Тарихи саты тағылымдары
Ұлттық мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына мерейтой ретінде ғана қарамау керек. Ол – ең алдымен тарихи мәні бар оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерейлі мерекені «болашаққа деген ұстаным, көзқарасты айқындайтын маңызды белес» деп көрсетті.
Егер Тәуелсіздіктің 30 жылын үш онжылдық белеске бөліп қарастырсақ, оның әрқайсысының жүгі ғасырға татиды. Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі. Бұл жылдар бедерінде мемлекетік нышандар белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты, ұлттық валюта – теңге айналымға енді. Конституция қабылданып, халықаралық ұйымдарға мүше болдық. Шекараларымыз шегенделді. Қазақ мектептері ашылып, ана тіліміз мемлекеттік тіл статусына ие болды. Ел мақтанышына айналған бас қаламыз – Астана салынды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды көзімізбен көрдік, шынайы сезіндік. Жаппай жұмыссыздық, ауылдардағы азық-түлік тапшылығы секілді ауқымды әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар болды. Елдегі ұжымдық және кеңестік шаруашылықтар Кеңес Одағы кезінде ресейлік Агробанктен 300 пайызбен несие алатын еді. Ал, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» сияқты ұлттық қаржы институттарының ауыл тұрғындарына несиені 5 пайызбен бере бастауы – ауыл кәсіпкерлеріне арналған теңдессіз қолдау болды. Нарықтық қатынастарға көшіп, экономикамыз орнықты. Шетелдік инвестициялар тартылып, мұнай-газ өнеркәсібінің қарыштап өсуінің арқасында Ұлттық қор құрылды. Мұның бәрі – «Қазақстан-2030» Стратегиясының жүзеге асқан жоспарларының нәтижесі.
Ал, екінші онжылдық – тұрақтандыру кезеңі. Бұл экономикалық әлеуетімізді арттырған жылдар болды. Тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарды қалпына келтірдік. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының саммиттерін өткізуге, басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестициялар тартылды. Еңселі Елордамыз жарқырай түсіп, бүгінде мен мұндалап тұрады. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен білім ұялары салынды. Алыс елді мекендер таза сумен, газбен қамтылды, облыстық, республикалық, халықаралық маңызы бар жолдар салынды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Әр бағыт бойынша «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды.
Бүгінде азаматтық қоғамның дамып отырғаны, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі, олардың мемлекет ісіне араласуы қуантады. Мемлекет сөз бостандығы принципін ұстануда. Азаматтар мен қоғам өкілдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігі артып отырғаны да – демократияның бір көрінісі.
Саяси жүйе де демократия жолымен дамып келеді. Республика Парламенті Мәжілісі депутаттарының биылғы сайлауы – соның бір көрінісі. Саяси көзқарастары, ұстанымдары әртүрлі партиялардың өкілдері Парламентке сайланды.
«Nur Otan» партиясының былтыр өткізген праймериз іріктеу жүйесі де барлық өкілді органдарға жастарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды көбірек тартуға мүмкіндік берді. Осы арқылы тұрғындардың партияға сенімі артты.
Қазір Атырау облысында әлеуметтік проблемаларды шешу алдыңғы қатарға қойылған, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту қарқынды жүзеге асып жатыр.
Еліміздегі әр алуан ұлттар, сан алуан саяси күштерді біріктіретін және барлығына ортақ құндылық – қастерлі Тәуелсіздік. Біздің Отан күллі әлем таныған, өзіндік даму жолы бар мемлекетке айналды. Бұл да тәуелсіздігіміздің тұғырлы болғанының айғағы.
Ұлы Дала елі қуатты, біртұтас, Мәңгілік Елге айналсын!
Амангелді АБДОЛОВ,
жеке сот орындаушыларының республикалық Палатасы Төралқасының төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты