БОЛАШАҚҚА БАЙЫПТЫ БАҒДАР

Біз республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, «Қазақстанға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», «Халықтар Достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерінің және Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы көрмесінің күміс және қола медальдарының иегері, «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы»  Сайпол МҰҚАНОВПЕН кездесіп, Елбасымыз және оның «Нұрлы Жол» атты жаңа Жолдауы туралы әңгімелескен едік. Төменде осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атқанына да 23 жыл болып отыр. Біздің еліміз бүгінде дүние жүзіне танымал мемлекет атанды. Елбасымыз қияндағы Қызылқоға өңіріне тұңғыш қадам басқанда Сіз кездесіп, қолын алдыңыз? Сонда қандай әсерде болдыңыз?

-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Атырау облысының ең қиырдағы Қызылқоға аймағына екі рет келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Осынау екі кездесуде де біраз оқиғаларға куә болдым.

Ең алғаш рет Елбасымыз  Қызылқоға өлкесінің  топырағына 1991 жылы  қараша айының 11-жұлдызында келді. Ол кезде ескі әуежайдан қарсы алдық. Ашаң жүзді, кең маңдайлы, келбетті, шырайлы өңінен нұр төгілген Елбасы біздермен емен-жарқын әңгімелесті. Елдегі жағдайды сұрады. Қазақ баспасөзі туралы сұхбаттастық. Сол кезде республикада шығатын газеттерді түгелдей жарқыратып, іліп қойғанбыз.  Кездесуде Елбасы Қызылқоға өңіріне табиғи отын – көгілдір газдың келетінін, ауыл түгелдей таза ауыз суын пайдаланатынын, қарабайыр жолдардың орнына тақтайдай тегіс тас жолдар төселетінін әңгімелеген болатын.

Нағыз көреген, болашақты болжай білетін жанның айтқаны айнымай келді. Талай ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған табиғи отын – көгілдір газ келіп, қырда отырған қалың елдің қолы жетпестей көрінген асыл армандары орындалды. Ауыл әйелдері таңсәріден тұрып, қолдарына шелек ұстап, өріске беттеген сиырлардың соңынан еріп,  тезек теруден құтылды. Таза ауыз суы үйімізге келіп тұр, тақтайдай тегіс тас жолдар төселуде.

1995 жылы Қызылқоға ауданының аумағында «Орысқазған» кеніші ашылды. 1996 жылы маусымның 10-жұлдызында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қатынасуымен «Солтүстік Қотыртас» кеніші пайдалануға берілді. Міне, осы кездесуде Елбасымыз бұл өңірдің болшағының зор екенін, әлі де мұнай орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесінің шешілетінін айтқан болатын. Нақ солай болды да. 1999 жылы мамыр айында «Шығыс Молдабек» кеніші іске қосылды. «Тайсойған» барлау блогы бойынша табысты жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнай өндіретін екі кен орны ашылды. 2007 жылдан бастап «Уәз», «Қондыбай» алаңдарында сынамалы пайдалану жұмыстары жүргізілді.

2014 жылдың 9 айында ауданның барлық өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнімнің көлемі 76506 млн. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12668,0 млн. теңгеге жоғарылады. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 104,8 теңге болды. 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек  айларында «ҚайнарМұнайГаз» басқармасы мен Бірлескен кәсіпорын «Мәтен» ЖШС-і арқылы 524,5 мың тонна мұнай өндірілді. «ҚайнарМұнайГаз»  басқармасында  мыңға жуық адам еңбек етуде. Барлық мұнайшының 400-ге жуығы қызылқоғалықтар. Басқарма жұмысшыларының 44 пайызын жастар құрап отыр. Міне, көрдіңіз бе, Елбасының келешекті көре білуі мен қажырлы еңбегі, іске талап тұрғысынан қарауы арқасында ел экономикасы өркендеп, оған жергілікті тұрғындардың көптеп тартылуына жол ашылды.

Елбасымыздың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауының бұрынғы құжаттардан  ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

–  Президент 1996 жылдан бастап Қазақстан халқына өзінің Жолдауларын арнап келеді. Соның нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалы жылдан-жылға үлкен табыстарға жетіп, әлемдік қауымдастықтағы өз орнын айқындады. Мәселен, 1997 жылғы Жолдаудың рөлі өте ерекше. Баршаға белгілі, онда 2030 жылға дейінгі барлық іс-шаралар нақты айқындалып берілді. Ал, биылғы Жолдау да елімізге жаңа күш пен ерекше серпін әкелді.

Елбасы  Жолдауында  жиырма жылдың ішінде Қазақстан Республикасында жаңа тұрпатты мемлекет қалыптасқанын айтты. Енді сол мемлекетті нығайту, іргесін бекіту керек.

Мемлекет басшысы Жолдауда үш мәселені айрықша атап айтты: денсаулықты, білімді, ауыл шаруашылығын дамытуға тапсырма берді. Осынау салаларға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Мемлекетіміз саяси жағынан тұрақты, берік, халқымыз тату, экономикамыз қарқынды, қорғанысымыз күшті болуы керек десек,  міне, осы жолдың барлығын – енді «Нұрлы Жол» көрсетеді. Елбасының қабылдаған шешімі өте маңызды, күрделі мәселені шешуге арналған.

«Нұрлы жол» – біздерді асқаралы биіктерге бастайтын айқын да қастерлі бағыт. Елбасы еліміздің орталығы – Астананы Қазақстанның аймақтарымен күн сәулесіндей байланыстыратын көлік инфрақұрылымына басымдық беретінін айтты. Атыраулықтар үшін Жолдаудың алғашқы бағыты бойынша басты жаңалық – бұл «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автокөлік жолының көлік инфрақұрылымын дамыту бағытына енуі. Облыста республикалық жолдардың жөнделу қарқыны баяу болатын.  Мәселен, биыл жыл соңына дейін жөнделетін 191 шақырымдық жолдың ішінде республикалық маңызы бар бірде-бір шақырым жол жоқ.

Енді жаңа Жолдау жүктеген міндеттерге орай жол құрылысы жұмыс орындарын ашумен қоса, құрылыс индустриясын дамытуға үлкен мүмкіндік туғалы отыр. Былтырдан бері облыста Индустрияландыру картасы аясында бірнеше жаңа жобалар – құрылыс ұйымдары жасақталуда. Аталған республикалық жолдар енді жол құрылысына  қажетті материалдар шығаратын осындай мекемелердің тағы да бой көтеруіне түрткі болады. Тақтайдай тегіс тас жолдар төсеу, ауылдарды таза ауыз суымен қамту, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары  алдағы жылы да қарқын алатынын біліп отырмыз. Соның арқасында Қызылқоға аймағы әлі де адам танымастай өзгеретін болады.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Мағрупа ҚАЗИХАН.

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз