ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСКЕ берік байланыс керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын саралап, алға қойған міндеттерді орындау мақсатында Атырау мұнай және газ институтында Есеп және аудит кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұғыры биік еліміздің жаңа саяси бағыт-бағдары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Аталған шараға облыс экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жетекші мамандар қатысты.
Білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар болашаққа салынған даңғыл жол іспетті. Себебі, елдің әлеуметтік- экономикалық жағ¬дайы тікелей біліммен байланысты. Ал, бә¬се¬кеге қабілетті мемлекеттер қатарына енуде жастарға зор міндет жүктеледі. Елбасы ұсынған Стратегияны жүзеге асыру үшін ең алдымен жұмыла жұмыс істеу арқылы жаңа белестерді бағындыру қажет. Осындай мақсатты көздеген шара барысында алдағы жоспарлардың бүгінгі жас ұрпақтың келешегі үшін маңызды екендігі айтылды.
Жастар да Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуда аянып қалмақ емес. Бұл жөнінде институттың ІV курс студенті Г.Құбашева жастар атынан пікірін ортаға салды.
Одан әрі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика ғылымдарының докторы Б.Таубаев Жолдаудың әр бағытына тоқталып, оның орындалысы жөнінде сараптады.
Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің бірі – ауыл шаруашылығын жаңғырту. Бұл салада аймақта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы бағытта төрт жыл бұрын облыстық бюджеттен озық үлгідегі жылыжай салынып, іске қосылды. Жалпы аумағы бір гектарды құрайтын жылыжайда қызанақ, қияр және басқа да көкөніс дақылдары өсіріліп, жоғары сапалы өнім алынып келеді. Бұл жайларды мәлімдеген «АтырауАгросервис» ЖШС-нің бас технологы Г.Мұратова ауыл шаруашылығын жаңғыртудағы жылыжайдың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жылыжайдың ерекшелігі жылдың әр мезгілінде халықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сол себепті аймақта бұл жұмысты әлі де арттырған жөн.
«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның қаржы және экономика мәселесі бойынша вице-президенті Г.Омарова құрылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі, өндіріске енгізілген жаңа инновациялық технологиялар және жылу, электр энергиясымен облыс халқын қамтамасыз етудегі өзекті мәселелермен таныстырса, облыстық онкология диспансерінің емхана меңгерушісі А.Айтуаров ұрпақ саулығы туралы ойларымен бөлісіп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
«АИНА» ЖШС-нің қаржылық директоры А.Семғалиева елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға бар мүмкіндік жасалғанын айтып, оны отбасылық дәстүрге айналдыру жолдарына тоқталды.
Одан әрі ел экономикасын жаңғырту бағытында ғылымға бетбұрысты арттыру жөніндегі пікірлер талданды.

Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
Атырау мұнай және газ
институтының профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз