ТАПСЫРМА УАҚЫТЫЛЫ ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
— Кеңес Темірұлы, Үкіметтің, әкімдер корпусының жұмысын сынға алған Президент өткізген жиыннан бері де үш апта уақыт өтті. Бірақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырмалардың орындалысы барысына риза еместігін күні кеше өткізген Президент Әкімшілігі қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған кеңес отырысында мәлімдеді. Осы орайда айтарыңыз қандай?
— Президенттің тапсырмалары дер кезінде орындалуы тиіс. Бірақ, бізде атқарушы органдардың жұмысына, басқармалар қызметіне жіті бақылаудың болмауы көп жағдайда жұмыстың ақсауына алып келіп жатыр…
— Бұл орайда партиялық бақылау бекеттері де бар емес пе?
— Бар, бірақ партиялық бақылау бекеттері қолдарына толық ақпарат ала алмай отыр. Құзырлы органдар бақылау бекеттеріне жобалау-сметалық құжаттар бойынша толық ақпарат беруден ат-тонын ала қашады. Жұмысшылардың еңбекақысы қалай болып жатыр, жалпы еңбек күші тұрақты ма? Бұл мәселеде де қолымызда нақты мәліметтер жоқ. Ал, біздің білуімізше, мердігер компаниялар көбіне өзбек азаматтарын жұмысқа салып қояды да, екі-үш ай өткен соң, оларды қуып жіберіп, орнына басқа мигранттарды ала салады. Осыдан кейін құрылыста сапа қайдан болсын? Шынын айту керек, құрылыс мәселесіне келгенде ҚР Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің, Жер қатынастары басқармасының жауапкершілігі өте төмен.
— Ендеше, бас партияның өкілі ретінде мәселеден шығудың қандай жолын ұсынар едіңіз?
— Партиялық бақылау бекеттеріне сала мамандарын қоюымыз керек. Олар құрылыстың қалай жүзеге асырылуы керектігін, құжаттардың қандай жағдайда дұрыс болатындығын жақсы біледі. Бақылау күшейсе, құрылыс басындағы сапасыз тірліктер тоқтайды деп ойлаймын.
— Бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің басты себебін ел Президенті мемлекеттік сатып алу жүйесімен байланыстырып, «мемлекеттік органдар көбінесе тендерлерде «бөгде» жеткізушілердің қатысуына мүмкіндік бермейтін шарттар белгілейді» деп сынға алған еді. Осы орайда сіздің алып-қосарыңыз?
— Жақында ғана Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Еуропа және адам құқықтары сараптама институтының директоры Марат Башимов мемлекеттік сатып алу мәселесін көлеңкелі экономиканың ең басты «күл-қоқысы» ретінде бағалаған еді. Белгілі заңгер-сарапшының айтуынша, шенеуніктер қаржының игерілмеуінің басты себебін әкімшілік үдерістердің созылып кетуі және кейінге қалдырылуымен түсіндіріп ақталады. Осы орайда заңгер сарапшының айтқанын мен де қайталаймын. Олай болса, заң жобасына нақты норма енгізу, ал өнім келтіруші қаңтардан бастап жұмыс істей бастауы үшін мемлекеттік сатып алу тендерін қараша-желтоқсанда өткізу керек. Және тендерлер мейілінше ашық өткізілуі керек.
— Сөз соңында айтарыңыз?
— Шыны керек, Үкіметті, барлық деңгейдегі билік органдары мен атқарушы орындардың жұмысын өткір сынға алған Президент өткізген кеңейтілген жиыннан соң ел көлемінде болып жатқан дүрбелеңге қуанып отырмын. Мұндай сілкініс мемлекеттік бағдарламалардың шын мәнісінде бұқара игілігіне айналуына, ауыл-ауылдардың өркениет көшіне ілігіп, ел экономикасының іс жүзінде алға басуына әкеледі деп сенемін. Құзырлы органдар енді көзбояушылықты қоюы керек. Өйткені, мемлекет бюджеті — ең алдымен бұқараның ақшасы. Біз бұқара алдында жауаптымыз. Президент бізден осыны жете түсініп, әрекет етуді талап етіп отыр.
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.