ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
«Жуық арада аталған бағдарламаның облыста орындалысы Үкімет тарапынан қаралатын болады. Бұл бойынша облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы арнайы есеп береді. Бірақ, біздің бүгінгі көрсеткішіміз көңіл көншітпей отыр» деп атап өтті өңір басшысының міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев.
Кеңес барысында Исатай, Индер, Мақат, Махамбет аудандары әкімдерінің аталған бағдарламаның орындалу деңгейі туралы есепті хабарламалары тыңдалды. Белгілі болғанындай, аталған бағдарламаның үш бағыты бойынша да, яғни тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіптік қайта даярлау және шағын несие беруде де аудандарда қаржы игерілмей жатыр. Аудан басшылары оның себептерін түрліше түсіндірді. Ұсынылған жұмыстың жалақысын азсыну, жатақхананың жоқтығы, кәсіпкерлік үшін жаңа өндіріс жобаларының болмауы сынды себептер бағдарламаның тұралауына әкеліп тұрған көрінеді.
«Жоба жоқ» дегеннен шығады, осы орайда жиынға төрағалық етуші Ғұмар Дүйсембаев «несие өндіріс орындарын ашу үшін берілуде. Ал, біздер бір-бірімізден мал сатып алғанға ғана мәз болып жүрміз. Маған келіп түскен деректерге қарасам, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша беріліп жатқан несиелер көбіне мал шаруашылығын қамтуда екен. Екі көршінің бір-бірінен мал сатып алғанынан не өзгереді? Одан облыстағы мал саны өсе ме? Әрине, жоқ. Өндіріс ошақтарын ашуға ұмтылу қажет» деген ол қаражаттың толық игеріліп қана қоймай, мақсатты жұмсалуы тиістігін атап өтті.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.