Жарнама
Саясат

ЖЕМҚОРЛЫҚ – ІНДЕТ, ОНЫ ЖОЮ – МІНДЕТ

Алты миллионға жуық тұрғыны бар Сингапурдың көсемі Ли Куан Ю отыз жылдан астам уақытта елін халықтың қолдауымен әлгіндей әрекеттерден арылтып, мемлекеттік қызметті ең абыройлы міндет дәрежесіне көтерді. Тұрғындар кедейшіліктен құтылып, бақуатты бай елге айналды. Мұндай оңды үрдіс біздің елде де бар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ел беделін көтеру, мемлекеттік қызмет адамдарының таза, шынайы қызмет иелері болуы үшін жүйелі күрес жүргізуге үндеп келеді. Халыққа жыл сайынғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықты жойып, бәсекеге қабілетті өркениетті елдердің қатарына енудің стратегиялық жоспарларын жасауда. Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалар аумағында бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң шығарса, жақында ғана арнайы мемлекеттік орган – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Осыған орай агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті жанынан құрамында он бес мүшесі бар қоғамдық кеңес жасақталды. Кеңес құрамында саяси партиялар мен жергілікті өкілетті органдардың, күштік құрылымдардың өкілдері, облыстық газеттердің бас редакторлары мен кәсіпкерлер палатасының төрағасы бар. 

Сайып келгенде, аталған қоғамдық кеңес – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Қоғамдық кеңес өз қызметінде ҚР Конституциясы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңдарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілері мен ережелерін басшылыққа алады.

Аталған қоғамдық кеңестің мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау, қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру, мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылын үйлестіре өрістету.

Сонымен бірге, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік органдардың және тұрғындардың күштерін жекелеген тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, халықтың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын оңайлатуға, қоғам өмірінің барлық салаларында халықты қолжетімді жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз етуге негізделген.

Тағы бір ескеретін жай – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілетін жұмыстар шегінде, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекетпен және азаматтық қоғаммен байланысты қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалармен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жасауға қызмет етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіруге және мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуын дамытуға жәрдемдеседі.

Атырау облысында жарты миллионнан астам тұрғын бар. Мұнай-газ секторының жедел қарқынмен дамуы, құрылыс жұмыстарының өркендеуіне орай шетелдік инвесторлардың көптеп тартылуы оң істермен бірге кейбір көлеңкелі тұстардың белең алуына да жол ашады. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіз жастар мен кейбір теріс ойлы қызметкерлер өз міндеттеріне енетін лауазымдық нұсқаулар мен мемлекеттік заңнамаларды біле бермейді, кейде «өзім білемін» ұстанымын қолданады. Адамдардың өз құқықтарын қорғау жөніндегі сауатсыздықтарын пайдаланады. Мәселен, кейбір мекемелер «штат (бірлік) қысқарды» деген желеумен қызметкерлерге өз қолынан жұмыстан шығуға арыз жаздырып алады. Мұны қалай түсінуге болады?

Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Марат Ахметжанов ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру жолдарын талқылаған жиын өткізді. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен бұл басқосуға облыстық департамент, басқарма, кәсіпорын басшылары, аудан әкімдері, күштік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Департамент басшысы қабылданған стратегияның маңызына тоқталып, елімізде сыбайлас жемқорлықтың кеңінен таралуының себебін мемлекетте әлеуметтік ахуалдың, халықтың құқықтық санасының әлі де болса төмен деңгейде болуынан, билік құрылымдарының жауапсыздығынан және заңнаманың тиісті деңгейде орындалмауынан деп түсіндірді. Сайып келгенде, аталған стратегияны қабылдаудағы міндет – мемлекеттік қызметке деген халық сенімін қайтару, арттыру болса, ендігі жерде кез келген арыздар мен шағымдар тіркелген сәттен бастап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан былай сыбайлас жемқорлық бойынша істі болып жазаланған адамға мемлекеттік қызметке келуіне өмір бойына тыйым салынады.

Жиында аталған тақырыпқа байланысты депутат пен кәсіпкерлер палатасының басшысы, қоғамдық бірлестік жетекшісі және басқалар сөйлеп, нақты жайлардан ойлы мысалдар келтірді. Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов аталған жиынды қорытындылай келіп, Елбасы ерекше назар аударып отырған бұл мәселені ауыздықтау үшін жемқорлықпен күрес тетіктерін іске қосудың және барлық жерде қатаң тәртіп орнатудың маңыздылығын атап айтты.

Осы ретте барлық жерде мемлекеттік тәртіптің сақталуында  біз сөз етіп отырған қоғамдық кеңестің маңызы ерекше. Қабылданған заңдардың бәрі тұшымды, барлық талаптарға жауап береді деу де қиын. Кейбір сыбайлас жемқорлыққа еріксіз жол ашатын әрекеттерге қарсы күрес талаптарын жетілдіріп, толықтыру енгізуде бұқарамен еркін байланыстағы қоғамдық кеңес тиімді жұмыс жүргізе алады.

Аталған кеңес міндетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған бағдарламадан бөлек, қоғамдық мониторинг қорытындыларының нәтижесі бойынша азаматтық қоғамның ұсыныстарын талқылау да жатады.

Көп жағдайда  «Бір көзден» конкурсының жеңімпазын анықтауда сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі. Оны болдырмаудың бір жолы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, құзіретті орындарға жеткізу де – қоғамдық кеңестің міндеті. Сонымен бірге, кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін қолдау мен байланыстың құқық қорғау қызметін реттейтін құқықтық нормалар бойынша ұсыныстар әзірлеу де күн тәртібіндегі мәселенің бірі болып табылады.

Осы орайда қоғамдық кеңес мемлекетімізді сыбайлас жемқорлық сияқты келеңсіз әрекеттен сақтауға, агенттікке мемлекеттік қызметке қойылатын талаптарды орындауға байланысты сенімді көмекші болатындығына сенім мол.

Қысқасы, «елде сыбайлас жемқорлықты тоқтату үшін не істеу керек?» десек, ең алдымен халықтың билікке деген сенімін арттыратын шаралар алған дұрыс. Ол үшін мемлекеттік қызметтің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету, қажет жағдайда өз мүддесінен ел мүддесін әркез жоғары қою.

Егер әділін айтсақ, бұл күнде құқық қорғау орындарына тұрғындардың сенімі төмендеген. Оған себеп – өздері. Мәселен, облыстағы көптеген жеке қожалықтар ақ адал малының ұрланғанын, сол барымташылардың ішінде күштік құрылым өкілдері, учаскелік полицейлердің жүргенін айтып шағымданады. Ал, оны қорғайтын сот, прокуратура болса, оның өзі де жәбірленушінің емес, ұры-қарының сөзін сөйлейтін фактілер кездеседі. Сонда ет бүлінбес үшін тұз себеміз, ал тұз бүлінсе не істемекшіміз? Міне, бұл арада күштік құрылым басшылары бізбен бірлесе, адал жұмыс істегені дұрыс болар еді.

Әңгіменің түйіні сыбайлас жемқорлық – өсер елдің өркениетіне жат, тәуелсіздікті тамырынан құртар жегі құрт, сондықтан, ол өте қауіпті. Сайып келгенде, еліміздің тәуелсіздігі – біздің ең басты құндылығымыз. Ендеше, құндылыққа аса сақтықпен және қырағылықпен қарайық!

 

Мұхит ИЗБАНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары,

Тәртіптік кеңес төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button