Жауапкершіліктің жүгі ауыр
Әкімдер өздерінің қалаларында, аудандары мен елді мекендерінде жаяу жүруі тиіс. Егер бұлай болмаса бұл аумақтарда орын алған олқылықтар өзгеріссіз қала беруі әбден мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте атап айтты.
Мемлекет басшысы айтқандай, біздегі біраз нысандарда кемшін тұстар өте көп. Мәселен, Атырау қаласындағы кейбір балалар ойын алаңдарының көрінісі көңілді көншітпейді. Пайдалануға берілгеніне біраз уақыт болмаған нысандардың өзі қирап, сынып, айналасы қоқысқа толы болады.
Ашылу салтанаты кезінде ойын алаңдары ерекше жабдықталып, жарқырап, ерекше көз тартып, әсемденіп тұрады. Алайда, бәрі әдемі көрінгенімен, мұндағы жабдықтардың сапасыз дүние екені пайдалануға берілгеннен кейін көп ұзамай-ақ байқалып жатады.
Жуырда «Жаңаталап» және қаламыздағы ауылдық округтерге бардық. Мұнда қоқыс жәшіктерінің толып, оның айналасын айтпағанда, кейбір жерлерде тұрмыстық қалдықтардың шашылып жатқанын көрдік.
Осыған дейін «Арнаулыавтобаза» ЖШС-ына хабарласқан едік, алайда, олар бұл жерге жауапты алматылық компанияның бірі екенін айтты.
Атыраудың күл-қоқысына неге алматылық немесе өзге облыстың компаниясы жауап беруі керек? Зерделесек, әлгі алматылық компания мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңімпаз болып, «бағы» жанғандардың бірі екенін атап өтті.
Міне, осындай жағдайлар жұмысты мойнына алған кәсіпкерлердің жауапкершілігінің жоқтығын айқындап тұр. Тиісті конкурстарға қатысып, қаржыны көздеген мұндайлардың арғы жағында жұмысты жүйелі атқаруға деген шынайы ниеттің жоқтығы рас. Сондықтан, мұндай келеңсіздіктер «баяғы жартас, бір жартас» болып жалғаса бермеуі керек.
Жергілікті жердің жұмысын атқаруға сол аймақтағы кәсіпкерлер ғана тартылуы қажет деп есептейміз. Өйткені, проблема орын алған жағдайда, оның жергілікті өңірден шешілуі де тез болары анық.
Бүгінде қалада жолаушылар тасымалында да келеңсіздіктер орын алып жатады. Мұны қоғамдық көлікті күнделікті пайдаланатын тұрғындар ғана жақсы түсінеді. Сондықтан әкімдер қоғамдық көліктермен де жүруді әдетке айналдырса, жолаушылар тасымалындағы проблемалық мәселелер де орын алмас еді.
Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен Атырау қаласындағы «Вокзал маңы» ықшамауданы мен С.Датов көшелеріндегі учаскелерге тікелей жауаптымын. Қазір С.Датов көшесі кеңейтіліп жатыр. Жұмыстар әлі жасалып жатқанымен, оның жүйелі, сапалы орындалысын қатаң бақылау қажет. Жол пайдалануға берілгеннен кейін әлгіндей сындар қайталанбауы үшін сапаны қазірден-ақ бақылауға алған маңызды деп ойлаймын.
Нұрлыбек ДАРАЛИЕВ,
облыстық мәслихат депутаты