Ұлттық мінез, асқақ рух керек
Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету – ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия.
Аталған межеге жету жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп, жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жария етті. Мәні терең, ауқымы кең тұжырымға қатысты ой-пікірлер жиынтығын басылым бетінде жариялап отырмыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтiлген отырысында сөйлеген сөзінде осы жылдар ішінде қалыптасқан көппартиялы жүйенiң елдiктiң тiрегiне айналғанын атап, тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттiлiктi нығайту ұрпақ алдындағы парызымыз екенін жеткізді. Осы мақсатқа жету жолында жаңа дәуiрдегi қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдiктiң жетi тұғыры» атты кағидаттар жиынтығын ұсынды.
Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы егемен ел, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкiн екендiгіне тоқталған Елбасы ең бiрiншi кезекте тәуелсіздіктің қастерлі құндылық екенiн айрықша атады. Жетістікке жету жолында жастар ел мүддесі жолында аянбай еңбек етуі керек. Ал, білімге ұмтылған жас экономиканы көтеруге өз үлесін қосатыны сөзсіз. Оның астарында ел дамуы, қаржылық тұрақтылық сынды жетістіктер бар екені айтпаса да белгілі.
Қазақ үшін киелі саналатын 7 тұғырдың алғышарты тәуелсіздік ұғымын қастерлеу, оны қорғау міндетінен бастау алып, елдіктің мызғымас тұғыры бірлік пен келісім, жер мәселесі, қоғамның алтын діңгегі саналатын отбасы мен салт-дәстүр, бақуатты өмірге жол ашар – білім мен еңбек, бәсекеге қабілетті болудың тетігі ретінде таңдалған прагматизм сынды қағидаттар мәнін ашумен жалғасады.
Ал, осы салада еңбек етіп жүргендіктен, аталған тақырыптар арасынан маған етене жақын, жіті танысы – «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» деп аталатын бесінші тарау.
«Біз – тамыры тереңнен бастау алатын ұлы көшпенділердің ұрпағымыз. Болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз. Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор» деген Елбасы мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал екенін айтты.
Расында да әр ұлттың өзіндік реңк, қолтаңба, колориты бар. Қазақтың да бай музыкалық мұрасының тамыры тереңде. Халқымызда саф өнердің саңлақтары аз емес. Солардың ізін басар өнер сүйген жастарды тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Елбасы атап өткендей, басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз. Сол межеге жету жолында талпынып жүрген жастардың қанатын қомдау, әлемдік деңгейге танылуына жағдай жасау арқылы біз аталған тұжырымдамалардың орындалуына өзіндік үлес қоса аламыз.
Жалпы, осындай кез-келген бағдарлама, елдік мәселені қозғаған іс-шаралар таныстырылған сәтте, әр адам «Оның орындалысына мен қандай үлес қоса аламын?» деген сауалға өтеміз.жауап іздесе, біз кез-келген сынақтан сүрінбей өтеміз.
Гүлнәр СӘДУАҚАСОВА,
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры.