Жарнама
Саясат

ЖАҒДАЙЫМЫЗ ЖАҚСАРА ТҮСПЕК

 

Баршаңызға белгілі, 2013 жылдан бастап облысымызда, нақтылай кетсек, Жайық өзенінің Бұқар бетінен «Атырау-Индер» тас жолы салынуда. Екі жыл мерзімге есептелген құрылыс жұмыстары қазірде мәресіне таяп та қалған. Бір ерекшелігі, сол, аталмыш автомагистраль қала іргесіндегі, сондай-ақ, Махамбет және Индер аудандарына қарасты ауылдардың үстімен өтеді. Мұның осы ауылдардың аудан, облыс орталықтарымен қарым-қатынасын жақсартып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің де жағдайының түзелуіне септігін тигізе бастағанын көріп отырмыз.

Біздің шаруа қожалығымыз Махамбет ауданының Ақжайық селолық округінде орналасқан. Негізгі кәсібіміз – егін шаруашылығы. Көкөніс пен бақша дақылдарын өсіріп, күтіп-баптауға маманданғанбыз. Еңбегіміз еш кетпей, жемісін де терудеміз. Әйтсе де, науқандық жұмыстар барысында қиындық-кедергілер де аз кездеспейтін. Әсіресе, жиған-тергенімізді тұтынушыларға жеткізуде жолдың жөнсіздігінен көп бейнет көріп, азап шегуге тура келетін. Енді, міне, тақтайдай тегіс жол тартылғаннан кейін де, жағдаймыз да күрт өзгеріп сала бергендей.

Осыған дейін егінжай ырыздығын Махамбет селосының тұсындағы өткел арқылы Жайықтың қарсы жағына өткізіп, әрі қарай қала базарларына жеткізу үшін көп уақытты зая кетіріп, біраз мехнат көретінбіз. Енді, міне, бәрі де бір күнгідей болмай артта қалды. «Еңбегіне қарай – өнбегі» демекші, маңдай теріміздің өтеуіндей, тыным таппай жүріп атқарған жұмыстарымыз лайықты бағаланып, байрақты да алдық. Жақында ғана аталып өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде маған да лайықты құрмет көрсетілді. Ағымдағы жылдың қорытындысымен облыстың «Үздік егін шаруашылығы құрылымының басшысы» атандым. Алға қарай да табысымыз еселене түсетініне сенімдімін.

Ауылдағы шаруа адамына қолайлы жағдай жасап, қамқорлап, қолдағаны үшін Елбасы, қала берді, облыс басшылығына ұжымдастарым мен әріптестерімнің атынан ризашылығымды білдіремін.

Қоныс ЕРМАНОВ,

«Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі.

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button