Жарнама
Саясат

ЗАУЫТТЫҢ ТЫҢ ЖОБАЛАРЫ

 

1945 жылы майданның қажеттілігі үшін салынған зауыт – бүгінгі таңда   еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан ірі кәсіпорын. Кездесу барысында серіктестіктің бас директоры Қайрат Оразбаев зауытта жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар жөнінде айтып өтті.

— Ағымдағы жылдың наурыз айында жоғары октанды бензин көлемін көбейттік, ал, шілде айында бензол өнімінің бірінші партиясын шығардық. Енді қыркүйек айында параксилол шығарғалы отырмыз. Мұның бәрі болашақ мұнай-химия саласының алға басуына септігін тигізері сөзсіз. Осы игі істерге «нұротандықтар» белсене араласуда, — деді кәсіпорын басшысы Қайрат Құлымұлы.

2002 жылдан бастап зауыт қабырғасында құрылған бастауыш партия ұйымы күні бүгін құрамында 215-тен астам мүшесі бар саяси күшке айналды. Бастауыш партия ұйымының төрағасы Кенжебек Шахметов апта сайын қоғамдық қабылдау өткізіп, соның нәтижесінде келелі мәселелер шешімін тауып келеді.

—  Партияның сайлауалды тұғырнамасының мақсатты көрсеткіштерін орындау арқылы зауыт ұжымының әлеуметтік мәселелерін шешуді, атап айтсақ, олардың денсаулығын жақсартуға жағдайлар жасау, еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекақының уақытында берілуі, ұжым қызметкерлерінің жанұяларына қолайлы жағдай жасау және басқа да мәселелерді басты назарда ұстап келеміз, — дейді бастауыш партия ұйымының төрағасы К.Шахметов.

Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымы «Жанашыр» жобасынан тыс қалмай, жобаға алғашқылардың бірі болып қолдау білдіргенін де айта кеткен жөн. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде балалар үйінің тәрбиеленушісі 9-сынып оқушысы Ерсұлтан Урбаев жеке қамқорлыққа алынды. Ерсұлтан болашақта мұнай өңдеу саласының маманы болуды армандайды екен. Негізгі мектепті аяқтаған соң ол Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі мен зауыт арасындағы ынтымақтастық меморандумы шеңберінде білім алмақ. Ал, қолына диплом алған соң зауытқа жұмысқа қабылданатын болады.

Облыста тіркелген 140 бастауыш партия ұйымдарының ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты ұйымы соңғы екі жыл қатарынан үздік танылуда. Оған қоса, алғашқы өнімін 70 жыл бұрын бере бастаған мұнай өңдеу зауыты биыл өз мерейтойын атап өтуде. Жиналғандарды мұндай мерейлі мерекелерімен құттықтаған Асқар Мырзахметов партиялық қызметте бастауыш ұйымдардың орны ерекше екенін атап өтті. Республика бойынша 5700 бастауыш партия ұйымы – бұл партияның басты күші, жергілікті халықпен тығыз байланысының басты қайнар көзі болып табылатынын да баса айтты. Сонымен бірге, алдағы уақытта Орталық аппарат пен бастауыш ұйымдардың арадағы байланысы нығайтылатынын жеткізді.

— Партияның төрағасы, Елбасы Н.Назарбаев қазір қоғамның алдында тұрған міндеттерге байланысты партияға тағы да нақты жауапкершілік жүктеп отыр. Соның ішінде, бастауыш партия ұйымдарына өңірлермен байланысты күшейту мақсатында нақты тапсырмалар берілуде. Халықтың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерінің шешімін табу жұмыстары бастауыш партия ұйымдарында, партияның қалалық, аудандық филиалдарында атқарылатын болады, — деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Исабекұлы.

— Қазіргі таңда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нде хош иісті көмірсутектер шығару және мұнайды тереңдетіп өңдеу кешендері құрылысы секілді стратегиялық маңызы зор ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бұл жобаларды біз Қазақстанның даму, Қытайдың Экспорттық-импорттық және Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банктері арқылы қарыз-қаражаттар есебін шетел валютасы түрінде жүзеге асырып келеміз. Осы орайда, Қазақстанның жаңа экономикалық саясатқа көшуін ескере отырып, зауыттың табыстылығы ұлттық валюта – теңгемізде қалыптасып, ал, несие АҚШ доллары есебінде қайтарылуына байланысты кәсіпорынның алдында қаржылық міндеттемелерді өтей алмау қаупі туындап отыр. Соған сәйкес, мәселенің бірден-бір шешімі мұнайды өңдеудің құнын өсірсек және бұл тарифті жасақтау механизмі жасалып, мемлекеттік органдар арқылы қолдау тапса деген ұсынысымыз бар. Қазіргі таңда АҚШ доллары бағамының күрт құбылуына байланысты осындай мәселе туындап отыр, — деді зауыттың бюджетті және тарифті жоспарлау бөлімінің маманы Әсем Оразбаева.

Сондай-ақ, сала мамандары партия қаржысын қалыптастырып отырған бастауыш партия ұйымдары төрағаларының жұмысын ынталандыру мәселесін ойластыру, «Бастауыш партия ұйымдарының электронды кітапшасын» әзірлеу, жылына бір рет бастауыш партия төрағаларының республикалық форумын өткізу сынды ұсыныстарын ортаға салды. 

Ал, мұнайшылар тарапынан Үкіметте қаралып жатқан жаңа Еңбек Кодексінің талаптары аясында бірнеше сұрақтар қойылды. Бұған орай, облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Кодекс қазіргі таңда жан-жақты қаралып, талқыланып жатқанын айтты.

            Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button