ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫНАН ЖЕР БЕРІЛМЕЙДІ
Департамент басшысының айтуынша, Ұлттық қорға есепті мерзімде 1 473,1 млрд. теңге салық түскен. Одан әрі салықтық түсімдердің орындалуы және салық салынатын базаларды кеңейту мәселелеріне тоқталған ол Жол полициясы басқармасы, Әділет департаменті, Жер қатынастары басқармасы және Экология департаментімен арада тығыз жұмыстың жасалып жатқанын айтты. Есепті баяндамадан соң депутаттар бюджетті толықтыруда басты рөл атқарып отырған аудандардағы салық бөлімдерінің жайы туралы сұрады. Айтуларынша, Исатай ауданындағы салық бөлімінде не ғимарат, не көлік жоқ көрінеді. Материалдық база да нашар. Бұл орайда департамент басшысы Нұржан Байғазиев ел бойынша 11 мың салық ғимараты болса, мұндай проблемалардың көп ауданға ортақ екендігін айтты. Сөзіне қарағанда, салықшылардың мәселесі әзір шешілмейтінге ұқсайды. Бұл мәселеге орай облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов депутаттарға салық ғимараттарының, техникалық жағдайының нашарлығы жөнінде Қаржы министрлігіне хатпен шығу туралы ұсынысын айтты.
Күн тәртібінде қаралған кезекті мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева баяндама жасап, депутаттардан «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автокөлік жолының жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға, Ішкі істер департаменті бойынша мобильдік радиостанция, жылдамдық өлшемдері және борттық компьютерлер сатып алуға, Махамбет ауданында «Бірінші мамыр» ЖШС сүт-тауарлы фермасы жобасын іске қосуға қаражат бөлуді сұрады. Бұл орайда облыс басшысы субсидияға көбірек көңіл бөлу керектігін айтып, агрокешенге қолдаудың қашанда жалғасатындығын айтты. Сессия барысында, сондай-ақ, 2014-2016 жылғы облыс бюджеті бекітілді. Депутаттардың бірлесе кеңесуімен, айлық есептік көрсеткіш 1852 теңге, зейнетақы базасының мөлшері 9 983 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 19 966 теңге болып бекітілді.
Айта кетер бір жайт, қала тұрғындары шағымданып келген «Лесхоз», «Нұрсая» ықшамаудандарындағы сарқынды су қабылдайтын жерлердің жұмысына сот шешімімен тыйым салынғаны белгілі болды. Заңсыз берілген жерлер дегеннен шығады, сессия барысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ірілі-ұсақты кәсіпкерлердің бала ойнайтын алаңдарға кеңселер салып алғандығын сынға алды. «Интернат үшін бөлінген жерге көп қабатты үй салынып тасталған. Енді міне, Исатай-Махамбет алаңын да тарылтып, құрылыс салудасыздар. Бұл не қылған бассыздық?» деген облыс басшысының сауалына қала әкімі Серік Айдарбеков жауап берді. Оның айтуынша, бұл жерлерді кезінде Цеснабанк сатып алған көрінеді. «Бара-бара Жайықтың үстінен арал салып, үй тұрғызып отырмасақ жарар еді» деп жер бөлудегі бассыздыққа реніш білдірген өңір басшысы тиісті орындарды аудандардан да, қаладан да Жайықтың бойынан жер беруді доғаруға міндеттеді.
Айтпақшы, жыр болған концерттік залдың құрылысы жалғасады деп отырғанымызда, нөлдік деңгейден қайта бастап салынуы мүмкін. Белгілі болғанындай, арнайы шақыртылған сарапшылар «концерттік зал құрылысының 90 пайызын демонтаж жасау керек» деген шешімге келіпті. «Әйтпесе, төбесі опырылып, концерт көріп отырған халық әп-сәтте үйіндінің астында қалуы мүмкін» деген облыс әкімі бұл мәселеде ұрланған қаржыға байланысты мемлекет қазынасынан қосымша қаражаттың сұралатындығын айтты.
Сессия барысында, сондай-ақ жасөспірімдер спортын дамыту жөнінде Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асан Раушанов баяндама жасап, алдағы жоспарларды ортаға салған болатын. Басты жаңалық сол, келер жылы Атырау қаласы Қайыршақты селолық округіндегі Талғайраң поселкесінің жанынан ипподром салынады. Бүгінде онда жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Ипподромға 70 гектар жер бөлінген. Одан әрі жастардың бүгінде 18 түрлі спорт түрімен ақысыз айналысуға жағдай жасалғанын айтқан басқарма басшысын облыс әкімі сынға алды. «Мәселен, «Бейбарыс» хоккей командасының құрамында бірде-бір атыраулық спортшы жоқ. 800 миллион теңге ақша бөліп жатырмыз. Жергілікті спортшыларымыз болмаса, ондай команданың кімге керегі бар? Мықтылардың ізбасарлары болмаушы ма еді?» деген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жергілікті маман дайындауға назар аудару керектігін айтты.
Бастысы, құжатсыз үйлер, заңсыз үлестірілген жерлер мәселесімен депутаттар етене таныс болуы тиіс. Және бұл қордаланған мәселелерді қалай шешуге болады? Құрылыс мәселесіндегі қиындықтар қалай реттеледі? Сессия соңында сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов депутаттардан осы мәселелерге орай айтқан ұсыныс-талаптарын ескеруді сұрады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.