«ҰРПАҚТАРЫМЕН МӘҢГІ ЖАСАЙТЫН ЕСІМДЕР»
Ресми ақпарат көздерінен алынған деректерге сүйенсек, 1927-53 жылдары еліміз бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы жылдары республикамыздың аумағында 953 лагерь болған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Заң қабылданды. Содан бергі уақытта 146,5 мың кжазықсыз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңның үстінде қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды.
Мұндай мәліметтер жақында №2 қалалық кітапханада өткізілген «Ұрпақтарымен мәңгі жасайтын есімдер» атты шара барысында келтірілді. Кездесуге кезінде «Халық жауы» атанып, жазықсыз жазаланған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары шақырылды. Осы тақырыпта жарық көрген деректі және көркем әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалынды. Жүздесуге қатысушылар мен оқырмандардың назарына кітапхана қорындағы Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Досмухамедов, Жаһанша Досмухамедов, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай смяқты жазықсыз жапа шеккен ұлт көсемдерінің өмірдеректері топтастырылған, Алаш партиясы мен қайраткерлерінің идеясын насихаттайтын кітаптар ұсынылды.
Сонымен бірге деректі фильмдер көрсетілді. Өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқады. «Халық жауы» атанып жазықсыз жазаланған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан Назымхан Асанқызы, Марфуға Сәкешқызы, Ақжай Қойшыбайқызы сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Тарих тағылымына толы шараны Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанат Жайлауова қорытындылап, кеш қонақтарына ризашылығын білдірді.
Дәулетқали АРУЕВ