ХАЛЫҚ АМАНАТЫ – ЕҢ ҮЛКЕН АБЫРОЙ

Халық қалаулылары қай кезеңде де өз сайлаушыларының мүдделерін орындау мақсатында маңызды мәселелерді көтеріп келді. Мәселен, аудан жұртшылығының ғасырлар бойғы арманы болған қос құрлықты жалғайтын көпір және екі беттегі елді мекендердің толық газдандырылуы, Атырау-Индер тас жолының салынуында мәслихат депутаттарының қолтаңбасы жатыр.

 Орындалмас армандай көрінген Атырау-Орал жолы жөнделіп, көпір салынып, ақиқатқа айналса, жуық арада Бұқар беттегі жол құрылысы да аяқталғалы отыр. Сонымен қатар, өткен ғасырдың аяғына таман Елтайда жаңа емхана, Құрылыста, Ынтымақта фельдшерлік-амбулаториялық пункт,  «Көктем» қазақ орта мектебінің салынғаны да күні кешегідей есімізде. Соңғы мәселені аудандық мәслихат депутаты Қ.Кәрім аудан әкіміне сауал түрінде жолдаған  еді. Артынша бұл жұмыстың орайы табылды. Ауданда бір емес, үш бірдей жаңа оқу орны салынды. Сол ретте әр сессия сайын сөз болған Индербордың мәртебесін анықтауға байланысты көтерілген мәселе де орайын  Астана арқылы тапты. Сөйтіп, Индербордағы мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлерге  ауылдық жерде тұруына байланысты коммуналдық төлемдер төленетін болды. Бұл қадам қазіргі кезде жеңіл шешілгендей көрінуі де мүмкін. Бірақ, сол кезде әлеуметтік- экономикалық қиындықтарды әр мамандық иесінің   өзінің жеңуіне тура келген еді. 

Депутаттар сауалдарында, жеке қабылдауларында  көтерілген жайттарға орай Аққалада  бос  тұрған  ғимараттың   клубқа айналуы, аудан елді мекендерінің 99 пайызға дерлік газдандырылуы, ұлттық гимназияның ашылуы, мешіттің салынуы, елді мекендердің қазақша атауларға ие болуы, ауыл-селоішілік және  кірме жолдардың жөнделуі, тағы басқа мәселелер орайын тауып іске асырылып келеді. Сөз жоқ, мұның бәрі – аудандық мәслихат пен аудандық әкімдіктің бірлесе атқарған жұмысы. 

Мәслихат жұмысында халық сенімін арқалаған депутаттардың жеке белсенділігі ерекше орынға ие болатыны анық. Мәселен, төртінші шақырылымның депутаты, сол кездегі «Нұр Отан»  партиясының  мәслихаттағы фракция жетекшісі С.Халықов сессия мінберлерінде сайлаушылардың мұң-мұқтаждарын, соның ішінде «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалысы жөнінде депутаттық сауалын жолдап, оған жергілікті атқарушы билік органдары араласып, тиісті сала басшылары мен округ әкімінен жауапкершілік сұралып, есептері тыңдалды. Бұл оң тәжірибе бүгінде де жалғасын тауып келеді. Депутат О.Ділмұқашева 2010-2011 жылдардағы аудандағы мұғалімдерге  тиісті  айырма ақшаның төленбей жатқанына байланысты жауапты орындарға сауал қойған болатын. Бұл мәселеге аудан басшысы назар аударып, нәтижесінде қажетті қаржы табылып, мұғалімдер ұжымы бір қуанып қалды. Сонымен қатар,  Индербор кентінің С.Сейфуллин көшесіндегі №14 сегіз пәтерлік тұрғын үй өртеніп, тұрғындары қысты күні баспанасыз қалғанда да депутаттар одан сырт қалмады. Бұл мәселе төртінші шақырылған мәслихат депутаттары тарапынан көтеріліп, сол жылы қаржыға байланысты шешімін таппаған-ды. Осыған орай депутаттардың ұсыныстарымен аудан әкімі мәселе көтеріп, оны облыс әкімі қолдап, ұзамай өртенген үй тұрғындарының барлығына пәтер берілді. 

Жалпы  бесінші  шақырылған мәслихат пен оның депутаттары жұмысына келсек, 2012-2013 жылдары он тоғыз сессия өтіп, онда 169 шешім қабылданды. Депутаттық қабылдаулардың да билік пен бұқараны жақындатуда атқарып отырған рөлі зор. Қабылдауға келген тұрғындардың өтініш-тілектерінде «жергілікті шикізатты пайдаланып отырған кәсіпорындардың ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда белсенділік танытса» деген ұсыныстары да болды. Бұл тілек аудан мен облыс басшылығына дейін жетіп,  бүгінде  «Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ,  аудан әкімдігі мен «Желездорожник-2007» арасында үш жылда 100 млн. теңге демеушілік қаржы бөлу жөніндегі меморандумға қол қойылып, жұмыс басталды. Жалпы қабылдауда айтылған ұсыныс-пікірлер, тұрғындардың талап-тілектері зерделеніп, тиісті округтер әкімдеріне, бөлімдер мен мекемелер басшыларына жолданып, орындалысы аудандық мәслихат аппаратының тұрақты бақылауында келеді. 

Мәңгілік  Ел  болуға  ұмтылған тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан нығая түсуіне мәслихат депутаттары қашан да өз үлесін қоса бермек.

Бағдат САПАРОВ,
Индер аудандық
мәслихатының хатшысы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз