ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙЫҚ!…
Ә.Құсайыновтың айтуынша, бірқатар әлем елдерінде экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған жұмыстар қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей, оған шамадан тыс күш салып жатыр. Табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік және биологиялық әртүрліліктің азуы табиғи ортаның, адамзат мекендеген айналаның құлдырауына алып келуі мүмкін.
«Адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда. Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», — деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Президенттікке кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың тынысы тарылып бара жатыр. Әдетте, өндіріс кезінде осы жерлерде тұратын халықтың мүддесімен қатар, онда өсетін бірегей өсімдіктер мен сирек кездесетін аңдардың қауіпсіздігі ескерілмей жатады. Бүгінде адам өз қолымен өзінің өмір сүретін кеңістігін шектеуде.
Сонымен қатар, «Молсервис» ЖШС ұжымының алдында Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Ольга Клишина да сөз сөйледі. О.Клишинаның айтуынша, адам әлемдік экожүйенің бір бөлігі екенін естен шығармауы тиіс. Ғаламшардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді. Әлемдік экожүйенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да қоршаған ортаның ластануынан туындаған проблемаларды сезініп отыр. Сондықтан, өскелең ұрпақ арасында табиғатты аялауға үндейтін насихат жұмыстарын күшейту керек.
***
Кеше ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласында «Қызылжар су» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.
Серіктестік жұмысшыларымен кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов экологиялық мәселелерді қамтыған өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды. «Бұл – экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат» деді ол.
Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді. Халықаралық қауымдастықтар мен мамандандырылған ұйымдардың атқарып жатқан экологиялық жұмыстары конференция, талқылаулар, шешімі жоқ даулармен ғана шектеліп отыр. Сол себепті, Ә.Құсайыновтың пікірінше, табиғат қойнауын тиімді әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу әр азаматтың басты міндетіне айналуы тиіс.
Ә.Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасының тағы бір маңызды бағыты – өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері. Кандидаттың айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз – өнім мен өндірістің қауіпсіздігі туралы, көп деңгейлі стандарттау мен сертификациялау туралы техникалық регламенттерді, нормаларды қатаң ұстану.
Сонымен қатар, «Қызылжар су» бірлестігінің жұмысшылары алдында республикалық штаб жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі. Ол экологиялық түйткілдердің маңыздылығына тоқталып, оны дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті.