ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, Жолдауда қамтылған қаржы секторын тұрақтандыру, бюджетті ықшамдау, мемлекет мүлкін жекешелендіру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясатты дамыту бағыттары бойынша нақты іс-шаралар белгіленген. Соның ішінде, инфрақұрылымдарды жетілдіруге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғыртуға, кәсіпорын-мекемелердегі жұмыс орындарының сақталуына, жұмысшы мамандарды қайта даярлау мен кәсіптік бағдар-білім беру жүйесін жақсартуға баса көңіл бөлінбек. Бұдан бөлек, әлеуметтік әлсіз топтардың жағдайын жақсарта отырып, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың санын азайту көзделуде. Еңбекке жарамды, экономикалық белсенді азаматтардың жұмыспен қамтылуы назарда ұсталынады. Кәсіпкерліктің өрісін кеңейту, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары күшейтіледі. Мүліктің жария етілуі мен заңдастырылып отыруы да ұдайы бақылауда болады.
Актив жиналысына қатысушылар арасынан Жолдауда басымдық берілген бағыттарды қолдап, қала әкімінің айтқандарын қостап, өзіндік ой-пікір, ұсыныс-тілектерімен бөліскендер де аз болмады. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің агроэкономикалық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев тұтастай алғанда экономикалық өсімнің деңгейін көтеру мен табысқа жетудің кепілі – тиімділігі жоғары технологияларды өндіріске көптеп енгізу болып табылатындығына тоқталды. Жоғарыда айтылып кеткендей, мұның өзі шағын және орта кәсіпкерліктің табысты өркендеп, жалпы ішкі өнім көлемін көбейтуге септігін тигізері сөзсіз деп есептейді ғалым.
Әріптесінің ойын мақұлдаған Атырау мұнай және газ институтының проректоры Айгүл Майдырова қазіргідей дағдарыс жағдайында экономикалық сын-қатерлер, қиындықтармен қоса дамудың да жаңа мүмкіндіктері туындайтындығын алға тартты. Өйткені, Елбасының көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында осындай дағдарысты кезеңдерде кездесетін кедергілердің алдын алу шаралары немесе алғышарттары күн ілгері ойластырылып қойылған. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – соның айқын дәлелі. Осыны негізге алып, ендігі жерде дағдарысты ел болып еңсеріп, дамуға қарай бет-алудың амалын жасауымыз керек. Ол үшін біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті кәсіптік мамандық иелерін, атап айтқанда, техникалық білімі бар инженерлер мен орта буын мамандарды сапалы етіп даярлауды дұрыстап қолға алғанымыз жөн.
Сол сияқты, жарыссөзге қатысқан «Атырау облыстық кәсіподақтар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Диас Сұлтанов Елбасы Жолдауында, оған қоса Ұлт жоспарының 83-ші қадамында көрсетілгеніндей, бұдан былайғы жерде еңбек қатынастарын ырықтандырып, келесі жылдан бастап күшіне енгелі отырған «Еңбек кодексі» талаптарын тараптардың мүлтіксіз орындап, еңбек адамдарының заңды құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы қатаң қадағаланатындығын жеткізді.
Жарыссөзді жалғастырған Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Айгүл Рзағұлова да Жолдау жүктеген міндеттерді қысқаша сараптай келе, күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі мүлікті жария ету екенін атап айтты. Науқан басталғалы бергі бір жылдан астам мезгілде қалада 682 нысанды жария қылуға қатысты 621 арыз қабылданған. Соның 489-ы арнайы құрылған комиссиямен қаралып, 500 нысан бойынша ресімдеу жұмыстары жүргізіліп, заңдастырылған. Ал, шетелдерде жылжымайтын мүлкі немесе қаражаты сақталған азаматтардан 3 қана арыз келіп түскен. Жалпы алғанда, жауапты науқанның баяу өтіп жатқандығын ескерткен департамент өкілі оның әрекет ету мерзімінің 2016 жылдың соңына дейін ұзартылғандығын, сол себепті де берілген мүмкіндікті жіберіп алмау қажеттігін қаперге берді.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.