Жарнама
Саясат

«Табыс бар, тоқмейілсуге негіз жоқ»

 

ӨНЕРКӘСІПТЕ
ӨСІМ БАР

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жасалған жұмыстарды қорытындылаған жиында өңірдегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен алда келе жатқанын, алайда, кейбір көрсеткіштер бойынша кемшіліктер барын да атап өтті. Жиында облыстың даму қорытындылары туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ж.Ахметов баяндады.
Оның айтуынша, 2013 жылдың I тоқсанындағы жалпы өңірлік өнім көлемі – 873,7 млрд. теңгені құрады немесе 101,7%. Республика бойынша бұл көрсеткіш 12,8%-ды құрайды, яғни, бұл бағытта Атырау облысы бірінші орында екенін көреміз. Негізгі үлесті, яғни, 62,6%-ын өнеркәсіп алып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2257,1 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 107,6% құрады. Әсіресе, Құрманғазы мен Жылыой аудандарында өсім байқалған.
Облысымыздың негізгі шикізат көзі мұнай мен газ екені белгілі, соған орай жарты жылда 16,1 млн. тонна мұнай және 7,4 млрд. текше метр ілеспе газ өндіріліпті. Бұл бағытта өткен жылмен салыстырғанда бірқатар өсім бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 14,6 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 99% құраған, соның ішінде ет өндіру көлемі – 22,3 мың тонна, сүт өндіру көлемі 30,4 мың тоннаға жеткен.

ОТЫЗ МЫҢ МАЛДЫҢ ЕСЕБІ ЖОҚ

Ауыл шаруашылығы бойынша өсім 99,4 пайызды құраған. Алайда, мал басының кеміп кеткені айтылды. Осы тұста облыс әкімі Ж.Ахметовтен мал басының неге төмендеп кеткенін айтуды сұрады. Жауап болмаған соң, оның себебін өзі айтып берді. «Облыста өткен жылдың аяғында ірі қара мен ұсақ малдың барлығы сырғаланып болды, алайда, нәтиже өте төмен болып шықты. Отыз мыңдай малдың есебі жоқ, сайда саны, құмда ізі белгісіз. Яғни, бұл бұған дейін мал басының саны жөнінен қала-ауданда жалған ақпар беріліп келгендігін айғақтайды. Неге өтірік ақпар бересіздер, кімді алдап отырсыздар, өздеріңді өздерің бе? Ендеше, алға қарай жалғандыққа барғандарыңыз жазаға тартыласыздар» деп қатаң ескертті аймақ басшысы.
Егін шаруашылығында да жағдай айтарлықтай жақсы емес. Құрманғазы ауданында 202 гектар жерге ғана егін егілген. Соның ішінде қарбызымен қарық қылып жүрген ауданның қазіргі қарқыны баяу көрінді. Аудан әкімі А.Барақатов Көптоған елді мекеніндегі бұрынғы 500 гектар жерді қайта игеруді қолға алып жатқандығын жеткізді. Индерде егістік көлемі 65 гектардан 300 гектарға артыпты. Махамбет ауданы картоп өнімін жинауды шілде айының аяғында бастаймыз деп межелеп отыр. Ал, Жылыойда біраз жерге су берілмей қалған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы С.Рысқалиевтың мәлімдеуінше, «Қарағаев» шаруа қожалығынан аудандарға картоп жіберуді ұйымдастыру ісі жуырда басталмақ. Халыққа сату бағасы келісіне 64 теңгеден деп болжанып отыр. Жалпы облысқа жылына 50 мың тонна картоп тұтыну мөлшері қажет болса, бүгінгі күні оның тек 14 мың тоннасы ғана өзімізден өндіріліп отыр. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорына бөлініп отырғаны-1300 тонна.

ШӨПТІҢ БАҒАСЫНА БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ

Мал азығын дайындау ісіне де маңыз беру қажеттігін атады аймақ басшысы. Басқарма басшысының айтуынша, облысқа қажетті мал азығы 500 мың тонна болса, биылға межеленгені – 468 мың тонна. Бірақ, ол межеден де шыға алмай қалу қаупі бар секілді. Қызылқоға ауданының әкімі М.Мұқановтың айтуынша, шабындықтың шығымы төмен. Ал, мал азығының азаюы оның бәсінің өсуіне де әсер етеді. Былтырғы жылы бір рулон шөптің бағасы 5 мың теңге болыпты, күзге қарай тоннасы 15 мың теңге болған.
— Мал азығын дайындауға ерекше маңыз беріңіздер, қазақ малмен күн көрген халық, әсіресе, ауылдық жерлерде адамдар малына сеніп отыр. Мал азығының бағасына мониторинг жүргізіңіздер. Шөптің бағасын шарықтата берсе, ел қалай малын асырайды? Қолда бар малының жартысын сатып, жарымын сойып, күнін көреді. Ондай жағдайда біз мал басын қалай көбейтеміз? Қолында барлар шөптің тоннасын 25 мың теңгеге дейін көтере беруі мүмкін. Сонда сіздер не үшін отырсыздар жергілікті жерде, егер халық қамын ойламасаңыздар? Сондықтан, мал азығын жинақтауға басымдық беріп, бағаның шектен шықпауын қадағалаңыздар, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ

Облыста индустрияландыру картасы шеңберінде 2013 жылы жалпы құны 11 млрд. теңгенің сегіз инвестициялық жобасын іске асыру, оларда 326 жұмыс орнын құру жоспарланған болса, І жартыжылдықта Атырау қаласында жалпы құны 6 млрд. теңгені құрайтын «Шеврон МұнайГазИнк.» корпорациясының құбырлар арматурасы зауыты іске қосылып, 75 жұмыс орны ашылған. Ал, ІІ жартыжылдықта құны 5 млрд. теңгені құрайтын жеті жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Атырау қаласында: «ЖігерМұнайСервис» ЖШС-нің өндірістік қызметін жаңғырту, «Алан билдинг системс» ЖШС-нің модульдік үй тұрғызу фабрикасының құрылысы, «Сельбаева Ш.» ЖК-нің газды бетон блоктарының өндірісі, Индер ауданында «Тұз» ЖШС-нің натрий гипохлоритін өндіру зауыты, Махамбет ауданында «Розметов» ШҚ-ның ешкі сүті мен ешкі өнімдерінің өндірісі, «Бірінші Мамыр» ЖШС-нің тәулігіне 10 тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасының құрылысы. Жылыой ауданында «Эко-Техникс» ЖШС-нің мұнай қалдығын қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту.
2013 жылдың І жартыжылдығында инвестиция көлемі 479,8 млрд. теңгені құрап, 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға төмендеген. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының да көлемі кеміп отырғаны белгілі болды. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 113,2 млн. теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға кем. Ал, тұрғын үй құрылысы бойынша 222,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,6%-ға төмен.
Құрылыстың төмендеуі әуелден жобалық-сметалық құжаттамалары дұрыс жасақталмаған, соның салдарынан көптеген құрылыстар тоқтап тұр. Сондай-ақ, тендер бойынша ұтып алған мердігер компаниялар жұмыс көлемін толықтай субмердігерлерге жүктеп қойған, ал, олардың алып құрылысты игеруге шамалары жоқ.
Облыс әкімі осы мәселені де қатаң қадағалауды, жобаны дұрыс жасақтамағандардың жұмысын тоқтатып, субмердігер дегенді болдырмау қажеттігін қаперге берді.

«100 ПАЙЫЗ ДЕГЕНГЕ КІМ СЕНЕДІ?»

Облыстағы қаржылық жағдайды мәлімдеген қаржы басқармасының бастығы Б.Жылқыбаевтың айтуынша, бюджет кірістері 50 млрд. 867 млн. жоспарланып, нақты түсім 64 млрд. 764 млн. теңгені құраған. Атырау қаласы мен барлық аудандар облыстық бюджет түсімдерінің орындалуын қамтамасыз етіпті. Облыс бюджетінің шығыстары І жартыжылдықта 71 млрд. 198 млн. теңге көлемінде жоспарланып, 70 млрд. 934 млн. теңге игерілді, игерілмеген қалдық 264 млн. теңге құрады немесе 99,6 пайыз, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мен кредиттер қалдығы — 204 млн. теңге.
Алайда, ауылдарды көркейтуге берілген қаржы дұрыс игерілмей отыр. Атырау қаласы мен аудандарда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы арқылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына қаралған республикалық трансферттің игерілуі төмен. Мәселен, Атырау қаласындағы 16 ауылдық елді мекеннің проблемаларын шешуге 2013 жылға жоспарланған 45 669 мың теңгенің І жартыжылдықта 13 560 мың теңгесі немесе 30% -ы игерілген. Жылыой ауданындағы алты ауылдық елді мекеннің проблемаларын шешуге бөлінген 16 139 мың теңгенің тек 308 мың теңгесі немесе 2%-ы ғана игерілген. Басқа аудандарда да 15-30 пайыз аралығында.
— Біз Үкіметтен өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге қаржы сұрап, күнде барып, байланысып отырмыз. Ал, сіздердің бөлінген қаржыны игере алмай отырғандарыңызды қалай түсінеміз? Қаражат қай салаға да молынан бөлініп отыр, бірақ, сіздер соны пайдалана алмай отырсыздар. Әлде халыққа жандарың ашымай ма? Қазір нағыз жұмыс жасайтын шақ, табиғаттың да тамаша кезеңі. Оның үстіне, барлық мүмкіндік жасалып отыр, ендеше, неге қозғалыс төмен? Маған 15 күннің ішінде барлық жұмыстар бойынша нақты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Түсінбесеңіздер, сұраңыздар, оның айыбы жоқ, — деді өңір басшысы.
Өңірде «Ақбұлақ» бағдарламасы іске асып жатыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылық басқармасының бастығы А.Байшахановтың айтып өткеніндей, облыс ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Алайда, облыс әкімі бұл мәліметпен келіспейтінін білдірді. «Кейбір ауылдарда мүлдем су жоқ, ол қалай жүз пайыз қамтылады. Су беруді созғылап келе жатқаны рас. Ол мәселе әлі шешілмей келеді. Бүкіл елді мекенге ауыз су жетті деуге әлі ерте» деп тойтарып тастады.

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ – ҚАЗІРДЕН

Бұл бағытта Балықшының екі жылу қазандығын жөндеу қажеттігі айтылды. Оған қаржы қаралыпты, алайда, жұмыс жеткілікті деңгейде емес. Сол секілді, Индер ауданында да судың тапшылығы мен жылудың мәселесі әлі шешілмей отыр. Енді әр үйге дербес жылу қазанын орнату қолға алына бастапты. «Алайда, оның қауіпсіздігін қарау, бақылауда ұстау қажет» деді облыс басшысы. Сол секілді Қызылқоға ауданындағы әлеуметтік нысандарға жылу беруді кешіктірмеу қажеттігі де айтылды. Келіп тұрған игілікті пайдалану қажет.
Жиында сөз болған мәселенің бірі — мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы. Мәлім болғанындай, қазір құрылысы жүріп жатқан кейбір мектептер оқу жылына дайын емес. Сондай денсаулық сақтау нысандары да бар. Мұнда да жоғарыда айтқанымыздай, жобалық-сметалық құжаттамасы кеш не теріс дайындалған, субмердігерлердің жұмысы мардымсыз. Облыс әкімі бұл жұмыстарды мердігердің өзіне жасатуды талап ету және уақтылы аяқтауды міндеттеуді тапсырды. Сонымен қатар, балаларға ыстық тамақ беру үшін асханасы жоқ мектептерге жалғамалы құрылыс салу қажеттігін де қаперге берді.
— Біз жарты жылда жетістікке жеттік деп жайбарақаттыққа салынбауға тиіспіз. Көріп отырғанымыздай, кемшіліктер де аз емес. Сондықтан да, бүгінгі жиында айтылған мәселелерді, сын-ескертпелерді мұқият зерделеңіздер. Біз ел, халық үшін қызмет істеп отырмыз, сондықтан халықтың әл-ауқатын арттыруға, жағдайын жақсартуға, тұрмысын түзеуге жұмыстаныңыздар. Берілген қаржы мақсатты және толықтай игерілуі тиіс. Өз міндеттеріңізге асқан жауапкершілікпен қарап, тиянақты іс тындыруды талап етемін, — деді жиын соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button