ЖЕМҚОРЛЫҚ – ІНДЕТ, ОНЫ ЖОЮ – МІНДЕТ

Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын іске асырудағы шаралардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі. Ол Ұлт жоспарын іске асырудағы 100 нақты қадамында да көрініс тапты.

Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге маңыз берген Мемлекет басшысы 13-қадамда жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құруды тапсырды.

Сондай-ақ, 3-қадамы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру есебінен мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу рәсімін орталықтандыру және үш сатылы іріктеу жүйесін енгізуге бағытталды.

Бұл ретте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сыбайлас жемқорлықпен күрестің өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспарын жасақтап, жүзеге асыруда. Басқарма қызметкерлерінің арасында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдары бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынды.

Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту, мемлекеттік сатып алу жұмыстарын орындаған кезде мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттерін адал орындау, құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу мемлекеттік қызметшінің әдебін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтініштері тіркеуге алынып, мерзімінде орындалуы үнемі бақылауда.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес, әкімшілік мемлекеттік лауазымдық қызметке қабылдау конкурс негізінде және арнайы тексерістен өту нәтижесінде жүзеге асырылады. Жыл сайын басқарманың барлық мемлекеттік қызметкерлері салық комитетіне жеке табыстары туралы декларация тапсырады. Барлық мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік қызметке қабылданумен бірге түгелдей ант пен шектеу қабылдайды.

Басқармада халыққа қолжетімді орында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы ережесі көрсетілген стенд орналастырылды. Басқарма басшысымен және орынбасарларымен жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларды қабылдау ұдайы жүргізіледі.

Басқарма қызметкерлері тарапынан еліміздің Ар-намыс Кодексінің нормаларын бұзу фактілерін, сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі туралы ақпаратты қабылдау үшін сенім телефоны да қызмет көрсетеді.

Жалпы, бүгінгі күннің, біздің қоғамымыздың басты міндеті – жемқорлық індетімен күрес жүргізіп, оның тамырын қию. Біз, мемлекеттік қызметшілер қызмет барысында «Жемқорлық – індет, жою – міндет» қағидасын басшылыққа алып, еңбек етеміз.

Сондай-ақ, билікті теріс пайдалану мен лауазымдық құқық бұзушылық фактілерін объективті түрде ашып көрсететін және жариялайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны, оның іске асу барысын насихаттайтын, азаматтық моральдың жаңа нормаларын қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастық орнатудың маңызы зор. Өйткені, атқарылып жатқан барлық шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария етілсе, бүкіл халыққа көрсетілсе, бұл да бүкіл мемлекеттік қызметкерлерге үлкен сабақ болмақ. Осы орайда, басқарманың қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста. Президенттің тапсырмалары негізінде атқарылып жатқан жұмыстар баспасөз бетіне жарияланып, теледидардан да көрініс тауып келеді.

Алдағы уақытта басқарма тарапынан құқықтық сананы тәрбиелеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын меңгеруге ерекше назар аударылады. Азаматтардың сыбайлас  жемқорлық  құбылыстарынан аулақ болуы үшін өздерінің құқықтарын нақты білуі, оларды қорғай алуы, жеке, кәсіби өмірі мен қоғамда сыбайлас жемқорлық әдістерін қолданудан бас тартатын тұрақты моральдық ұстанымын қалыптастыруда мақсатты жұмыстарды жүргізу көзделуде. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасаудың да қажеттігі туындайды.

Қорыта айтқанда, ұлт жоспарындағы бұл қадамдарды іске асырудағы маңызды бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарын арттыру. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы барлық мүдделі күштердің бірлесіп, жұмыс істеуі елімізді өркендетуге және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Бауыржан  ЕРҒАЛИЕВ,

облыстық энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық

шаруашылық басқармасының  бөлім басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз