Жарнама
Саясат

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы, ғалым: БАР ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

 

Қазақстанның батысында, наурыздың 14-інен «Көрісу» аталатын тамаша дәстүр басталып, Ұлыстың ұлы күнімен жалғасады. Бұл дәстүрдің батыс өңірінде жақсы сақталып қалуының себебі осы өлкенің кезінде астана  болуында. Көрісу сонау ғұндар дәуірінен басталып, түрік, Алтын Орда дәуірі арқылы бүгінгі күнге жетіп отыр. Көрісу кезінде көрісуге дейін соққан жел мен аяздың лебі басылады, жерден көктің керемет иісі шығып, ызғар жердің бетіне шығады деседі. Тіршілігін жермен байланыстырған көшпелі қазақтар Наурыздың ерекшелігін жете түйсінген. Көне Қытай жазбаларындағы көшпенділерге қатысты деректер көптеп кездеседі. Яғни, «…олар Наурызда жиналады. Үлкен той жасайды, бір-бірінің амандығын сұраса келген ел көрісіп, ата-баба рухына бағыштап ас береді» деп жазылған. «Ескі айда есірке, жаңа жылда жарылқа», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп өткен көшпенділер қыстың қиыншылығынан аман өргеніне қуаныпты.

Ал, біз бүгінде Наурызға жаңа жыл деп қана қараймыз. Сондықтан да, біздің алдымызда Наурыздың түпкі маңызын ашу міндеті тұр. Жалпы, жылды отбасымен қарсы алған дұрыс. Наурыз – әр отбасының, тіпті, тұтас елдің амандығының белгісі. Христиандар неге «жаңа жылды әркім өз үйінде қарсы алуы керек» дейді? Өйткені, жақсылықтың бастауы жаңа жылда жатыр. Сондықтан да, Наурызды отбасымен қарсы алу қажет. Салт-дәстүрлеріміздің мәнін ашу арқылы Наурыздың маңызын тереңдетуге тиіспіз.

Бұл күнді халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп, айрықша қуанышпен, үмітпен күткен. Бүкіл жер-дүние, айнала табиғатқа тіршілік лебі жеткен Жаңа күн мен Жаңа жылдың бастауында тұрып, қытымыр қыстан аман шыққанына Жаратқанға тәуба қылған. Қуанған. Алдағы күннен тілек тілеген. Жеті түрлі дәмнен көже қайнатып, дастарқанына барын салған жұрт ағайын-туғанмен қуана көрісіп, ойын-сауық, өлең-жырдың тиегін ағытқан. Сөйтіп, мерекелік көңіл-күйге бөленіп, бір жадырап қалатын болған. Осы дәстүрді әр отбасы өзінің шаңырағында тойлап, ұрпағының жадына сіңіре бергені жөн. Наурыз көже ішіліп, дастархан басында жақсы тілектер айтылатыны анық. Яғни, жастарда Наурыз көже берілген дастархан басында айтылған тілектер қабыл болады деген ұғым қалыптасады.

Сондай-ақ, мерекені тойлау барысында ұмытылып бара жатқан «Селтеткізер», «Ұйқыашар» ырымын жасап, жастар арасында оны жақсы дәстүрге айналдырса да артық етпейді. Наурызда да адамдар бір-біріне сыйлық жасайтын болса, оның еш сөкеттігі жоқ. Әсіресе, ол кішкентай бүлдіршіндерді қуанту үшін аса қажет тәрізді. Жаңа жылды әрбір бала түрлі сыйлықтар алу үшін асыға күтеді десек, Наурызда да балаларды қуанту  шараларын  ұйымдастырсақ, оның мәнін арттырар едік.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button