ЖАСТАР СЕНІМДІ АҚТАЙДЫ
Ұлт Көшбасшысы әрдайым өз сөзінде жастарға «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер!» деген еді. Осынау қанатты сөздері бойымызға рух беріп, жауапкершілікті сезіндіре түседі. Қазіргі таңда жас буын өкілдерінің білімді, білікті болып шығуына көп мүмкіндіктер жасалуда. Назарбаев университеті, зияткерлік мектептер, Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы білім мен ғылым қуған жастарға үлкен қамқорлық болып отыр. Бұл бағдарлама бойынша еліміздің мыңдаған студенті мен жас маманы әлемнің түкпір-түкпіріндегі аты әлемге әйгілі оқу орындарынан білім нәрімен сусындап қайтты. Келешекте олар Отанымыздың әлеуетті кадрлық резервін арттыратыны анық. Қаншама жастарға оқу гранттары, стипендиялар, сыйлықтар бөлініп жатыр, ол жастарға да, ата-аналарына да үлкен көмек деп білемін.
Біздің «Қазақстан Студенттер Альянсы» республикалық қозғалысы да Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауымен құрылған болатын. Бүгінгі таңда көптеген студенттер «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша басқа елдерде білім алып, тәжірибе жинауда. Көптеген жастарымыз еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті шет елдерде өтетін ғылыми жоба, конференцияларға, конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Оның үстіне, 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы артатыны белгілі болды. Жағымды жаңалыққа бәріміздің де бойымызды қуаныш кернеп, сабағымызды одан да жақсы оқуға ынтамыз арта түсті. «Жоғары үлгерімі бар студенттерді қолдаудың тиімді жүйесін құру қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын» деді Президент Жолдауында. Елбасының айтуынша, 2050 жылға дейін Қазақстанда ұлттық білім берудің барлық буындарын жақсартуға бағытталған шаруалар жетіп артылады. Демек, бұл салада әлі инновациялық жобалар қолға алынады деп сенемін.
Өзімнің Атырау мұнай және газ институты қабырғасында оқи жүріп, 3-курста мемлекеттік грантқа ие болуымды, одан кейін «Worley Parsons», «Fluor» компанияларынан тәжірибеден сәтті өткенімді білім ордасымен байланыстырамын. Біле-білгенге студенттерді ынталандырудың маңызы зор. Жас болсам да, «Нұр Отан» партиясының XV съезіне қатысып қана қоймай, партияның «50 жаңа тұлғасы» қатарына енуім өмірімдегі елеулі оқиғалардың бірі болды.
Аға буынның қолдауына ие болған жастар алға қойылған мақсаттар, жалпы ел мұраты жолында, дамыған ел болу жолында үлкен еңбек атқаратынына мен де сенімдімін!
Әсел СЕРІКОВА,
«Қазақстан Студенттер Альянсы» республикалық қозғалысы Атырау қалалық штабының көшбасшысы.