Жарнама
Саясат

ТАРИХТЫ ТҮЛЕТЕТІН СӘТ

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз» деген сөзінің маңызы ерекше. Біздіңше, бұл дәл қазіргі таңда үлкен саясатта негізгі құрал ретінде пайдаланатын темірқазық бола алады. Себебі, іштен іріген елдердің болашағы қандай болатынын көрші мемлекеттерде, әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі жағдайлар, қақтығыстар мен толқулар дәлелдеп  беріп отыр.

Бір ғана мысал келтірсек: Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинадағы қанды қақтығыстан қаза тапқандар санының 4808 адамға жеткенін айтты. Түрлі деңгейде жарақат алғандар саны 10468-ден асыпты. Бұл–тек өткен жылдың сәуірі мен үстіміздегі жылдың 6-шы қаңтары аралығындағы ғана жағдай. Одан бері де міне, бір ай өтіп отыр. Сол бір айда қаншама жазықсыз адамның қанды қырғында қазаға ұшырағанын ойлап жатудың өзі қорқынышты… Осы жерде айтатын тағы бір мәселе бар. Әлемде қазір 800 миллион адам аштықтан, 400 миллион адам шөлден зардап шегіп отыр екен. Осы бір сүреңсіз мысалдар, өкінішке орай, ел мен елдің арасында немесе белгілі бір мемлекеттің өз ішінде орын алған ірітулерден соң орын алып отыр. Сондықтан да, бізге бірлігімізден ажырамау маңызды.

Қонақжайлылық –қазақ халқының қанына сіңген ең бір дархан қасиет. Олай деуімізге себеп те бар. Мәселен, тарихшылар бір ғана жаппай ұжымдастыру жылдарында 189 мың жат жұрттықтың қазақ жеріне департацияланғанын айтады. Солардың 150 мыңы аштық жылдарында Ақмола, Қарағанды, Павлодар,  Атырау және Көкшетау облыстарына жер аударылған екен. Ал, енді бір деректерде 1937 жылы Қазақ еліне жер аударылғандар санының 360 мың адамға жеткені туралы жазылады. Ғажабы сол, осындай қиын-қыстау кезеңде де қазақ халқы даналығынан, дархандығынан ажырамай, жат жұрттықтарды туғанындай қабылдай білген. Сондықтан да, биылғы атаулы жылда қазақ халқының осындай тамаша қасиеттерін, өткенін, тарихын дәріптейтін сәт туып отырғандай.

Ол уақыттан бері де талай жылдар, түрлі заман өтті. Ол оқиғалар өткен күннің еншісінде қалып, тарих беттерінде жатталып та қалды. Ендігі жерде жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бай тарихы мен баянды дәстүрі халықтар арасындағы достықпен жалғасын таба беруі тиіс.

Гүлсина БАЙКЕНОВА,

«Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button