Тұран толғаныстары

turan Саясат

Түбі бір түркі баласының темірқазығы Түркістан шаһарында Екінші Ұлттық құрылтай өтті. Құрылтай десе кеудесінде рух сәулесі бар жанның сана саңылауынан кәрі көз тарихтың, ұлт тарихының небір ғажайыптары тізбектеле өтер еді… Парақ аударған ғасырлардың алқынысы естіліп, дегдар дүниенің дөңгелегі кері қарай шыр айнала жөнелер еді… Шыңғыс заманынан дәуірлеген Жошы ұлысына, қазақтың қаһарман хандарынан Алашорданың азамат ұлдарына дейінгі аралықтағы ұлт тағдырын шешкен ұлы жиындар бағзыдан осылай аталған екен… Құрылтай!.. Түпкі идеясы – бірлік, жүгі ауыр, жауапкершілігі ерен мәслихат…

Аса әрі дендемей-ақ туған халқымыздың тарихына көз жүгірткен сәт құрылтай атаулының ұлт тағдырын шешудегі орасан үлесін көрер едік. Тіпті біздің мемлекеттігіміздің алтын бастауы Алтын Орда қағанатының дербес мемлекет атануы Талас құрылтайынан бастау алғанының өзі неге тұрады?.. Хан Шыңғыс ұлыстарының 1269 жылы өткен соңғы құрылтайы… Байтағымыздың тұс-тұсынан байрақ көтерген бабаларымыздың қанкешу жылдарда басын қосқан Қарақұм мен Ордабасы құрылтайлары… Бабасы Жошының таққа отырған қастерлі Ұлытауында қалың қазақ хан Кенені ақ киізге көтерді. Араға сексен жылға жуық уақыт салып Орынборда бірінші қазақ құрылтайы өтті. Дәл осы құрылтайда Алаш партиясы құрылып еді-ау…

Иә, тарихта кездейсоқ жағдайлар кезігіп жатқанымен, үзілмейтін, өзегін жоғалтпайтын қасиетті шынжырлар болады. Ел Президентінің Жаңа Қазақстанның бірінші құрылтайын ұлт ұясы Ұлытауда өткізуінің әзелгі мәні де осында еді. Бірінші құрылтай халқымыздың көңіліндегі көп сауалға жауап іздеуге талпынды. Әуелгі мағынасынан алыстамай, қоғамды біріктірудің жаңа моделін ұсынды. Билік институттары өзгеше сипат алып, қоғамдық сананы жаңғыртуға қадам жасалды. Президенттің Ұлттық құрылтайды халықты ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым деп атауында үлкен мән бар. «Бірлік болмай, тірлік болмасын» түсінген бабаларымыз бар жеңістің алғашқы сатысы өз ісіне, өз идеясына сенуден басталатынын жақсы білген еді. Бұқарамен арадағы диалогтың парасатқа құрылуына басты назар аударудың сыры да осында жатыр.

Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзін құрылтай атаулының ел басына күн туғанда, не маңызды жолайырықта тұрған сәттерде шақырылғандығын айтудан бастады. Ел өміріндегі қайғылы оқиға Семей ормандарындағы алапат өртті тілге тиек еткен Президент мұндай келеңсіздіктен сабақ алуға шақырды. Сайып келгенде, патриоттық сезім әркімнің жеке басынан бастау алатынын, әркім өз ісіне, қоғам алдындағы міндетіне деген жауапкершілікті терең сезінбей даму даңғылына түсу қиын деген ой жатты сөз астарында…

Шынында да ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін, бақытты қоғам құру үшін саяси-экономикалық реформадан бұрын, әркімнің жеке ұстанымы, дүниетанымы өзгеруі керек шығар… Баяғы қарттардың «Жұрттың пиғылы өзгерді ғой» деп түңілуінің өз себептері болды ғой…

«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деп сөзін сабақтаған Мемлекет басшысы аталған құрылтайда бірнеше бастама көтеріп, әрқайсысына жеке тоқталып, кеңінен таратты.

Мен Президент көтерген бастамаларға шығармашыл ортаның өкілі ғана емес, ең бастысы өз ұлтымның патриоты ретінде қатты қанаттанғанымды жасырмаймын. Мұны құр әсерлену емес, әр пікірден мазмұн іздеп, ой түю екенін айтқым келеді. «Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз» деген Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында жасаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған пікірін аяқсыз қалдырмағанын көрсетеді. Расында да, Қадір Мырза-Әлінің «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих. Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп қамыққаны еске түседі осындайда…

Тарихын тасқа таңбалап, маң даланың әр қиырында жатқан бабаларымыздың басынан кешкен бар хикметін түгендейтін уақыт, шынында да, келіп жеткен сияқты. Отарлаушы пиғыл саясатынан, қала берді даңғаза даңққұмарлықтан, ұлттың емес, рудың шежіресін қаузаудан бұрмаланған ақиқат қаншама?! Елеусіз кеткен ерлер мен қолдан жасалған «тұлғаларды» аз білді ме біздің тарих?! Президент тапсырмасымен шынайы шежіреміз қатталған жеті томдықты парақтайтын күн жуық болғай!

Келесі бір көңілге қонған бастама – ұрпақ тәрбиесінде кеткен осалдықтардың орнын толтыру.  Ешқашан жауыр болмайтын мәңгілік тақырып. Егер ұрпағың санасыз, сапасыз болса, сенің бүгінгі жеткен биігіңнің мәні қайсы?! Бұл тұрғыда Президент «Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады» дей келе, жас ұрпақтың санасын жаһандандырудың теріс ықпалынан арашалау жолдары ұлттық, экологиялық, мәдени, еңбек тәрбиесінде жатқанын атап көрсетті. Балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің көбеюі отбасы мен мектептегі тәрбиенің кемшіндігінен екені көпке мәлім.

«Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу» …Президент Қазақстандағы кітап басып шығару ісінің қазіргі ахуалына тоқталды. Еліміздегі баспа ісі енді-енді еңсе тіктеп келе жатқаны жасырын емес. Осыған дейін еліміздегі басты кітап дүкендерінің сөресі шетелдік өніммен сықасып келді. Балаларымыз әлем әдебиетінің жауһарларынан өзге тілде сусындап, көз жауын алатын неше түрлі кітаптарға қызығатыны жасырын емес.

Қазақстан баспаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бір күннің шаруасы емес. Сайып келгенде бәрі де патриоттық сезімге келіп тіреледі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын» деп қорытты.

Ақпарат айдынының өзге де салаларына тоқталған Президент киногерлер көкейінде жүрген мәселелер, «Тик-ток» желісін ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалану сынды пікірлерге деген өз көзқарасын білдірді. Әлемде киноиндустрия экономиканың бір бөлшегі болса, біздің киногерлер мемлекет қолдауына өте зәру екенін айта кеткен жөн.

Мемлекет саясатына талдау, сараптау жұмыстары бағытында көңіл көншімейтін тұстар бар екенін Мемлекет басшысы дөп таныған. «Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек» дей келе, ең бастысы қоғам тынысын назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті. Көптеген әлеуметтік зерттеулер мен содан келіп шығатын рейтингтердің әрқилылығы, шашыраңқылығы мен ақиқаттан алыс түсіп жататыны осы саладағы жұмыстың бір ізге қойылмағандығынан екендігі белгілі. Себебі бұл зерттеулер мемлекеттік басқарудың тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Түркістан төрінде өткен құрылтайда Мемлекет басшысының шекаралас аймақтарды дамыту, соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешімі қуаныш сыйлады. «Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деген Президент жалған ақпаратқа сеніп, жат пиғылдардың жетегінде кетпеу үшін ішкі бірліктің, саяси сауаттылықтың маңызын атап көрсетті.

Әйгілі Марал ишанның хан Кенеге тарту еткен Құран кітабының табылып, оның келешекте Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылатыны, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың осыған дейін белгісіз болып келген туындысының табылғандығы ел руханияты үшін Президент сүйіншілеген елеулі жаңалықтар еді. Мемлекет басшысы қасиетті Құранның елге оралуын жақсылыққа балады. Сондай-ақ ол биыл Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл толып отырғанын, оның еңбектерін жан-жақты зерттеудің маңыздылығын айта келіп, «Ясауитану» ғылыми орталығы не институтын құру мәселесін ойластыру керектігін атап өтті. Егер расымен Президенттің бұл ұсынысы жүзеге асса, ұлы ғұламаның жауһар еңбектері жаһандану табалдырығындағы ұрпақ үшін теңдессіз тәрбие мектебі болар еді…

Әлқисса, тұранның алтын бесігі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші жиыны осылай өтті. Жақсылыққа сенгеннің жанын жадыратып, рухани кеңістігімізді толқытты. Ар, адалдық, адамдық – әділетті қоғамның ұстындары. Келесі келелі жиын, Ұлттық құрылтайдың үшінші бас қосуы ару Жайықтың жағасында, Алтын орданың көне астанасы, ұлы Қасым ханның мәңгілік мекені Сарайшықта – айбынды Атырауда өтетін болады. Ер ниеті, ел пиғылы түзу болғай!..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз