Жарнама
Саясат

Жастар тұрақты жұмыспен қамтылса…

Өкінішке қарай бүгінде қоғамда бұрын-соңды естімеген келеңсіз оқиғалар көбейді. Ұлттық менталитемізге мүлдем қайшы жағдайларды естіп, көргенде жан түршігеді. Мәселеге тереңнен үңілсек, бұл жайттардың астарында жастардың бос жүрісінің салдары жатқаны да рас.

Сондықтан, елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ең әуелі халықты, соның ішінде жастардың жұмыспен қамтылуы күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге айрықша назар аударып, Үкімет үшін аса маңызды міндет деп атауы өте құптарлық.

Бұрын жастар еңбекке тартылды. Көшеде бос жүріс деген болмады. Қазір кейбір жастардың «жұмыссызбын», «дипломыма сәйкес жұмыс жоқ» деген сылтауларын жиі естиміз. Мұндайлардың ата-анасына масыл болып жүргендері өз алдына, бос уақытының көптігінен теріс қылықтарға да бет бұра бастады. Бұл үрдіс жалғаса берсе қоғамда әлі талай сұмдықтардың пайда болары анық. Сондықтан, Мемлекет басшысы айтқандай, қазір еңбек нарығында жастардың үлесін арттырған жөн. Осы бағытта Президент Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілгенін айтты.

«Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн» деген Президенттің сөзіне толық келісімен. Тұрақты жұмыс орындары қалыптасса, жастар қашан да жұмыссыз қалмаса біраз мәселенің алдын алған болар едік.

Бұдан басқа, елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітіліп, соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделгені де көңілге қонымды. Бір қуанарлығы, бюджеттен 130 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Үкімет тарапынан қолға алынған бұл қолдауда жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар қамтылады екен.

Ендігі уақытта Президент алған қойған осы тапсырмалардың жүйелі іске асырылғанын қалаймын. Әр міндетті орындауда көзделген қаражаттар сауатты тұрғыдан тиімді жұмсалуы керек. Қандай жұмысты қолға алсақ та ел болашағы үшін екенін ұмытпасақ игі.

Қымбат КӘРІМ,

Білім беру ісінің ардагері.

Индер ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button