Жарнама
Саясат

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

 1991 жылдан бастау алған 25 қазан – Республика күні ретінде мерекелік даталар қатарына қосылып, жыл сайын аталып өтілгені белгілі. Бірақ, 2008 жылы  биліктің солақай саясатынан мерекелер қатарынан алынып тасталды. Шындығында бұл зиялы қауым өкілдеріне, демократиялық қозғалыс өкілдері мен көптеген ел азаматтарына  ұнамағаны рас. Оны жоққа шығаруға болмайды.

Ал, 2022 жылдың 29 қыркүйегінде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күні  Ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл жаңалықты ел тұрғындары қуанышпен қабылдады.  Әділдік салтанат құрды.

Өткен жылы  ұзақ жылдардан кейінгі үзілістен соң Ұлттық мәртебеге ие болған Республика  күні мерекесі аталып өтті. Иә, 25 қазан – Республика күні бүгінгі таңда еліміздің ең басты мерекесі, яғни Ұлттық мереке күні. Біле білгенге бұл мереке – еліміздегі ҰЛТТЫҚ мәртебеге ие жалғыз мереке. Біз үшін  Республика күні дегеніміз – ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған өршіл халқымыздың, Қазақ Елінің толағай жеңісі.

… Тарихқа көз жіберіп қарасақ, сонау ХХ ғасырдың 90-жылдары тәуелсіздік алар қарсаңында еліміздегі қалың бұқара халықтың   қоғамдық-саяси белсенділігі жоғары болды.  «Бұл елге егемендік не үшін керек» деген сыңайда пікір айтушылар шовинистік көзқарастағы азаматтар болмаса, жалпы ондай пікір айтушылар көп болды деп айта алмаймын.

Бұл айтулы мерекенің бастауы 1990 жылдың 25 қазан күні сол кездегі Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің ХІІ шақырылған сессиясында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» негіз болды.

«Егемендік туралы Декларация» негізінен алғанда бірінші конституциялық акт болып есептеледі.  1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдады. Декларацияның тарихи маңызы  ұлттық мемлекетті сақтау, қорғау, нығайту хақында шаралар жасалатынын мәлімдеуімен құнды.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы және 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясына тиісті түзетулер жасау жолымен президенттік институттың енгізілуі осы бағыттағы сапалық ілгерлеу еді. Президент қызметінің енгізілуі республика басшылығының нақты тәуелсіздікті орнату, егемендікті қорғау және мемлекетті саяси-экономикалық дағдарыстан алып шығу жөніндегі дер кезінде жасаған қадамы болды.

Уақытында Декларацияны  бағалауда екі ұстаным орын алғанын жоққа шығаруға болмас.

Бірінші ұстаным бойынша Декларация Қазақстанның мемлекеттік құрылысына қандай да болсын елеулі өзгерістер енгізген жоқ. Сондықтан да тәуелсіз және социалистік емес мемлекет идеялары баяндалған акт болып есептеле алмайды деген пайымда болды.

Екінші ұстаным бойынша  Декларация тәуелсіздікті және мемлекет дамуының социалистік емес жолының бастауын қалады. Аталған құжатта  социалистік федеративтік мемлекеттің қағидаларын, ұйымдастырылу тәртібі мен қызметін теріске шығарған ережелер баяндалған және ол бұрын орын алмаған тың жаңалықтарды ұсынды деген пікірде болды.

 Аталған құжатта «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғынуды» міндеттейді. Сонымен бірге «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деп тұжырымдайды. Байқасаңыз, «Ұлттық мемлекетті» делінген. Қазіргі кезеңде осы қағидалар Ата Заңда орын алуы қажет.

Қазақстанның саяси және мемлекеттік құрылымын айқындауда сол кездегі республиканың Одақтың орталық алдындағы басым бағытын баянды ететін Декларацияның 6-шы және 8-шы баптарының зор маңызы болды. Баптарда «Қазақ КСР-інің мемлекеттік билігі республика ішінде, сондай-ақ Одақтық шартта белгіленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық жүзеге асырылады. Республикадағы саяси, экономикалық және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкімшілік аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді, мемлекеттік өкімет және басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, республиканың рәміздерін анықтайды» деп жазылды.

Осы баптар арқылы республиканың халықаралық және мемлекетаралық қатынастар жүйесіндегі нақты құқықтық-субъектілігі, елдің дербес саяси және экономикалық дамуы тұжырымдалды деуге болады.

Декларациядағы «Қазақстан қазақ халқының өзін-өзі билеуінің формасы және Қазақстан мемлекеті қазақ халқының  дамуына жауапты» деген  қағидалар халқымыз үшін қымбат еді. Сондықтан да бұл күн Республика күні болып аталып өтуі өте дұрыс деген пікірдемін.

Барлық жерлестерімді, қала қонақтарын айтулы Республика күні Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

«Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button