Саясат

Жарық жиі сөне береді

Тұтынушыларды жеткілікті электр қуатымен тұрақты және үзіліссіз қамту, энергетикалық қауіпсіздікті сақтау – қай кезде де күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе, стратегиялық маңызға ие мемлекеттік міндет саналады.  Бұған ел Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында да басымдық беріледі. Осы орайда Үкімет пен салалық ведомоствоға тиісінше тапсырмалар жүктеліп, кешенді бағдарламалардың қабылданғаны да белгілі. Ендігі әңгіме солардың нақты орындалысына, яғни қаншалықты деңгейде іске асырылуына тіреледі. Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен «Қазақстандық электр желілерін басқару компаниясы» («KEGOC») АҚ (ұлттық оператор) басшылығына жолдаған депутаттық сауалына да осы жайт арқау болып отыр.

«Осы жылдың басында мұнайлы өңірдің 2023-2024 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне әзірлігі мен өту барысымен танысу мақсатында Атырау облысына  сапарымда осындағы электр энергиясын өндіру және таратумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысына назар аударған болатынмын. Сонда байқағаным, бұл компаниялардың жұмысына тұтынушылар, әсіресе тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар аз емес екен. Олардың айтуларынша, былтыр да, биыл да желі бойында апатты ажыратулар жиілеп, көпқабатты үйлер мен жеке сектор тұрғындары ұзақ уақыт жарықсыз қалған. Мұндай жағдайдың орын алуына желідегі жүктемені ажыратудың немесе азайтудың автоматтандырылған жүйесінің іске қосылуы себепші болған» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Дүйсенбай Нұрбайұлы.

Ережеге бағыну – ортақ талап

Мәжіліс депутатының сөзінше, республиканың батыс аймағында, әсіресе Маңғыстау мен Атырау энерготорабында электр қуатының тапшылығы байқалған кезде, бүкіл желіде орын алуы ықтимал апатты жағдайды болдырмау үшін осы жүйе автоматты түрде іске қосылатын көрінеді. Нақтылай кетсек, бұған ең алдымен электр тогын тасымалдаушы 110 және 35 Кв кернеудегі, атап айтқанда Л-101, Л-101 А, Л-145, Л-120, Л-1 «Ц», Л-2 Ц «Ц», Л-4 «Ц», Л-5 «Ц» әуе желілері ілігеді. Сол мезетте барлығы 61 мыңнан астам адам қоныстанған Атырау облысының Махамбет және Қызылқоға аудандарында электр қуаты толықтай болмай, олардың бірнеше сағат, кейде тіпті тәулік бойы жарықсыз отыруына тура келеді. Одан бөлек, облыс орталығының (қаланың) сол жақ жағалау бөлігі осындай қиын жағдайға тап болады екен.

Басқасын былай қойғанда, бүкіл шаһарды ауыз сумен қамтып отырған «Атырау облысы су арнасы» КМК-на қарасты су көтеру станциясына берілетін электр желісінің бойында кернеудің төмендеп кетуінен бірқатар өмірлік маңызды әлеуметтік нысандар (Алмагүл шағынауданындағы қалалық перзентхана, облыстық кардиология орталығы, жылу беру бекеттері, сондай-ақ Атырау жылу-электр орталығының су жинақтау  бекеттері) зардап шегеді.

Энергетика саласындағы заңдылықтардың жүзеге асырылуын қадағалайтын құрылым мамандарының мәліметінше, бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Ел көлемінде бекітілген «Электр желілерін пайдалану ережесінде көрсетілгендей, әңгіме арқауына айналып отырған жүктемені азайтудың арнаулы автоматикасы электр қуатының тапшылығы жиі қайталанатын, технологиялық процестің сипатына немесе ерекшелігіне байланысты, кенеттен, күтпеген жерден  ток көзінен ажырап қалуы мүмкін. Яғни соған бейім келетін желіні қолданушы нысандарда ғана өздігінен іске қосылады. Дегенмен, мұнда аталған жүйенің өзіне тән қағидалары, параметрлерінің ереже талаптарына сай сақталуы қатаң ескерілуі тиіс.

Мамандардың тілімен түйіндегенде, мұндағы ең маңыздысы – автоматты ажырату жүйесінің мүмкіндігі басқа да желі қолданушыларының апатты жағдайдан шығып кетуіне жеткілікті болуы керек.

Қағиданың ескерілмеуінен ел зардап шекті

Осылайша, апатқа қарсы автоматика жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету үшін оған бірінші кезекте ірі желі пайдаланушылары, содан соң, қуат көлемінің жетіспеушілігі байқалған жағдайда ғана өзгелері қосылады. Осы заңдылықты ескерсек, әңгіменің басында баяндалғанындай, 35Кв Л-1Ц, Л-2Ц, Л-4Ц, Л-5Ц, 110Кв Л-101, Л101 А, Л-145, Л-120 желілерінің автоматты ажырату жүйесіне қосылуы ережеге қайшы жүргізілген болып шықты. Яғни, ереже бойынша осыларды біріктіретін ЛЭП 35-110Кв желісіне бұл жүйе екінші кезекте қосылуы қажет еді. Өкінішке қарай, осы жолы бұл қағида ескерілместен, керісінше жасалған. Оның үстіне, желі пайдаланушыларының автоматты ажырату жүйесіне қосылу уақыты 20 минуттан аспауы тиіс. Нақтысында, бұл заңдылықтың сақталмағаны белгілі болып отыр.

Сайып келгенде, осындай олқылық пен ағаттықтың салдары екінші кезекте ажыратылуға тиісті желілердің бірінші кезекте өшіріліп, бірнеше шағынаудан мен елді мекеннің ғана емес, тұтастай өңірлердің ұзақ мезгіл жарықсыз қалып, тұрғындарға елеулі қолайсыздық тудырғаны шындық. Ең бір қиындық келтіргені, апатқа қарсы автоматиканың мейлінше ұзақ мезгіл іске қосылып тұруы резервті жұмылдырып, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, ток көзінен ажыратылған нысандарды неғұрлым қысқа уақытта, жедел түрде жарықпен қамтуға мүмкіндік бермегенін де жоққа шығара алмаймыз. Бұдан былай зардабын бұқара халық тартып, азабын шегетіндей жағдайдың орын алуына жол берілмеуі керек. Осының бәрін қаперге ала отырып, қала мен ауылдық елді мекендердегі өмірлік маңызды нысандардың электр қуатымен үзіліссіз қамтылуына қол жеткізу үшін автоматты ажырату жүйесіне кіретін объектілердің тізілімі мен ретін қайта қарап, өзгерістер енгізген дұрыс.

Ойындағысын осылай түйіндеп, сөзін сабақтаған мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов  атыраулықтарды алаңдатқан мәселенің оң шешімін табуына септігін тигізер депутаттық сауалын Үкіметке жолдауды жөн санапты. 

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button