ТАБИҒАТ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ
Еуропаның солтүстігінде орналасқан Исландия климатының суықтығына қарамастан, әлемнің түкпір-түкпірінен онда саяхатшылар сәт санап ағылып жатады. Өйткені, Исландияда әлемнің кез келген кереметімен салыстыруға келмейтін гейзерлер, сарқырамалар мен вулкандар бар. Олардың барлығы бір өзіне ғана тән сұлулығымен ерекшеленеді.
Мұздақтар мен вулкандарға толы Исландия поляр сызығының оңтүстік бөлігінде орналасқандықтан, мұнда поляр түні болмайды. Бірақ, «белые ночи» деп аталатын тамаша түндер туристерді таңдантудан талмай келеді.
Сарапшылар 2009 жылғы қаржы дағдарысының исландық кронаны белгілі бір деңгейде құнсыздандырғанын айтады. Бірақ, ел билігі бағаларды сол күйі сақтап қалуға қол жеткізген. Сол себепті де еуропалықтар үшін Исландияда демалу бұрынғыға қарағанда 30-40%-ға дейін арзандаған. Дейтұрғанмен, «шетелдік туристер таңдауының көп жағдайда Исландияға түсуі мұндағы тұмса табиғат әлемімен тікелей байланысты» дейді мамандар.
Исландияға негізінен субарктикалық климат тән. Сондықтан да, мамыр айынан қыркүйекке дейінгі кезең ғана туристік маусым саналады. Ал, қазан айы туысымен қонақ үй иелері ғимараттарды қысқа дайындай бастайды. Исландия үшін ең жылы уақыт шілде мен маусым айлары ғана. Бұл уақытта ауаның орташа температурасы +10-11°C-ді көрсетеді. Ал, егер ғайыптан тайып Исландияға басқа уақыттарда жолыңыз түсіп жатса, өзіңізбен бірге міндетті түрде жылы киімдерді ала кеткеніңіз абзал.
Исландия табиғатынан шағын ел болғанымен, онда «ең», «ең» деп көрсете айтатын жерлер жеткілікті. Мәселен, ең үлкен еуропалық сарқырама Деттифосс осы елде орналасқан. Еуропалық ең үлкен мұздақ Ватнайёкюдль де исландиялықтардың ұлттық мақтанышы саналады. Эйяфьядлайёкюдль, Хекла, Гримсвотн вулкандары да өзінің алыптығымен әлем жұртшылығын таңдантып келеді. Вестман аралдары мен Торсмёрк жазық даласы да ерекше назарды қажет етеді.
Исландияның ең әдемі жерлерінің қатарында Батыс Фьордтардың жағалауы да бар. Бұл жер таңырқатарлық сұлулығымен ерекшеленеді. Елдегі курорттық орындарға келсек, Тингвеллир табиғи саябағының орны ерекше. Мұнда әйгілі Тинга алқабы орналасқан. Елдегі ең ірі өзендердің бірі Тингвалаватен де осы саябақты кесіп өтіп жатыр.
Әлеуметтік саясаты
Исландия билігі үшін білім беру жүйесінің сапалы болуы ерекше маңызды. Одан кейін бұқараны әлеуметтік қорғау, баспанамен және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі тұр.
Бұл саясатты Исландияда әлеуметтік қызмет орындары жүргізеді. Түрлі мәселелер бойынша кеңес беру, қаржылай қолдау көрсету, балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қамсыздандыру, қарттарға, әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесу, баспанамен қамтамасыз ету, еңбекпен қамту, нашақорлар мен алкогольді ішімдіктерге салынғандарды қамқорлыққа алу сынды мәселелердің барлығы осы орындардың тікелей айналысатын жұмысы болып табылады.
Ал басты ерекшелік – жергілікті билік әр отбасыға қаржылай қолдау көрсетуге міндеттелген. Отбасылардың әлеуметтік жағынан құлдырауына жол бермеу мақсатында билік тарапынан займ немесе субсидия беріліп отырады екен. Және атап өтерлігі, қаржылай қолдауды алғаннан соң оны қарыз көріп бас ауыртудың қажеті шамалы. Өйткені, мұндай көмектің барлығы қайтарымсыз несие түрінде беріледі.
Елдің тарихы
Исландия жерін тұрғылықты мекен ретінде халықтың иемденуі IX ғасырдан басталады. Оған Норвегияның Харальд I-ші патшаның қол астына өтуі себеп болады. Харальд патшамен арада дүрдараз қатынасқа түскен көптеген отбасылар жаңа тұрғылықты мекен іздеуге мәжбүр болады да, осы аласапыранның соңы Исландияда мемлекеттік жүйенің қалыптасуына алып келеді.
1262 жылы Исландия Норвегиямен арада «ескі келісім» деп аталатын маңызды құжатқа қол қояды. Аталмыш құжат арқылы Исландия Норвегия королінің билігін мойындайды. Ал, бұл құжаттағы Норвегияның рөлі Исландияға жыл сайын бидай секілді гуманитарлық өнімдерді тұрақты түрде жіберіп отыру болған еді. Бірақ, Исландия үшін бұл құжат бейбіт өмір бастауы бола алмады. Өйткені, арада көп уақыт өтпей жатып, 1551 жылдың 23 ақпанында Исландияда күтпеген жерден дат билігіне қарсы көтеріліс басталады. Көтерілістің ойламаған жерден бұрқ етуіне исландық католик епископы Ион Арансонмен оның балаларының жазалануы себеп болған еді. Бірақ көтеріліс Исландияның ауыр соққының астында қалуымен аяқталады да, өз заманындағы қаһарлы дат королі Кристиан III-нің бұйрығымен шағын елде «тәртіп» орнатылып, исландық шаруалардың қару-жарақтары тәркі-леніп, зорлықпен тартып алынады. Күш теңсіздігінің нәтижесінде шағын Исландия мемлекетіне көршілес елдің короліне бағынудан басқа амал қалмайды. Кейін дат-норвег келісімінің күші жойылып, Норвегия мен Исландия біржола Данияның қол астына өтеді.
Елдің жүріп өткен тарихи жолын парақтай отырып, Исландияның тәуелсіздікке қол жеткізу жолында талай талпыныстарының басып-жаншылумен аяқталып отырғанын көруге болады. Азаттық жолындағы осындай күрестердің бірі 1918 жылдың 1 желтоқсанында Исландияны өз алдына дербес патшалық атандырады. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. Өйткені, төрткүл дүниені әлем тапырық еткен екінші дүниежүзілік соғыс Исландияның тағдырын жүз сексен градусқа өзгертіп жібереді. Ұлыбританияның, кейін АҚШ-тың қол астында ұзақ жылдар бодандықта болған ел 1944 жылдың 17 маусымында ғана толыққанды тәуелсіздікке қол жеткізеді.
Байланыс және көлік саласы
Қызығы сол, бұл елде теміржол дегеніңіз атымен жоқ. Есесіне, автожолдың ұзындығы 12 955 километрді құрайды. Өйткені, республикада көлік саны тым жоғары. Ресми емес мәліметтер бойынша, Исландияда жан басына шаққанда екі адамға бір көліктен келеді екен. Автомобиль жолынан басқа елде су жолы жақсы дамыған. Сауда кемелерінің жалпы тауар сыйымдылығы 192 мың тоннаны құрайды. Елде үш компания тасымалмен айналысады.
Білім және ғылым
Исландиядағы білім жүйесі әлемнің өзге елдеріндегідей төрт сатыдан тұрады. Балабақша (2-6 жас), бастауыш және негізгі орта мектеп (6-16 жас), жоғары орта мектеп (16-20 жас) және жоғары мектеп (20-23 жас).
Балабақшаға бару міндетті талап болып саналмайды. Елде мемлекеттік те, жекелеген де балабақшалар бар. Бастысы, мектепке дейінгі барлық мекемелерді муниципиалды органдар қаржыландыратындықтан, ата-аналар балабақша ақысының тек ең аз бөлігін ғана төлейді. Бұл жүйедегі бұқара үшін жасалған басты жеңілдік те – осы.
Негізгі орта білімді алу – заңмен бекітілген міндет. Мектеп атаулының барлығы мемлекеттің тікелей қамқорлығында болғандықтан, онда білім алу да тегін. Негізгі орта мектепте білім алу 10 жылға созылады. Қызығы сол, елде 1-7 сынып аралығы бастауыш білім саналатындықтан, балаларға барлық пән бойынша сабақты бір мұғалім ғана береді. 8-10 сынып аралығында ғана әр пән бойынша балалар үшін өз мұғалімі пайда болады. Тағы бір ерекшелік, балалардың білімі балдық жүйемен өлшенеді. 10 балл ең жоғарғы көрсеткіш саналады. Осылайша негізгі мектепті бітірген шәкірттер исланд, дат, ағылшын тілдері, математика және өзге де жаратылыстану пәндері бойынша сынақ тапсырып, он жыл бойына алған білімін таразыдан өткізеді.
Ал, толыққанды орта білімді алу үшін гимназиялар бар. Рас, онда білім алу жалпыға бірдей міндет емес. Бірақ, жарқын болашаққа ұмтылғандар көбіне жоғары орта мектепке жүгініп жатады. 16 мен 20 жас аралығындағы студенттер мұнда төрт жыл білім алады. Оқу бұл салада да тегін. Студенттер тек оқуға түсу жарнасын ғана өздері төлейді. Және қажетті кітаптарды да студенттер өз қалтасынан сатып алып отырады. Гимназияның ерекшелігі сол, мұнда негізінен төрт бағытта білім беріледі. Академиялық бағытты таңдаған студенттерге шет тілдері, жаратылыстану немесе әлеуметтік ғылымдарды тереңінен меңгеруге бағытталған білім бағдарламасын таңдау еркі беріледі. Кәсіптік-техникалық саладағы студенттерге теориялық біліммен қатар, мамандығына белгілі бір кәсіпорында іс жүзінде оқып үйренуге мүмкіндік беріледі. Ал, мамандандырылған кәсіби мектептер белгілі бір мамандықтар бойынша дайындық курсынан өткізеді.
Жоғары оқу орындарына талапкер түсу сынақтарын тапсырған соң ғана бара алады. Қазақстандық студенттер үшін басты жаңалық сол, Исландия мемлекеттік университетінде, Акуреири мемлекеттік университеті мен Исландия мемлекеттік ауыл шаруашылығы университетінде білім алу тегін. Студенттер тек оқуға түсу жарнасын төлеуге ғана міндеттеледі.
Экономикалық даму жолы
Сарапшылар Исландия экономикасының соңғы жиырма жылдықта ауытқымалы күй кешкенін айтады. Мәселен, 1996-2001 жылдар аралығында елдің жылдық экономикалық өсімі 3-5%-ды құраған болса, 2002 жылы бұл көрсеткіш 0,2%-ға дейін төмендеп кеткен. Осы кезеңдерде ішкі жалпы өнім 0,6%-дан аспаған. Алайда араға жыл салып, экономикалық өсім қайта көтеріліп, елдегі инфляция 5%-дан 2%-ға дейін қысқарған. Тағы бір атап өтерлігі, озық отыздықтың тізбегінде Исландия 2005 жылы 16-шы орында тұрған болса, 2006 жылы Исландияның позициясы екі сатыға жоғарылады.
Елдің экономикалық ахуалына келер болсақ, Исландияда «біздерде мынадай бар» дейтін тау-кен өндірісі мүлдем жоқтың қасы. Дейтұрғанмен, сарапшылар Исландияның екінші дүниежүзілік соғыстан соң өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуды лезде қолға алудан озғанын айтады. Мәселен, 1960 жылдардың өзінде-ақ Исландияда импортталған шикі алюминий жоғары қарқынмен өңделіп, құрылысқа қажетті дайын алюминий өнімі экспорттала бастады. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласы Исландияның атын әлемге шығарып отыр. Сала мамандары «Made in Island» маркалы аяқ киімдер, металл өнімдері, құрылыс материалдары, электр құралдары сынды өзге де түрлі тұтыну тауарларының жоғары сұранысқа ие екендігін айтады. Дейтұрғанмен, Исландия экономикасының негізгі тірегі балық шаруашылығы болып табылады. Бұл сала жалпы халықтың 12%-ын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұған қоса Исландия халқы кит аулаумен де айналысады.
Исландия деген уақытта ерекше атап өтер тағы бір жайт бар. Исландия энергетика саласы жағынан озық елдер қатарында. Бүгінгі таңда Исландия энергияны су көзінен алып отырған бірден-бір ел. Қазіргі таңда республикада энергия өндіретін алты су көзі бар.
Қарулы күштері
Атап өтер бір жайт, Исландияда тұрақты қарулы күш дегеніңіз жоқ. Тек әскерилендірілген жағалау күзеті ғана бар. Өзге әскери құрылымдар елде қарастырылмаған. Оған себеп – Исландияның қауіпсіздігіне НАТО ұйымының толықтай кепілдік беруі болса керек. Forbes журналының мәліметінше, Исландия әлем бойынша ең бейбіт, әрі тыныш, ішкі қақтығыстар орын алмайтын ел екен.
Сыртқы саясаты
Исландия НАТО ұйымының, Солтүстік кеңестің, Экономикалық әріптестік пен даму ұйымының, Халықаралық валюта қорының, Дүниежүзілік банк пен Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі бола тұра, Еуропалық Одаққа мүшелікке өтпеген. Оған себеп балық шаруашылығының ел экономикасының негізгі жетекші саласы болуы және балық аулауға мемлекет тарапынан арнайы квотаның бөлінуі. Солай бола тұра Исландия 2009 жылы Еуропалық Одақтың құрамына өту туралы өтініш тастады. Бірақ, өзара келісімдердің көңілдегідей орнамауы өткен жылдың желтоқсанында Исландияның өтінішін біржола кері қайтарды. Соған қарамастан, Еуропалық Одақтың белді мүшелері болып табылатын Ұлыбритания, АҚШ, Германиямен арада Исландия берік экономикалық қатынас орнатып үлгерді.
Сіз білесіз бе?
Әлемде халқы ең аз ел Исландия болып табылады. Бүгінде елде небәрі 321 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін мұндағы халық саны 50 мыңды құраған екен.
***
Кісі тегінің орнына Исландияда патроним қолданылады. Яғни, әкесінің аты. Құжатта кісі атынан соң фамилияны емес, әкесінің атын тіркету-заңмен міндеттелген талап.
***
Рейкьявикте, яғни ел астанасының тұрғындары бірін-бірі жақсы білетіндіктен, баспана атаулының есігі мүлдем құлыпталмайды екен. Көліктің кілті көп жағдайда есігі кілттенбеген автомобильде жататын болса, коляскадағы сәбилерін аналар дүкенге кірерде есік алдына алаңсыз тастап жүре беретін көрінеді.
***
Исландияның қысы жылылығымен ерекшеленеді. Қатты суық деген күндері термометр небәрі минус 6 градусты ғана көрсетеді. Есесіне қыс мезгілінде қараңғылық тым ерте түседі. Таң 10.30-да атса, кешкі сағат 16.00-да күн кәдімгідей кешкіріп, тастүнек қараңғы болады.
***
Исландия халқы түгелдей дерлік Фейсбукта тіркелген екен. Яғни, Исландия – әлеуметтік желілердегі ең белсенді ел. Ал, белгілі бір себеппен профайл ашпаған адам болса, оны да желіден оңай тауып алуға болады екен. Қалай дейсіз ғой? Бұл жағынан сізге www.ja.is сайты көмектеседі. Бұл сайтта исландиялықтар өздерінің аты-жөндерін, телефон нөмірлері мен тұрғылықты мекен-жайы туралы мәліметтерді өз еркімен енгізеді екен.
***
Исландия тілі соңғы 1000 жылда мүлдем өзгермеген екен. Сол себепті де ағылшын тілінде кездеспейтін әріптер исланд тілінде жиі көрініс тауып отырады. Ғажабы сол, кез келген исландық сонау викинг дәуіріндегі жазбаларды еш қиындықсыз оқи алады.
***
Жергілікті халық кітап оқығанды жақсы көреді. Кей деректер бойынша, әлемдегі кітапты ең көп оқитын ел – Исландия.
***
Исландияның тәртіп сақшылары тапанша, яғни қару атаулыны мүлдем ұстамайды екен. Өйткені, мұндай табельдік қару беруге заңмен тыйым салынған.
***
Исландия Парламенті (Альтинг) әлемдегі ең ежелгі заң шығарушы орган болып табылады. Бүгінде оның 63 мүшесі бар.
***
Исландия әлемдегі ең үлкен вулканды арал болып табылады. Сондай-ақ, Исландия – орман атаулыдан мүлде ада ел. Ағашы көп өскен жерлер Исландия территориясының 1% -ын ғана құрайды.
***
Исландияда вулкан көп болғандықтан, олардың отыздан астамын геотермальды энергия өндіру үшін қолданады екен.
Мәдениеті
Исландия мәдениеті ежелгі Скандинавия дәстүрінен бастау алады. Соның әсері болуы керек, ел арасында сага үлгісіндегі шығармалар анағұрлым танымалдыққа ие. Өйткені, бұл жанр адамдар аралды тұңғыш мекен ете бастаған кезеңде жазылған. Ал, қасиетті Библия кітабының исланд тіліне сонау XIV ғасырда аударылуы халық әдебиетінің адамгершілік, имандылық, жүрек тазалығы сынды тақырыптарды кеңінен қозғауына мүмкіндік туғызды.
Күні бүгінде исландиялық Халлдор Кильян Лакснесстің есімі дүниежүзіне талантты романист, әрі эссе жанрының шебері ретінде танылып отыр. Оның шығармалары бір жылдары Нобель сыйлығын да иеленді. «Дауыл» шығармасымен талайды тәнті еткен жазушы Эйнар Карасон да өз елінде әжептәуір танымалдыққа ғана емес, зор құрметке де ие. Жазушының аталмыш шығармасы Солтүстік кеңестің, Исландияның арнайы әдеби сыйлығына лайық деп танылып, туынды әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Исландияның кинематография саласы шынайы өмірге өзіндік көзқараспен келуімен ерекшеленеді. Осы жағынан алғанда исландиялық режиссёр Фридрик Тор Фридрикссонның есімін ерекше атауға болады. Оның режиссерлығымен түсірілген «Дети природы» фильмі әлемдік деңгейде жоғары бағаланады. Осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан сарапшылар кино майталмандарының ішінен Бальтазар Кормакурды («101 Рейкьявик», «Свадьба белой ночью»), Арни Олафур Асгейрссон мен Дагура Кариді («Ной — белая ворона») ерекше атайды.
Елдің ақпарат айдыны сапырылысқан газеттерге, арналарға толы емес. Бұқаралық ақпарат құралдары саусақпен санарлық деуге болады. Біздіңше, Исландияның ақпарат айдынын ерекшелеп тұрған нәрсе де – осы. Мәселен, елде жылына 400-ге жуық газет пен журнал шығарылады. Бір қызығы, бұл елде небәрі 35 түрлі газет тұрақты шығарылып отырады екен. Күні кешеге дейін бұл Исландияда бір ғана радиостанса жұмыс істеп келген болса, бүгінде олардың саны үшеуге дейін толықты.
Ал, теледидар арқылы хабар тарату Исландияда 1966 жылы ғана қалыптасты. Бүгінде елде 14 телевизиялық станса жұмыс істейді. «Шекарасыз репортерлар» халықаралық ұйымының пікірінше, осындай шағын құрылыммен ғана халқын ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған исландиялық БАҚ-та сөз бостандығына мейлінше жол ашылған.
Туризм
Халықтың жартысынан астамы елдің бас қаласында тұратындықтан, Исландия территориясының көп бөлігі жан баспаған елсіз дала күйінде жатыр. Бірақ, ел осынысымен ерекше. Рейкьявиктен жиырма минуттай жүргенде сіз қалалық шудан кәдімгідей алыстап, Исландияның тұмса табиғат әлемімен оңаша қаласыз. Мұздақтар, ландшафттар мен өзен-көлдер – туристерді магнитше тартып тұратын дүниелер де осы. Өйткені, Исландия табиғаты бір өзіне ғана тән ғажайып сұлулығымен ерекшеленеді.
Исландия өзендерінде туристер әдетте, балық аулап, суда жүзетін болса, таулары – жаяу жүруді жаны сүйетін саяхатшылар үшін таптырмайтын орын. Әдетте, бұл жерде альпинистер мен шаңғышылар, тіпті, итшанаға мініп серуендеуді ұнататын саяхатшылар да көп жүреді. Сарапшылар Исландияның экстремалды спорт үшін таптырмайтын мекен екенін де айтады. Бір сөзбен айтқанда, қала шуынан шаршағандар үшін Исландия – таза табиғат әлемінде тыныстайтын тамаша орын.
Егер Исландияға жолыңыз түсіп жатса, онда елге өзіңізбен бірге міндетті түрде мына бір заттарды ала келіңіз. Әдетте, туристер таңдауы Исландияда жасалған тоқыма жейделерге, викингтер дәуірінен сыр шертетін кәдесыйларға, трольдердің шағын мүсіндеріне, лавадан жасалған өнімдерге түсіп жатады.
Тұжырым
Исландия – жоғарыда айтқанымыздай, халық саны жағынан ең шағын мемлекет. Исландияның озық отыз елдер легінен көрінуіне бір жағынан, халықтың аздығы және олардың түгелге дерлік жұмыспен қамтылуы да ерекше әсер етсе керек. Тағы бір астын сызып айтар мәселе, Исландияның өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуды сонау ерте кезеңдерден қолға алуы көп жағдайда шешуші рөл атқарып отыр. Және табиғат байлықтарын мейлінше ұқсатып пайдалануға деген құштарлық та мемлекет дамуына оң әсер етуде. Айталық, энергияны су көзінен алу, вулкандарды геотермальды энергия өндіру үшін қолдану сынды жаңашылдықтар көп жағдайда ел экономикасын көршілес елдердегі жағдайға деген тәуелділіктен құтқарып келеді.
Қосымшаның редакторы
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Байланыс телефоны: 45-84-01
e-mail: atyrau_gazeti@mail.ru