ТИІМДІ ҚАДАМ
Ең алдымен сөз алған «Халықаралық энергетикалық саясат» орталығының жетекшісі Юрий Солобозов сарапшылардың үш елдің Президенттерімен пікір алысқанын айтып, олардың саяси көрегендігі, табандылықтары мен парасаттылықтары арқасында бұл жеңіске қол жеткізіліп отырғандығын ерекше атап өтті.
Брифингке қатысқан Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның айтуынша, қазақстандықтардың 77 пайызы ЕАЭО аясындағы интеграциялық процесті одан әрі дамыту қажет деп есептеуде.
Сонымен қатар, институт директоры әлемнің 40-қа жуық елі Кеден одағының еркін сауда аймағына қосылуға ниет білдіріп отырғандығын және ол зор маңызға ие екендігін жеткізді. Олардың қатарында Түркия, Үндістан, Жаңа Зеландия, Вьетнам сынды елдер бар.
— Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері құратын еуразиялық интеграцияға ең бірінші болып Армения қосыла алады. Ал, одан кейін Кеден одағына кіру арқылы ЕАЭО-ға қосылуға дайын екендігін Қырғызстан мен Тәжікстан білдіруде, — дейді Ж.Құсманғалиева.
Ал, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаевтың айтуынша, Еуразиялық комиссияның басшылық қызметтері үш елдің азаматтарына тең бөлінеді. Мәселен, келісім-шарт мәтініне сәйкес, егер департамент директоры Қазақстан азаматы болса, онда оның орынбасарларының бірі Ресей, келесісі Беларусь азаматы болуы тиіс.
А.ЕРТІЛЕУ.