Жарнама
Саясат

Ұлыбританияда Қазақстандағы президент сайлауына дайындық жүріп жатыр

Алдағы жексенбіде өтетін Қазақстан президент сайлауына қызу дайындық жұмыстары Ұлыбританияда да жүріп жатыр. Саяси науқанда әдеттегідей студенттер белсенділік танытпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана мен Лондон арасындағы уақыт айырмашылығы 6 сағат. Сондықтан бұл елдегі сайлау Қазақстанға қарағанда кешірек басталып, кешірек аяқталады. Қазір учаскеде соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп, дауыс берушілер тіркелуде. Бұған дейінгі сайлауларда жыл сайын 500-ге жуық қазақстандықтың таңдау жасағаны белгілі. Биыл да отандастарымыздың белсенділігі жоғары болады деген сенім бар.

«Біріккен Корольдік құрамына Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландия мемлекеттері кіретіні мәлім. Осыған орай 20 қарашада өтетін дауыс беруге осы елде уақытша жүрген немесе тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы төлқұжаты бар барлық азаматтар келіп, қатыса алады», -дейді №244 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Мираз Аңдабаев.

Дауыс берушілер қатарында туристер де көп болады деп күтілуде. Өйткені саяси науқан кезінде Тұманды Альбионда саяхаттап жүрген отандастарымыз азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарап, сайлау учаскесіне міндетті түрде ат басын бұрады. Студенттер қауымы да белсенділік танытады деген болжам бар. Тек «Болашақ» бағдарламасы бойынша Британияда білім алып жатқан жастардың саны жүзден асады.

«Мен Лестер университетінің бизнес және көшбасшылық бағыты бойынша оқып жатырмын. Қазіргі таңда біз отанымызда болмасақ та, шетелде жүрсек те азаматтық борышымызды өтеуге осы жерге келіп, өз дауысымызды беруге дайынбыз», — дейді Лестер университетінің магистранты Қуаныш Есентай.

Таңертеңгі сағат 7-де ашылатын учаске кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді. Одан кейін сайлау комиссиясының мүшелері дауыстарды санау процесіне кіріседі. Учаске жабылғаннан кейін 1-2 сағаттың көлемінде Лондондағы дауыс беру нәтижелері белгілі болмақ. Саяси маңызы бар науқанның алдын ала нәтижелері ертеңінде жария етіледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button