Ұлағатты ҰСТАЗ, тағылымды ТӘЛІМГЕР
Келер жылы еліміздегі байырғы жоғары оқу орындарының бірі – Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.
Ол – қазіргі Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университеті секілді батыс өңірлерінен арман қуып келген мыңдаған талапкер үшін нағыз білімнің шамшырағы болған альма-матер.
Тәуелсіздік туғызған тұлғалар Иманғали Тасмағамбетов пен Бірғаным Әйтімова осы оқу орыны қабырғасынан білім алғанын, егемендіктің елең-алаңында әйгілі Орал оқиғаларына осы институттың түлектері белсене қатысқанын ескерсек, бұл қос мерейтой, екі атаулы оқиғаны сабақтас қараудың қисыны келіп тұр.
Бүгінде торқалы 90 жасын тойлап отырған академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Бабаш Әбілқасымұлы да осы оқу орнының түлегі. Орал пединститутын өткен ғасырдың бел ор- тасында бітірген ол өзінің мерейлі жасымен қатар, қазақ тіл ғылымының қарашаңырағы – Тіл білімі институтының 60 жылдығын да қоса атап өтуде. Өйткені, бұл институт – Бабаш ағаның төл ұжымы.
Бүгінде абыз ақсақал атанған Бабаш Әбілқасымұлы осында аға ғылыми қызметкер ретінде жұмысын жалғастырып жүр.
Бұрынғы Бөкей Ордасы, Нарынқұмның қазіргі Атырау облысының Исатай ауданындағы Тұщықұдық, бұрынғы Дуаберген ауылында кіндік қаны тамған та- лапкер жас өркен Отанының да, отбасының да ба- сына түскен зіл батпан ауыртпалыққа қарамастан, қиырдағы қалаға жол азабы (егемендік алған елдің екі облысының орталығы Орал мен Атырау қалаларының арасында әлі күнге дейін теміржол жоқ. Жоқшылық кезеңде тақтайдай тегіс жол қайдан болсын) мен тағдыр тауқыметін тарта келіп, Қазақстандағы байырғы оқу орындарының бірін Сталин атындағы дербес стипендиямен 1953 жылы үздік бітіріп шығады. Туған өлкесі – Атырау атырабына оралған жас маманға үлкен үмітпен қараған аймақ басшылығы жоғары сенім білдіріп, бірден Амангелді атындағы орта мектептің директоры қызметіне тағайындайды.
Білім-білігі жоғары маман жетіспейтін кез ғой, көп ұзамай Бабанияз (азан шақырып қойылған есімі) ағаны Гурьев облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына шақыртып, сектор меңгерушілігіне жоғарылатқан. Оқу бітіргеніне бес жыл өткен соң Гурьев мемлекеттік пединститутының проректорлығына тағайындалады.
Алайда, әкімшілік лауазымның дәмін жастай татқан талантты жас біртоға билік пен жұмсақ креслоның жетегінде кетпей, біржолата ғылымға бет бұруға бел байлаған еді. Алатаудың бөктеріндегі әсем астана – Алматыға 1961 жылы арман қуып келген жалындаған жас ұстаз білімге деген құштарлығынан бір сәтке де айнымай, 1964 жылы еліміздегі линг- вистика ілімінің қара шаңырағы – қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының күндізгі аспирантура бөлімін бітіріп шығады.
Айта кету керек, бүгінде Орталық Азиядағы саланың әлемдік орталығына айналған ғылыми- әдістемелік мекеме өзі негізін қалаған ұлт ұстазының есімін иеленіп, ал көсем тұлға Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жылдық мерейтойы келесі жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек.
- Осылайша, Бабаш ағамыз белгілі түркітанушы, академик Игорь Алексеевич Батмановтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Содан бергі бес мүшелдей кезеңді зерттеушілік пен ізденіске арнап, қай кезде де ғылымға адал, айналасына әділдігін танытты. Ол ғылыми қызметкерліктен институт директорының орынбасары, бөлім меңгерушісі, бастауыш партия ұйымының хатшысы секілді лауазымды да жауапты жұмыстарды атқарған шақта да өзі ұстанған азаматтық бағытынан, отандық тіл білімі ғылымын дамытуға деген құлшынысынан таймай, шәкірттеріне ұстаздық етуден жалыққан емес.
Бабаш Әбілқасымұлының авторлығымен тіл тарихына қатысты 20-ға жуық монография жарық көріп, 300-ден астам мазмұнды мақала мерзімді ба- сылымдарда жарияланды. Ағамыздың ғылымдағы ізденісінің бір ерекшелігі сол, жеңіл жолды таңдамай, тыңнан түрен салуға тырысуы еді. Әсіресе, қазақ баспасөзінің тілін таңдап алуын ерен ерлікпен, өршілдікпен тең, принципшілдікпен астасып жатқан ірілік деп бағаласақ артық емес. Ғалым аға қазіргідей техника мен технология дамымаған заманның өзінде мұрағаттарда шаң басып жатқан та- рихи жәдігерлерді үңіле зерттеп, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары – «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» газеттерімен туған халқын қайта табыстыр- ды. Онымен қоймай, кегежені кері тартқан кеңестік кезеңде «қазақ халқының 90 пайызы сауатсыз болды» деген қасаң пікір айтушылардың аузына құм құйып, жарқылдаған алмас қылыштай ақиқатты тайсалмай айтушылардың бірі ретінде танылды.
Бұдан 40 жылдай бұрын докторлық диссертациясын абырой- мен қорғаған профессор, академик ағамыз 20-ға жуық ғылым кандидатын, бірнеше ғылым докто- рын тәрбиелеп шығарды. Солардың санатында осы мақаланың авторы да бар.
Әрине, қазіргі қазақ тілі білімінің көрнекті қайраткері, филология ғылымдарының докторы, про- фессор, академик Бабанияз Әбілқасымұлы туралы көп нәрсені айтуға болады. Ағайдың басқа адамда кездесе бермейтін асыл қасиеті – кіршіксіз рухани тазалығы. Тек көңіл мен өмірдегі тазалық қана шынайы ғалым тұлғасын қалыптастырмақ. Екінші бір қыры – айналасындағы адамдарға қайырымдылығы және өз ісіне, ғылым мен отбасына адалдығы. Үшіншісі – кез-келген өмірлік жағдайда керекті сөзді тауып айтар шешендігі. Ой ұшқырлығы бар жерде ғана сөз ұтымдылығы сезіледі. Ал, ағайдың орынды айтылған әзілі әрқашан діттеген жеріне дөп тиіп, нысанасын дәл тауып жатады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы қарсаңында өзі бітірген университеттің бел құрдасы, өзі қызмет ететін ғылым ордасы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кезекті мерейтойы жылы 90 жасқа келген ғибраты мол ғалым, ұлағатты ұстазға айтар тілек – біреу ғана: аман болыңыз, жан дүниеңізбен айналаңызға шуағыңызды шашып, арамызда аман-есен жүріңіз!
Ербол ДӘУЛЕТОВ, филология ғылымдарының кандидаты, PhD, жазушы-аудармашы.
Нұр-Сұлтан қаласы
Бабаш ағамыздың мерей жасы құтты болсын! Тіл білімінің майталманы, ұлағатты ұстаздың ғылымға сіңірген еңбегі орасан. Ағаға зор денсаулық, жанұясына амандық тілеймін. Х.Досмұхамедов ат. мем. университет профессоры, п.ғ.д. Бақыт Телжанқызы Барсай.