғандықтан, бұл аралықта Еуропа мен Азия құрлықтарындағы елдердің бизнес-сауда керуені өтеді. Күн сайын жүретін көлікте есеп жоқ. Сол себепті жолдың сапасына халық алаңдаулы. Құрылысы сапалы болса екен дейді.
Жол туралы сөз бола қалса, Құрманғазы мен Исатай ауданы тұрғындарының жанайқайы әмбеге аян. Парламент қабырғасында да талай мәрте көтерілді. Қалай болғанда да, келер жылы жол азабын тартқан тұрғындар арман болған жолдың игілігін көреді деген сенімдеміз.
Тәуелсіздік алғалы Атырау облысында жалпы есепте 2 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жөндеу жасалды. Нақтылай түссек, жол құрылысы – 311 км, қайта жаңарту – 719 км, күрделі жөндеу – 1192 км.
2025 жылға қарай 640 шақырым жолды қайта жаңартып, жөндеу жасаса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 95%-ға дейін артады.
Мұнайлы өңірде тек 2020 жылы ғана 37 елді мекенде 249 шақырым жол төселіпті. Жалпы есептік көрсеткіште жолдарының жаңғыртылуы бұрын 61 пайыз болса, биыл бұл меже 66%-ға жетіп отыр. Бұл дегеніңіз қыруар қаржы мен қажыр-қайраттың жемісі болса керек.
Cонау тоқсаныншы жылдары жол саласында қызмет етіп, өңірдегі жолға қатысты мәселенің қыр-сырын білетін Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы, жол саласының ардагері Сейітжан Молдашев та бүгінгі адам танымастай өзгерген облыс жолдарының жағдайына алаңдаулы.
– Тәуелсіздікке қол жеткізіп, қуанғанымызбен әр салада шаруаның қиыны кетіп, қиюы келіспей тұрды. Өте ауыр күндерді бастан өткіздік. Қаржы тапшылығынан жұмысшылардың жағдайы күрт нашарлады. Ақша болмай, жалақы орнына азық-түлік таратылды. Осы кезеңде кәсіби жолшылар жұмысын тастап, нан табудың амал-айласын іздеп кетті. 1999 жылға дейін жалғасқан осы қиын тұста дала тұрмақ қаланың өзінде асфальт төселген жол аз еді. Қаланың Азаттық, Әлия Молдағұлова, Қаныш Сәтбаев сияқты басты көшелері ғана тегістелген. Қалғандары жаңбыр болса балшық, қар жауса мұз қатып халықтың жүріп-тұруына қиындық туғызды. Біртіндеп салаға жергілікті және республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, әр өңірде жол салына бастады. Еліміз бүгінде осы еңбектің қызығын көріп отырғанына мен қуаныштымын, – дейді жол саласының ардагері.
Жол сапасы жақсара түсcе…
Қай дәуірде де «біткен іске сыншы көп». Бүгінде жол салу үшін соңғы технологиялар қолданылып, еңбек өнімділігі артқан сайын көңіл көншімей, сын айтушылар да азаймай тұр. Ол заңды да. Өйткені, тұрғындар заман талабына сай өмір сүріп, жақсы жолдарда жүргенді қалайды. Осы тұрғыдан қарағанда, халықтың мұң-мұқтажы мен сын-ескертпесін ескеретін «Атырау жол зертханасының» ізінде құрылған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалына артылар жауапкершілік те зор. Мекеме мамандары жыл басынан бері Атырау жолдарынан 272 ақау анықтаған. Оның 207-сі республикалық, ал 65-і жергілікті маңыздағы жолдардан табылған.
Филиал директоры Бекбол Мұқашовтың айтуынша, жыл басынан бері жол құрылысына қолданылған материалдардан 1166 сынама алынған.
– Арнайы зертханада сынақтан өткізу нәтижесінде республикалық жолдан алынған 15 жол құрылысы материалы мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейді екен. Ал, жергілікті жолдардан алынған 103 материал стандартқа сәйкес емес. Сондықтан Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына 7 ұсыным-хат жолданды. 2 техникалық қадағалаушының аттестаты 6 айға тоқтатылып, 2,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді ол.
Мекеме осының бәрін жіпке тізіп, тиісті органдармен үйлестіріп отырады. Бақылау барда жалған іс жүзеге аспасы анық. Жол салушылар сын-ескертпеден нәтиже шығарып, сапаға көбірек көңіл бөлсе, ортақ мүдденің жүзеге асқаны емей немене?!
Түйін:
«Жол салғанның сауабы мол». Дайын, тегіс жолға түсіп алып заулатып жүруді кім армандамас дейсіз?! Ал, шілденің аптап ыстығына қақталып, маңдайды күн тесіп, алақанды күрек қиып, боршалап тері ағып, ыс иісіне тұншыққан ауыр да азапты жолшылар еңбегін ешкім ескере қоймайды.
Әрине, мұның бәрі тәуелсіз елімізге оңай келген жоқ. Ең бастысы, аз ғана уақыттың ішінде етек-жеңді жинап, соңғы технологиямен жол салу жетістігін игердік. Алдағы тағдыр жолымызда әлі талай тақтайдай тас жолға табанымыз тиері анық. Енді еліміздің ертеңі кедергісіз, кедір-бұдырсыз болғай деп тілейік.
Нұргүл Ысмағұлова