Жарнама
Саясат

Жайдарбек ЗАЙДУЛЛИН, Атырау қалалық мәслихатының депутаты: «АМАНАТТАН АСҚАН АБЫРОЙ ЖОҚ»

 — Әңгімемізді саясатқа келу жолыңыздан бастасақ…

— Алғашқы еңбек жолым «Забурын» совхозымен тікелей байланысты. Осы совхозда бірнеше жыл экономист болып еңбек ете жүріп, 1976 жылы партия қызметіне ауыстым. Маған алдымен Махамбет, кейін Новобогат аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтері ұсынылды. Партия өз алдына үлкен өмір мектебі еді ғой. Партияға қызмет ету деген сөздің өзі үлкен жауапкершілікті жүктейтін. Сондықтан да партия қызметкері деген атқа мейлінше сай болуға тырыстым. 1979 жылдың мен үшін мәні ерекше. Өйткені, осы жылы Новобогат аудандық Кеңесіне тұңғыш рет депутат болып сайландым. Бұл мен үшін үлкен абырой еді. Өйткені, біз халықтың таңдауымен депутат мандатына  ие болдық.

— Ол кездегі тәртіп қандай еді?

— Ол кезде аудандық Кеңесте 75 депутат болды. Олардың үштен екісі жұмысшылар категориясындағы еңбек озаттары еді. Кеңестік дәуірде Кеңес Одағының Коммунистік партиясының қоғамда жетекші рөл атқарғандығы белгілі ғой, депутаттыққа кездейсоқ адамдардың сайланып кетпеуі қатаң бақылауда ұсталатын. Барлығымыз талап үдесінен шығуға тырысатынбыз. Бастысы, халық мүддесі қашанда бірінші кезекте болды.

Бүгінгідегідей темірдей тәртіп ол кезде де қатаң қадағаланатын. Депутаттыққа ұсынылған кандидаттар өз округтеріндегі сайлаушыларымен кездесіп, халық нақты мәселені алға қоятын. Олардың айтқан аманаттары ескерусіз қалмайтын және орындалысы туралы уақтылы есеп беріп тұратынбыз. Қомақты қаржы талап етілетін аманаттар тізбегі Аудандық кеңестің сессиясында талқыға түсу арқылы есепке алынып, оның орындалу барысы Аудандық кеңестің атқару комитеті арқылы қатаң бақылауға алынатын. Бастысы, барлық деңгейдегі Кеңестер қоғамдағы атқарушы, реттеуші механизмнің ролін ұтымды атқара алды.

— Еліміз тәуелсіздік алған тұста сіз кеден саласында басшылық қызметтерде, кейіннен аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болдыңыз. Осы орайда лауазымдық міндет алдындағы жауапкершілік туралы ойыңызды біле отырсақ…

— 1991 жылдан басталған жаппай тоқырау кезеңіне ерекше тоқталғым келеді. Себебі, Аудандық кеңесте басшылық лауазым атқарған тұста қызметтік міндеттер салмағы мен үшін ауыр болды. Дүкен сөрелері бос қалды, ішерге ас, киерге киім болмады. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы дегендеріңіз бірнеше айлап кешіктіріліп берілді. Тіпті, еңбекақыға беретін ақша болмай, орнына заттай есептесуге тура келген кездерді де бастан кешірдік. Дайын өнім шығаратын зауыт, фабрикалар болмағандықтан, халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік түрлері сырттан тасымалданып отырды. Бұл кезеңде кеден саласында қызмет атқарған едім. Түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп жаттық. Халықты қажеттіліктермен дер кезінде қамтамасыз етіп отыру үлкен жауапкершілікті қажет еткен іс болды.

Аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясына төраға болған кезең де мен үшін өз алдына үлкен мектеп болды. Осы салада облыстың барлық өңірлерінің мәслихаттарымен іс-тәжірбие алмасып, қоян-қолтық жұмыстар атқаруға тура келді. Бар күш-жігеріміз жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға арналды. Ондағы мақсат ауданның қаржы тәртібін нығайту еді.

— Кеңес уақытындағы депутаттардың жұмысы мен  қазіргі мәслихат депутаттарының арасында нендей айырмашылық бар?

— Кеңес депутаттарына қарағанда, қазіргі мәслихат депутаттарының өкілеттілігінің маңызы зор. Өйткені, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» қолданыстағы заңға заман талабына сай бірнеше мәрте өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде барлық деңгейдегі мәслихаттардың ролі күшейтілді. Бұл игілік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауында да айқын көрсетіліп отыр. Мәселен, мәслихат Регламенті қабылданды. Болашақта бұл құнды құжаттың халық игілігіне қызмет ететініне сенемін. Және де ауыл, село, кенттік округтер әкімдерінің мәслихат арқылы сайлануы да бұл органның шешуші роль атқаратындығын көрсетсе керек.

— Елдің даму болашағындағы мәслихаттардың ролін қалай елестетесіз?

— Ең алдымен, мәслихаттардың халық аманатын арқалаған орган екендігін ұмытпауымыз керек. Яғни, бұл қоғамның, елдің дамуы жолында қозғаушы күшке айналуда мәслихаттарды үлкен істер күтіп тұр дегенді білдіреді. Заман ағымы бір орында тұрмайды. Демек, мәслихат жұмысының мазмұнын арттыруда өзгерістер, жаңартулар уақыт талабына сай енгізіліп отыруы керек.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button