Жаңарудың игілігі жастар үшін
Атырауда 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беріп жатқан студенттер көп, деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов референдумға дауыс берер сәтінде мәлімдеді.
«Бүгін референдумға қатысып, маңызды қадам жасап, жалпыхалықтық ауқымды шараға қолдау білдіріп, үлесімізді қосудамыз. Референдум мемлекеттің құрылымына, басқару үлгісіне елеулі өзгерістер алып келетін оң реформа ғана емес, жылдар бедерінде тиімді де өміршең екенін айқындауы тиіс түбегейлі бетбұрыс болады деп сенеміз. Сондықтан, бұл науқаннан шет қалмай, азаматтық ұстанымын білдіру – халықтың келешегіне бей-жай қарамайтын, «елім», «жерім» деген кез-келген адамның міндетті, парызы деп білемін» деді ол.
«Елде жасалып жатқан жарқын жаңғырулар болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалатын белгілі. Сол себепті, келешекте мемлекет тізгінін ұстар жастар үшін референдумның орны ерекше, артатын жауапкершілігі үлкен. Осы орайда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бекітілген мерзім ішінде ұжымға, студенттерге шараның мән-маңызын түсіндіру мақсатында көптеген жұмыс атқарылды. Оқу орнында соған бағытталған бірнеше кездесу ұйымдастырылып, жастардың қатысуымен арнайы бейнеролик жасалды. Соның ішінде, биыл 18 жасқа толып, алғаш рет «дауыс беру» құқығын пайдаланып отырған студенттеріміз де бар екенін айта кеткен жөн» деді Саламат Идрисов.